Қоғам • 08 Маусым, 2024

Жетімнің жайын ұғар кім?

143 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бала құқын қорғау мақ­са­тында жетімдер үйі­нің санын қысқартуды қолға алға­ны­­мызға да біраз жыл болды. Же­ке­­­ле­­ген құқық қорғау ұйым­­­­дарының ұсынысы не­­гізінде орталықтағы бала­л­ар отбасылардың қамқорлығына беріліп келеді. Жетімнің саны қа­ғаз жүзінде азай­ға­­ны­мен, асырап алған отба­­сы­нда қиындық көріп, басынан таяқ арыл­маған балалар туралы да жиі айтыла бас­тады.

Жетімнің жайын ұғар кім?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

5 мың қамкөңіл бала

Статистикаға сенсек, қазір елімізде жетім және ата-ана қамқор­лы­ғынсыз қалған балалардың саны бес мыңға жуықтайды. Бала асырап алушылардың ке­зегі одан көп. Бақытты бала­лық шақ отбасында өткені дұрыс-ақ. Бұл ретте өзгенің баласын өзекке теппей, бауырына басқысы келетіндердің саны артып отырғаны қуантады. Бірақ статистикаға қарап, бөрікті аспанға ату ерте. Себебі мемлекет қамқорлығынан алын­ған балалардың барлығы бірдей ата-ана мейірімін көріп, шекесі шылқып жүр деуге келмейді. Бұдан бөлек, балаларды кері қайтарып беретін отбасылар да бар. Аманат етіп алған баласына азғындық көрсе­тіп, тағдырын талқандап, асырап алған отбасының отымен кіріп, күлімен шығатыны туралы да жиі естіп жүрміз.

Негізінде, заң жетімнің құқығын қорғауға толығымен дайын. Осы күні балаларды асырап алатын ата-аналарды түрлі тексерістен өткізетін орталықтар жұмыс істеп тұр. Қосымша төрт жылдан бері әлеуетті асы­рап алушыларды міндетті психо­ло­гия­лық-педагогикалық даяр­лау қоса енгізілді. Әйтсе де, осынша тексерістен өтіп, арнайы сертификат алған соң, баланы таяқтың астына алу оқиғалары азаймай тұр. Бір айта кетерлігі, бала асырап алуға саналы түрде барып, артынша ойынан айнып қалатындарға ешқандай жауапкершілік қа­рас­тырылмаған. Бала асырап алушылардың қара тізіміне ен­гізілмесе, мемлекет берген біржолғы жәрдемақыдан бөлек, ай сайын төленетін қаражатты қайтаруға да міндеттелмейді.

 

Қорғаншылықтағы қиын өмір

Қазір үш жыл ішінде алты баланы асырап алып, оларға зорлық-зомбылық көрсеткен Шымкент тұрғыны заң алдында жауап беріп жатыр. Жаға ұстатар осы оқиғада қамқоршылық ор­ган­дары бала асырап алуға ар­­налған құжаттарды дайындап бергенімен, одан кейінгі өмірі қалай өріліп жатқаны қызықтырмаған секілді. Өйткені осы жылдарда олар балаларды асы­рап алушылардың үйіне бірде-бір рет бас сұқпаған. Балалардың өздері тиісті орынға хабарласып, көмек сұрамағанда тастанды балалардың азапты күндері жалғаса берер ме еді, кім білсін. Соның өзінде асырап алған ұлын ер адам балалар үйіне хабарласқаны үшін аузына ат ауыздығын салып, соққыға жыққан. Жылдар бойы жетімдер мұндай тепкінің астында талай рет қалған. Сұраушысы жоқ балаларға үйдің бүкіл тірлігін істетіп, ит пен өлген малдың етін жегізген. Суық еденде ұйық­тат­қандарын былай қойғанда, қожайын нәжісін балалардың бетіне жағып, зәрін ішкізген. Тіпті түннің бір уағында оятып, малдың соңына салған асырап алушылардың салған тән жара­қаты жазылғанымен, жан жарасы жазылар ма екен?

Биыл асырап алған анасы­нан қорлық көрген тоғыз жастағы балдырғанның да басын­дағы оқи­ға­ға қабырғасы қайыс­паған жан жоқ. Көптің жаға­сын ұстатқан бейнежазбада шашының жартысы түсіп, мойны мен құлағы жарадан көрінбейтін балдырған асырап алған анасынан көрген қорлығын тізбектеп айтып беріп отыр. Тоғыз жасар Раминаны Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз аулындағы мектептің бірінде география пәнінен сабақ беретін әйел асырап алған. Сондай-ақ биыл Жезқазған қаласында да патронаттық тәрбиедегі 3 баланың қорлық көріп келгені анықталды. Екі жыл бұрын Алматы облысының Іле ауданында да ерлі-зайыпты асырап алған балаларын ұрып-соғып жатқаны түсірілген бейнежазба тараған. Көршілердің айтуынша, мұндай жағдай бұл отбасында жиі болады. Балалардың жан даусын естіген олар бірнеше рет тиісті органға да хабарласады. Алайда жетімдердің тағдырына жауапты білім бөліміндегілер шара қолдануға құлықсыздық танытып келген.

Әрине, патронаттыққа алған отбасы­лардың барлығына топы­рақ шашудан аулақпыз. Олар­дың арасында да үлгілі әке, мейі­рімді ана болып отырғандар көп. Бірақ балаларды жұмыс күші ретінде пайдаланып жат­қан отбасылар туралы жиі айтылуы жақсылық емес. Соның ішінде асырап алған отбасы­лар­да қыз балаларға зорлық көрсет­кен жағдайлар да бар. Өзекті өртейтіні сол, ата-ана қамқор­лы­ғын­сыз қалған балалар екі оттың ортасында қалып қойды.

 

Қамқоршылық қызметкері қат

Жуырда Парламент Мәжілі­сінің бір топ депутаты жетім­дер­­­дің жайын тағы қозғады. Тағы деп отырғанымыз, бұған дейін де олар қор­ған­шылық және қамқор­шы­лық, бала құқықтарын қорғау қыз­мет­терінің жай-күйі туралы мәселені бірнеше рет көтерген. Депутаттардың айтуынша, елдегі бала құқығы Конс­титуциядан бас­тап бір­қатар заңмен реттеледі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен жалпы қоғамның назарында болғанына қарамастан, отбасы қамқорлығына алынған бала­лардың аянышты тағдыры азаймай тұр.

Осыдан аз ғана уақыт бұрын депутат­тардың келтірген дере­гінде республикадағы 22 081 жетім және ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған бала­ның 18 291-і отбасыларда тәрбие­ле­ніп отырғаны айтылды. Оның ішінде қорғаншылық және қамқоршылықта –16 197, пат­ронаттық тәрбиеде – 1 743, пат­ронаттық тәрбиеге алын­ғандардың саны – 351. Алайда күні кеше министрлік өкілдерінің журналистерге берген баспасөз брифингінде бұл сан әлдеқайда азайған. Мәселен, соңғы статистикада елде 21 387 жетім баланың 17 660-ы ғана отбасыларда тәрбиеленіп жатқаны келтірілген. Бұған қоса жыл сайын отбасына 1000-нан астам жетім бала қабылданатыны, ал Тәлімгерлік институты енгізіл­гелі елде 300-ден астам адам жетім балаларға тәлімгер бол­ғаны келтіріледі. Демек бұл ста­тис­тика асырауға берілген балалардың орталыққа көбіне кері қайтарылатынын көрсетіп беретін сыңайлы. Айтпақшы, осынша баланың жай-күйін қадағалауға тиіс қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің республика бойынша штаттық саны небәрі 421 маманды құрайды. Соның ішінде 263-і – мемлекеттік қызметшілер, 158-і – әдіскер. Яғни елімізде 1 қызметкер 17 мың баланың тағдырына жа­уапты. Ал Астана, Алматы, Шым­кент қалаларында және Алматы, Түр­кістан облыстарында бір қыз­мет­керге 30-дан 100 мыңға дейін бала келеді. Қорғаншылық мамандарының негізгі қызме­ті­нен бөлек, қосымша жұмысы көп. Бұдан басқа мамандар ұзақ сот үдерістеріне қатысады. Соған қарамастан қызметтік көлігі, корпоративтік байланысы және бейнежазбасы жоқ олардың жұмыс күні тұрақты емес. Түнгі уақыт, демалыс, мереке күндері жұмысқа шық­қаны үшін ақы төленбейді. Тіпті қауіпсіздігі қамтамасыз етіл­мей­тін мамандардың кейбір кездері қолайсыз отбасылармен жұмыс істеу кезінде өз бастарына қауіп төнген жағдай жиі кездеседі екен. Сондықтан депутат Ажар Сағындықова мем­лекеттің қорғаншылық және қамқоршылық органдарының проблемаларына қатынасын қайта қарау керек екенін айтады. Бұл қызметкерлердің қызметі мен лауазымдық міндеттері туралы ережелерді түбегейлі қайта қараудан басталып, осы ұйымдардың штатын ұлғайту уақыт күттірмеуге тиіс екенін жеткізген ол: «Ата-аналардың асырап алған балаларына де­ген қарым-қатынасының дұ­рыс емес екенін көп естиміз. Бала­лардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Біз әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы заңды өзгерттік. Алайда балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағ­дайын бақы­лау­ды екі есе күшей­ту керек», дейді.

 

Қадағалаушыға сын көп

Елдегі қорғаншылық және қам­қоршылық өкілдері өз жұ­­мы­сын жоғары деңгейде атқар­са, жетімнің ақысын жеп, тас­­тан­д­ылардың тағдырын бұлай талқандауға жол беріл­мес еді. Адвокат Тілеужан Кіш­кене­баевтың айтуынша, қолданыстағы заңға сәйкес туыс­қан­дардың тәрбиесінде қалған  балаларды да жиі тексеріп, құқығы бұзылса, орталыққа қайтару керек. Өкінішке қарай, елдегі кейбір қорғаншылық ұйымдарының салғырттығы ерлі-зайыптыларды соттасуға дейін жеткізіп, негізсіз ата-ана құқығынан айыруға дейін апарып жатады. «Ал бала­ның алдында жауап­кершілік алып, асы­рап алуға саналы түрде бар­ған адамдардың жаға ұс­татар сұмдықтары өңірлердегі уәкі­летті органдардың тиіс­ті деңгейде тексеріс жүргізбе­ге­нінен туындап отыр. Қазір құлдықта ұстау үшін бала асы­рап алған жағдай да жиі кезде­се­ді», дейді заңгер.

Оқу-ағарту министрлігі Бала­лар­­дың құқықтарын қорғау коми­­тетінің төрағасы Насымжан Оспанова «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес бала асырап алушылар бала 18 жас­қа толғанға дейін жылына ке­мінде бір рет қорғаншылық немесе қамқоршылық органдарына өмір сүруі, оқуы, тәр­бие­ленуі мен денсаулығына қатысты есеп беруге тиіс еке­нін айтады. Осы заңда ата-ана құ­қынан айырылмаған немесе шектелмеген, тұрақты тұратын, сотталмаған, нарколог, психологтің есебінде тұр­майтын, табысы мен баспанасы бар адамдар ғана бала асырап алуға болатыны да тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондай-ақ бала асырап алушылар мін­дет­ті түрде психологиялық да­йын­дықтан өтуі керек. Бала асы­рап алушыларға қойылатын талап­­тар кодекстің 91-бабында регламенттелген.

Тиісті мекемелердің дайын­дығынан өткен асырап алушы­лар­дың айуандық әрекеті тек­серістің үнемі талапқа сай өтпей­тінін көрсетеді. Мысалы, биыл ақпанда Шымкент қала­сын­да қамқорлыққа алынған бала өзінің бұрынғы балаларды қол­дау орталығының тәр­бие­ші­сі­не 5 жас баланы ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, қорлаған қамқоршысына шағымданған. Сәуірде Ақмола облысында пат­ронат тәрбиешісі 5 баланы жүйелі түрде ұрып-соққан. Сұмдығы сол, балалардың біреуі бірнеше жыл бұрын қайтыс болғаны былай тұрсын, асырап алушылар баланың мүрдесін көкөніс бақшасында жерлеген. Алматы облысында да 5 жылдан астам уақыт патронаттық тәрбиеге берілген 10 бала қатыгездікке ұшырап келген. Осы оқиғалардың барлығында зорлық болған отбасыларға қамқор­шылық және қамқор­шылық бөлімдерінің мамандары тексеріс жүргізіп, ба­лаларға қатысты зорлық-зом­­былық фактілерін таппай жүрген. Сырттай жүргізілетін мұндай қадағалау жалғаса берсе, жетімдердің басынан әлі таяқ арылмайды. Бала­лар үйіне жүргізілетін тексеріс тәртібінің өзгертетін тұсы көп. Айталық, орталыққа тексеріс келетіні ресми түрде айтылуы керек. Бұл уақыт ішінде орталық өкілдері сақадай-сай дайындалып алары анық. Дәл сол секілді асырап алушылардың отбасында да жарты жылда бір рет жүргізілетін тексеріс тиімді болып отырған жоқ. Жылына бір рет келетін тексеріс 10 күн бұрын хабарланады екен. Осы он күн ішінде отбасында «түсіндіру» жұмысы жүретіні заңдылық. Демек балалармен сенімді қарым-қатынастың орнатылмауы асырап алушылардың ойына келгенін істеуге септігін тигізеді. Себебі сұраушысы жоқ жетім­дерді өзге елдердегідей бала құ­қы­ғын қорғайтын ұйым­дар­дың қызметкерлері тәулік бойы бақылап отырмайды.

Соңғы жаңалықтар

Судан да сақтану керек

Қоғам • Бүгін, 22:35

Керек дерек

Digital • Бүгін, 09:50

Отандық жаңа зауыт іске қосылды

Экономика • Бүгін, 09:50

«Мен – Отан қорғаушымын!»

Байқау • Бүгін, 09:40