Саясат • 11 Маусым, 2024

Қазақ-корей байланысының жаңа кезеңі

63 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 11-13 маусым күндері Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльдің елімізге мемлекеттік сапары өтеді. Сапар барысында екі ел басшыларының келіссөзі және қазақ-корей бизнес-форумы жоспарланған. Сонымен қатар келіссөз аясында екі елдің ынтымақтастығын нығайту мақсатындағы құжаттарға қол қойылады.

Қазақ-корей байланысының жаңа кезеңі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Барыс-келіс бастауы

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қатынастар сонау тәуел­сіздіктің елең-алаңынан бас­тау алады. Қос елдің халықаралық дипломатиялық байланысы 1992 жылы орнаған. Сол жылдың 28 қаңтарында басталған екіжақты өзара ынтымақтастық осы күнге дейін түрлі салада қарқынды дамып келеді.

Қазақстан Президенті Оңтүстік Кореяға бес мәрте мемлекеттік сапармен барды. 1995 жылы мамыр айындағы сапар аясында қос тараптың екіжақты қарым-қаты­нас­тарының шарттық-құқық­тық негізі қаланды.

Келесі жылдың қыркүйек айында Кореяның сол кездегі Президенті Но Му Хённің Қазақстанға жауап сапармен келіп, бейбіт атом энергиясын пайдалануға және байланыс пен ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастыққа қатысты келісім­дерге қол қойылды, энергетика және минералдық ресурстар сала­сын­дағы өзара түсіністік және ын­ты­мақтастық туралы меморандум орнатылды.

2019 жылғы 21-23 сәуірде Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Корея Республикасының Прези­денті Мун Чже Ин елімізге мемлекеттік сапармен келіп, елдер арасындағы стратегиялық әріптестікті орна­ту­дың екіжақты ынты­мақ­тас­тығының дамуын қанағат­танғандықпен атап өтті.

Одан кейінгі дипломатиялық байланыстар әр жылдардағы түрлі экономикалық бизнес форумдарына ұласып, парламентаралық ынтымақтастықты қоса алғанда әлі күнге дейін жоғары деңгейде деле­га­циялардың алмасуы белсенді жүзе­ге асып келеді.

2022 жылы президенттікке сайланған Юн Сок Ёльдің мемлекет басшысы ретінде біздің елге бұрын жолы түспеген. Дегенмен былтыр қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-дағы жұмыс сапары Корея Респуб­ли­касының Президенті Юн Сок Ёльмен кездесумен жалғасқан бола­тын. Әңгімелесу барысында қос президент қазақ-корей стра­те­гия­лық серіктестігін одан әрі дамыту келешегін талқылады.

Қазақстан Президентінің айтуынша, 2022 жылы екіжақты тауар айналымы 6 миллиард дол­лар­­дан асып, тұрақты өсім бай­қал­ған. Соны­мен қатар корей ком­­па­ния­ла­рының Қазақстан экономикасына салған инвестиция­ла­рының жалпы көлемі 8 миллиард дол­лардан асып, еліміздегі ең ірі 10 ин­вестордың қатарына нық сенім­мен орныға алған.

Жалпы, бүгінде елімізде 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Әсіресе еліміздің нарығында KIA, «Hyundai», «Samsung», LG және басқа да компаниялардың жұмы­сында белсенділік бар.

Әлемдік автомобиль өндірісі көшбасшыларының біріне айналған KIA корпорациясы 2025 жылы Қос­танайда зауыт салмақ ниетте. Жоба­ны жүзеге асыруға корпорация 90 миллиард теңгеден астам инвес­ти­ция құйғалы отыр. Онда 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жос­пар­ланған.

Әйгілі зауыт қазақ жерінде жылына 70 мың автомобиль шығаруды көздеп отыр. Оның ішіндегі 50 мың автомобиль ұсақ бөлшектерден құрастыру әдісімен өндірілмек. Осы арқылы жергілікті өнім үлесі барынша жоғарылай түседі.

Биыл 23 сәуірде Астанаға келген KIA корпорациясының президенті Хо-сунг Сонг Ақордадағы қабыл­дау­да Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоға­рыда аталған автомобиль шы­ға­ратын толық циклді зауыт құры­лысының барысы туралы айт­қан болатын. Оның айтуынша, корпорация көліктің қосалқы бөлшектерін әлемдік деңгейде өндіретін компанияларды да біздің елге тартпақшы. Осы бағыттағы жұ­мыстар аясында зауыт салу жө­нін­де келісімге қол қойылған.

 

Экономикалық алыс-беріс

Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің мәліме­тіне сүйен­сек, Қазақстанның Оң­түстік Корея нарығына жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асатын 90 түрлі өңделген тауар экс­портын ұлғайту мүмкіндігі бар. Бұл туралы былтыр Сауда және ин­тег­рация бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрі Ан Дук Гынның кездесуінде мәлім болған.

«Біздің тауар айналымы құры­лымында экспорттың үлесі басым және экспорттық қоржын­ды әртараптандыруға мүдделіміз. Кореялық кәсіпкерлер отандық конди­терлік өнімдер мен сусында­ры­мызға қызығушылық танытып отыр. Жалпы, тамақ өнеркәсібінде біз экспортты қазіргі 10 миллион дол­лардан 115 миллион долларға дейін ұлғайта аламыз», дейді Айжан Бижанова.

Жалпы, Оңтүстік Корея еліміз­дің экономикасына инвестиция салатын алғашқы 10 елдің қатарына кіреді. Яғни Корея – Қазақстанның ең әлеуетті сауда-экономикалық және инвести­циялық серіктестерінің бірі.

Өткен жылдың соңында өзара тауар айналымы 2,3 есе өсіп, 6,1 миллиард доллардан асты, был­­тырғы жылдың сегіз айында Қазақ­стан мен Корея арасындағы сау­да көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7 па­йызға артып, 4,6 миллиард долларды құраған болатын. Қазақстан Оңтүстік Кореяға негізінен шикізат, оның ішінде мыс пен мырыш металдарын экспорттайды. Ал кореялық компаниялар сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық аясында Қазақ­станның мұнай өнеркәсібі саласында табысты жұмыс істеп келеді. Еліміздегі кен орындарын зерттеу бағытындағы корей Кон­сор­циумының құрамына 6 компания кіреді.

 

Жібек жолының жаңғырығы

Корея билігінің хабарлауынша, Президент Юн Сок Ёль 10-15 маусым күндері біздің елге ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан мен Түрікменстанға да мемлекеттік сапармен барғалы отыр. Ёль мырзаның алдағы сапары туралы ресми хабарламада Орталық Азия ежелгі Жібек жолының не­гізгі бөлігі болғаны, бұл өңір Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық орын екені айтылған. Сондай-ақ Украина мен Таяу Шығыс төңірегіндегі геосаяси ахуал сынды соңғы саяси да әскери дағдарыстардың әсерінен Орталық Азияның өңірлік маңызы артып келе жатқанына тоқталыпты.

Қысқасы, осы сапар арқылы Оңтүстік Корея Орталық Азияға ар­налған аймақтық Жібек жолы стратегиясын жариялап, осы апта­дағы сапар бағытын Түрік­менстан, Қазақстан және Өзбекстанға бұр­мақшы.

Кореяның түпкі мақсаты – Орталық Азияның бес елінің қаты­суымен саммит құрып, «Корея – Орталық Азия Жібек жолы» деп аталатын аймаққа арнал­ған жаңа дипломатиялық стра­тегия­сының бір бөлігі ретінде келесі жылы Сеулде алғашқы кездесуін өткізуді көздеп отыр. Бұл туралы өткен жұмада Сеулде өткен баспасөз брифингінде айтылды. Сондай-ақ бұл саммит өткен жылғы Корея-Тынық мұхиты аралдары саммитінен, осы айдың басында өткен Корея-Африка сам­митінен кейінгі Юн үкіметінің дипломатиялық бағытын кеңейту жолындағы келесі қадамы болмақ. Саммит Корея және Орталық Азия елдерімен серіктестіктің жаңа плат­формасын құруды көздейтін «Жібек жолы бастамалары» жобасы аясында өткізілмек.

Ал 27 мамыр күні еліміздің Корея Республикасындағы елшісі Нұрғали Арыстанов Кореяның белді ақпараттық порталдарының бірі «The Korea Times»-қа берген сұхбатында Қазақстан мен Корея өте жақын достық қарым-қатынастағы елдер екенін және арадағы жоғары деңгейдегі страте­гиялық әріптестік нығайып келе жатқанын атап өтіпті. «Біз мұндай ынтымақтастық деңгейін санаулы елдермен ғана орнықтырамыз, ал Корея – біздің ең маңызды стратегиялық серіктес­теріміздің бірі», дейді Н.Арыстанов.

Елші сұхбатында экономикалық ынтымақтастық Корея-Қазақстан әріптестігінің негізгі өзегі болып отырғанын атап өтіп, екі ел арасындағы былтырғы тауар айналымының 6 миллиард дол­ларға жеткен межесін маңызды кезеңге балапты.