Экономика • 11 Маусым, 2024

Креативті индустрия қалай дамып жатыр?

78 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда  экономиканың басым бағыттарының біріне  айналып отырған креативті индустрия – қаржының ерекше саласы. Ол біраз елдерде мемлекеттік қолдауға ие болып, нарықта ІЖӨ-ге қосқан үлесі 3%, ал кейбір дамыған елдерде 10-12%-ды құрайды, деп жазады Egemen.kz.

Креативті индустрия қалай дамып жатыр?

Жалпы  бізде  ұлттық экономиканы дамытуда өзіндік үлесі бар креативті индустрияның сәулет, сән, өнер, музыка, дизайн, кино, IT-технологиялар мен  халық қолөнері секілді  шығармашылық бағыттары жұмыс істейді. Бұған дейін аталған  экономиканың нақты анық­та­масы мен тізбесі болмаған.  Тек Үкіметтің өткен жылғы  6 маусымдағы №448 қаулысымен осы  қызмет түрлерінің тізбесі бекі­тіл­ді. Оған 43 экономикалық қызметтің жалпы жіктемесі енгізіліп,  32 мың кәсіпкерлік субъектісінде 300 мыңға тарта   адам жұмыс істейді. Негізгі капиталға салынған инвес­тиция 35 млрд теңгеге жуық болса, ел экономикасына қосқан үлесі – шамамен 2,7%.

Жалпы келер  жылға дейінгі ұлт­­тық даму жоспарында  жаңа жұмыс орындарын құрып, креативті де білімді жастарды жұмыспен қамту міндеттері көзделген еді.

Оған қоса, Ұлттық экономика министрлігі креа­тив­ті индустрияны дамытуда  ІЖӨ-ге салымды  3%-ға, жұмыспен қам­тылғандардың үлесін 4%-ға дейін ұлғайтып, шағын және орта бизнес санын 80 мың бірлікке дейін жеткізуге, сонымен қатар өнім экспортын 200 млн долларға арттыруға мүмкіндік беруге тиіс деген болжам жасайды. Қалай десек те  алдымыздағы жылы  креативті индустрияның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі 5%-ға­­­­ жетуі керек.

Соның  бір дәлелі - таяуда Санкт-Петербург қаласында өткен  халықаралық экономикалық форумында Шығармашылық бастамалар мен мәдени мұра қоғамдық қоры өз жұмысын  таныстырғаны бар. Ондағы жалпы мақсат –  шығармашылық кәсіпкерлік саласында білім беру, консалтингтік қызметтерді көрсету, халықаралық қызметтерді ілгерлету мен осы саладағы ғылыми-зерттеу және талдау қызметтерін жариялау арқылы Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасында  креативті экономика және  креативті индустрияны дамытуға жауапты ұйымдармен қатарласа тиімді ынтымақтастық  қарым-қатынас орнатуды  көздеп отыр. Бұл қор «Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы–24»  аясында Ресей шығармашылық индустрия федерациясымен  экономика саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге алғаш рет қол қойды. Келешекте екі тарап өзара тәжірибе алмасуды, кәсіпкерлер арасында шығармашылық және іскерлік байланысты   одан әрі нығайтуды  жоспарлайды.

«Мұндай серіктестік  екі ел арасында бизнесті тиімді  дамытып қана қоймай, халықаралық нарықта өз позициясын  айқындауға мүмкіндік алады.  Аталған  саланы  дамыту бойынша ұсыныстар, стратегиялар мен  бағдарламаларды әзірлеу ынтымақтастықтың маңызды бағыты болмақ», дейді Шығармашылық бастамалар мен мәдени мұра қоғамдық  қорының  негізін қалаушы, сәулетші Дина Абдрахмет.

Сонымен қатар еларалық білім беру  мен  ақпараттық-түсіндіру бастамаларын дамыту да ойда бар екендігін жеткізді.

хх

Ресей креативті индустрия  федерациясының бас директоры Игорь Намаконов  қазір әртүрлі бағалаулар бойынша, 2030 жылға қарай  ІЖӨ-нің  10%-дан  астамы әлемдік креативті салаларға тиесілі болатындығын, ал шығармашылық өндірістің өзі Батыстан  БРИКС-ке (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы т.б.) мүше елдеріне көбірек ауысып жатқандығын,  10 БРИКС  елдерінің 8-і шығармашылық индустрияны  дамыту стратегиясын  әлемдік аренадағы позицияны  нығайтуда халықаралық ынтымақтастықты дамыту тармақтарын енгізгендігін атап өтті.

Жалпы форум Қазақстан мен Ресей арасындағы креативті индустрияны қолдауда  халықаралық ынтымақтастықтың алғашқы  әрі табысты тәжірибенің негізін қалағандай.  Сонымен бірге  біздің қор Стратегиялық бастамалар агенттігімен келісімге отырып,  екі елдің креативті экономикасын зерттеу бойынша ақпараттық алмасу, креативті индустрияларды дамыту, стратегияларды әзірлеу кезінде кеңесу, жобалар мен бағдарламаларды  бірлесе жүзеге асыратын болды. Аталған агенттік қазірдің өзінде отандық әріптестерімен шығармашылық индустрияны дамытудың өңірлік стандартын енгізу тәжірибесімен бөлісуге дайын. Қазірдің өзінде СБА  креативті экономикалық дамыту орталығы біздегі «Продюсерлер клубы» мен  «Шығармашылық кеңістіктер желісі» секілді екі ауқымды жобаға қатысуға ниет білдіріп отырған жайы бар.

«Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті жаңа еларалық және пәнаралық шығармашылық жобаларды тиімді пайдалануда,  шығармашылық экономика саласындағы халықаралық ынтымақтастық стратегиясы  қалыптасты. Өйткені креативті экономика – бұл жаһандық экономика. Қазақстан СБА креативті экономикалық дамыту орталығының жұмысында  келісімге қол қойған бірінші ел», дейді СБА креативті экономиканы дамыту орталығының директоры Екатерина Черкес-заде.

Сонымен «Шығармашылық бастамалар мен мәдени мұра» қоғамдық қоры креативті индустрия саласындағы екі ірі халықаралық ойыншымен маңызды келісім жасады.

«Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы креативті индустрияны қолдаудағы табысты халықаралық ынтымақтастықтың бастамасы. Серіктестіктер біздің креативті мамандарымыздың шетелдегі ұстанымын нығайтуға және жергілікті өндірістерді жаңа идеялармен кеңейтуге көмектеседі. Бұл ынтымақтастық жаһандық интеграция ел арасындағы жасампаз экономиканың өсуі мен дамуына қалай ықпал ететіндігін көрсетеді», дейді қордың негізін қалаушы Дина Абдрахмет.

Иә,  креативті индус­трия ел үшін маңызды эконо­ми­калық артық­шылықтың бірі екені рас. Әлемде бұл нағыз ин­клю­зивті экономиканың даму көзі болып тұр. Азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген «шығармашылық өндіріс» болашақта экономиканың ең маңызды саласына айналуы әбден мүмкін.       

жж

Соңғы жаңалықтар

Ер жігітке ерлік жарасады

Қоғам • Бүгін, 11:20

Аңызға бергісіз өмір

Еңбек • Бүгін, 11:10

Шеттің шаруақор әкімі

Аймақтар • Бүгін, 11:00

Қызмет жас буынды шыңдайды

Еңбек • Бүгін, 10:40

Жастарға – мол мүмкіндік

Жастар • Бүгін, 10:30