Парламент • 11 Маусым, 2024

Сенаторлар шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарында болды

37 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары елордадағы қайталама шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарында болды, деп жазады Egemen.kz.

Сенаторлар шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарында болды

Фото: А.Байжұманов

Сенаторлар сапар барысында қайталама шикізатты өңдеумен айналысатын және скотч аталатын жабысқақ таспа дайындауға маманданған «Марқатай» ЖШС-нің өндірісімен танысты. Кәсіпорында қайта өңделген материалдар белсенді қолданылатыны және өнеркәсіпте, тұрмыс пен кеңседе пайдалануға арналған өнімдер шығарылатыны туралы айтылды. Сенат делегациясының мүшелері сапар барысында кәсіпорында қолданылатын технологиялық процестерді егжей-тегжейлі зерделеді және өңірдің экономикалық дамуы мен экологиялық тұрақтылығына осындай өндірістің маңыздылығын атап өтті.

Парламентшілер сондай-ақ «Ecomaf» және «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» кәсіпорындарында болды. «Ecomaf»  компаниясында қалалық және жеке аумақтарды абаттандыруға арналған бау-бақша жиһаздары мен шағын сәулет нысандары жасалады. Депутаттар  екінші кәсіпорында өндіріс тізбегін көріп шықты және оның инновациялық технологияны дамыту мен өнімнің қауіпсіздік деңгейін арттыруға қосқан үлесіне тоқталды. Өндірісте қайталама шикізатты пайдалану мен заманауи экологиялық қауіпсіз шешім қабылдауға ерекше назар аударылатыны айтылды.

Сапар аясында кәсіпорындар басшылығымен кездесулер болды және онда ағымдағы жетістіктер мен болашақ даму жоспарлары талқыланды. Депутаттар маңызды бастамаларға заңнамалық деңгейде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Сапар «Тұрмыстық қатты қалдықтар және оларды кәдеге жарату проблемалары. Өндірушінің кеңейтілген міндеттемелері жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізу аясында ұйымдастырылды.