Тәрбие • 12 Маусым, 2024

Балабақшадан басталатын дағды

64 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күн сайын емес, тіпті сағат сайын да емес, сәт сайын Жер шарының тұрғындары тастайтын тұрмыстық қалдықтардың нақты есебі жоқ екені белгілі. Есесіне осы мәселені түпкілікті зерттеп жүрген мамандар әлем мұхиттарында 170 триллиондай пластик бөлшектері қалқып жүргенін мәлімдеген еді. Мәселен, дүниежүзінде 1950-жылдан бері жылдық пластик өндірісі 0 деңгейінде болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 335 миллион тоннаға дейін көтерілген.

Балабақшадан басталатын дағды

Сондықтан сарапшы­­лар қо­қыс­­­­­тарды сұрып­тап, кәдеге жа­ра­­ту­ға бала кезден дағдылан­ды­ру қа­жет­­тігін айтып жүр. Егер нақ­ты әрекет туралы баяндайтын бол­сақ, Алматы қаласы Теректі шағын ауданындағы «Айша» бала­бақшасының алаңында «Қал­дық заттарға екінші өмір сыйлау» тақы­рыбында семинар-практикум өтіп, қоғам бел­сен­ді­лері мен ата-атана­лар­ға қоса, «Атамекен» Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.

Мысалы, БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдар­ла­масының мәліметтеріне сәйкес, әлемде жыл сайын 400 млн тонна пластик өндіріліп, шамамен оның 79%-ы полигондарға немесе қоршаған ортаға түседі. Өкінішке қарай, оның бар болғаны тек 9%-ы қайта өң­деле­ді.

«Осындай жағдай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай әлем­дегі плас­тик қал­дықтар мен қоқыс­тың көлемі 12 млрд тоннаға жетеді. Демек адам­зат қалдық­тар­ды сұрып­тап жи­нап, қайта өңдеуді қол­ға алмаса, планетаға орасан зор за­лал кел­тіріледі», дейді «Айша» же­ке­меншік балабақ­ша­­­­лар желі­­сінің құрылтайшысы Ұлдар Еділова.

Ал микропластик мәселесіне тоқталатын болсақ – ол тамаққа, суға және ауаға енетін диаметрі 5 мм-ге дейінгі ұсақ бөлшектер. Болжам бойынша, планетадағы әрбір адам жылына 50 мыңнан астам пластикалық бөлшектерді тұтынады, егер ингаляцияны ескерсек, ол айтарлықтай көп. Лақтырылған немесе өртенген бір реттік пластик адам денсаулығы мен биоалуантүрлілікке зиян кел­тіреді, тау шыңдарынан теңіз түбіне дейінгі барлық эко­жүйені ластап жатыр.

Сондықтан семинарды ұйым­­­д­ас­тырушылар күнделікті тұр­­мыста аса мән бере бер­мейтін қатты тұрмыстық қал­дықтарды ұтымды кәдеге жарату және оларды қайта өңдеуді әріптестеріне және балаларға түсіндірудің ма­ңызды екенін жеткізгісі келеді. Маман­дар­дың айтуынша, бала­лар­ға эко­ло­гиялық тәрбие беруде ата-ананың рөлі орасан.

Өскелең ұрпаққа өнеге танытуды көздейтін семинар-практикумда балдырғандарға «Жібек жолы» – ұлттық тәрбие» көрінісі қойылды. Көрініс барысында балабақша мамандары балалармен бірге ұжымдық жұмыс жүргізіп, қалдық материалдардан жұмыртқа латогі, әжет қағазы, картондардан көлем­ді түйе мүсіні, жануарлар мүсін­де­рі жасалды. Папие-маше әдісі қол­данылды. Осы үдерісте бала­лар­дың еңбек етуге талпынысы, құлшынысы сезілді.

«Қоқысты сұрыптау сияқты дағды тәрбие экологиялық мәсе­лелермен тығыз байланыс­ты екені белгілі. Саналы және дені сау ұрпақты тәрбиелеу үшін баланы планетамызға қамқорлық жасауға үйрету маңызды. Осы бағытта балабақшалардағы осындай практикумдар өте тиімді тәлім деп санаймын», деді Алатау аудандық білім бөлімінің бас маманы Мәншүк Зейітова.

Кездесуде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жанар Ибрагимова: «Бала тәрбиешінің қасында жүріп жоқтан барды жасауды үйренеді, қоқысқа тасталатын бұйымдарды кәдеге жаратып, қалдықсыз өнім дайындауға бола­тынын, оны жәрмеңкеге шыға­рып сатып жатқан жағдайда кіріс пен шығысты есептеуді, кәсіпті дөңгелетуді зерделейді. Қар­жы­лық сауаттылық та бала­бақ­шадан басталады», дейді.

Қоқысты дұрыс бөлектеп, кәдеге жарату бағытындағы кә­сіпо­рындардың да рөлі маңыз­ды. Мысалы, «Kazakhstan Waste Recycling» ЖШС ай сайын шамамен 4 мың тонна макулатура жинап, сұрыптайды. Осылайша 85 мыңға жуық ағаш немесе 10 шаршы шақырым орманды кесуден сақтайды.

Сонымен қатар балақайлар «Бір уыс мақта» ертегісі, «Мен екілік алып қалдым» қойылымын қойды. Айтпақшы, Қуыршақ театрының реквизиттері мен қуыр­­шақтардың өзі де шұлықтан, ескі ойыншықтардан жасалған.

Осылайша, балабақшадағы әдемі бастама соңы тәрбиешілер мен ата-аналарға қалдықтардан пайдалы ойыншық жасауды үй­ре­тетін шеберлік дәрісіне ұласты.

 

АЛМАТЫ