Кино • 12 Маусым, 2024

«Disney» кейіпкерлері қазақша сөйледі

79 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы аптада Алматыда «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің көрсетілімі болды. Оған елімізге танымал тұлғалар, дубляж актерлері, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. «Disney» мен «Pixar» компания­лары «Ойжұмбақ 2», «Disney» студиясы «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» анимациялық фильмдерін өз қаражатымен қазақ және орыс тілдеріне аударды.

«Disney» кейіпкерлері қазақша сөйледі

«Ойжұмбақ 2» анима­ция­лық фильмінің басты кейіп­кері Райлиді блогер Ақерке Естайқызы, әнші әрі актриса Гүлнар Тілебалды, кино, теат­р және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, кино және теат­р актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстаған. «Ninety One» бой-бэндінің солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Мәліков, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ор­дабаев та жобаға үлес қосты.

«Disney» студиясының бас­тамасына қолдау білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бұл қадам контент жасаушыларға үлгі боларлық іс екенін айтты.

«Жыл сайын «Disney» ком­паниясы фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын ұсынады. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы – біз үшін маңызды оқиға. Бұл – қазақ тілінде еркін сөйлейтін ортаға да, тілді үйренушілерге де пайдалы, әрі қуанышты оқиға. Қазақша дубляж саласы кейінгі жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, «Ой­жұмбақ 2» фильмінің дубляжында қазақ тілінің қолданыс аясын, әсіресе балалар арасында сирек қолданылатын төл лексиканы орнықтыруға жол ашатын мысалдар көп. Ана тіліміздің өрісін баланың сүйікті кейіпкерлері арқылы кеңейту – өте ұтымды тәсіл. Фильм­ді көрген әр балдырған жаңа сөз үйреніп, оны қолдана алса, жақсы емес пе? Мұндай бастаманы қолдап, өзгелерге мысал ретінде таратуымыз керек», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

«Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – «Dis­ney» компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті «Disney Character Voices International» ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Олар­дың әрқайсысындағы кейіп­керлердің бірегей бей­несін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляж­дайтын дарынды шы­ғар­машылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады, дейді Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы «Disney» компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.

«Disney» фильмдерінің еліміздегі ресми дистрибьюторы, «Меломан» ком­пания­сының бас директоры Вадим Голенко: «Еліміздің көрер­мені мемлекеттік тілде көрсетілетін «Disney» премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпия­сы», «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қата­ры жаңа туын­дылармен толығады. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндерге де, тілді енді үйреніп жүргендерге де сапалы дубляждалған фильм­дер пайдалы болары анық», – дейді ол.

«Ойжұмбақ 2» фильмі кинотеатрларда 14 маусымнан бастап көрсетіледі. Ал «Моана 2» анимациялық шытырман оқиғасын қараша айынан бастап тамашалай аламыз. Үшінші туын­ды – «Му­фаса: Арыстан патша» көр­кем фильмі Муфасаның ба­лалық және жастық шағын, бауыры Шраммен арадағы өшпенділіктің түпкі тарихын баяндайды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының негізгі жұмыс ба­ғыты «Disney» ком­пания­сының ұстанымымен үндес келеді. Біздің ұйым мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контентті қазақ тіліне аудару бастамасын барынша қолдаймыз. «Disney» компаниясының бұл бастамасы өзге де контент өндірушілерге өте жақсы үлгі деп санаймыз», дейді Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.