Таным • 12 Маусым, 2024

Кітап оқысаңыз, ұзақ өмір сүресіз

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көп адам кітапты ақылды болу үшін, яки рухани кемелдену үшін оқиды немесе бұл тек оқы­мыстылардың ісі деп ой­лай­ды. Иә, мұныңыз да рас. Десек те ғалым­дардың зерттеуінше, кітап оқу – ақылды ғана арттырмайды, ұзақ өмір сүруге де ықпал етеді.

Кітап оқысаңыз, ұзақ өмір сүресіз

АҚШ ғалымдары көптеген адамның қатысуымен жүргізілген ұзақмерзімді зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, осындай тұжырымға келген.

Он екі жылға созылған үш жарым мың адам қатысқан эксперимент күніне кемінде отыз минут кітап оқитын адамдардың мезгілсіз өлім қаупін жиыр­ма үш пайызға төмендететінін көрсетті.

Йель университеті қызметкерлерінің айтуынша, кез келген көркем шығарма адамның ойын аулап, бір сәтке уайымнан арылтады. Ұзақ өмір сүрудің сыры да осында.

«Инфаркт пен инсультты тудыратын негізгі фактор – уайым. Ал күйзеліспен күресудің тиімді жолы – кітап оқу. Қызықты хикаяға бірнеше минут беріліп кетудің өзі жаныңызды тыныштандырады. Зерттеудің нәтижесі – ойға қонымды болжам», дейді ғылыми жұмыс авторлары.

Сонымен, кітап оқу, әсіресе егде жастағы адамдар үшін пайдалы. Олар оқыған шығармаларының арқасында миының қалыпты когнитивті функция­ларын тиімді сақтай алады. Ғалымдардың айтуынша оқитын егде жастағы адамдар, мысалы, альцгеймер ауруымен ауырмайды.