Қоғам • 13 Маусым, 2024

Волонтерге керек қосымша

27 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжінің 2-курс студенті Роман Говако еріктілерге арналған мобильді қосымша жасап шығарды. Қосымша жас­тардың түрлі волонтерлік жобаны іздеп тауып, оларға тіркелуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың еріктілердің жұмысын басқаруына, үйлес­тіруіне көмектеседі.

Волонтерге керек қосымша

«Біз ойлап тапқан қосым­ша жастарды волонтерлік қозғалыстарға қатысуға ынталандырады және бүкіл үдерістің ашықтығы мен әрбір ерікті үшін түсінікті болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еріктілер жұмысын автоматтандырып, басқаруға тиімді әрі ұйымдастыруға қолайлы етеді», дейді Роман Говако.

Жас өнертапқыш қосым­шасын ұстазы Гүлнар Бей­біт­қалиқызының көмегімен өңір­дегі су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде сынақтан өткізіп көрген. «Сынақ қо­ры­тындысында қосымша өте тиімді екенін танытты», дейді жоба жетекшісі.

Мобильді қосымша әр ерік­тінің неше сағат жұмыс істегенін, қандай жұмыс ат­қарғанын автоматты түрде есептеп отырады, есептеу мен есеп беру үдерістерін же­ңіл­детеді. Басқаша айт­қан­да, еріктілер өздері атқарып жатқан жұмыстың көлемін қадағалай алады, ал қоғамдық ұйымдар қандай да бір игі істі атқарысуға атсалысып жат­қан волонтерлерді тиімді басқарып, олардың жұмысын бағалай алады. Қосымша жадына сақталған мәліметтер кейін еріктілердің тұрақты жұмысқа орналасуына көмек­те­сетін портфолиоға айналады.

«Қосымшаның көме­гімен еріктілер өз жұмыс­та­рын оңай қадағалап, ұйым­дас­тыру­шылармен үздіксіз байланыста болады. Қоғамдық ұйымдар да жұмыстарын сапалы жоспарлап, үйлестіре алады. Яғни еріктілер мен ұйымдардың бірлескен іс-ша­раларының сапалы өтуіне жол ашады, бұл өз кезегінде еріктілер қозғалысының дамуы­на ықпал етеді», дейді жоба жетекшісі Гүлнар Бейбіт­қалиқызы.

 

Қостанай облысы