Есірткі • 13 Маусым, 2024

Есірткі қылмысының жолын кеседі

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлы технология дамыған сайын әлеуметтік мәселелерді қадағалау да жеңілдей түсті. Әсіресе құмар ойындар мен әртүрлі қылмыстың алдын алу жүйеленіп келеді. Мысалы, жақында ғана есірткі қылмысының Digital-картасы іске қосылды.

Есірткі қылмысының жолын кеседі

Фото: gov.kz

Астанада есірткіні тарату, сату, сатып алу, жасырын жарнамалауды жоятын арнайы сайт іске қосылды. Ол сайтқа нашақорлыққа қатысты кез келген ақпаратты жіберіп, хабарлауға болады.

– Біз Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының жобасын қолдап, көмектестік. Digi­tal-картада еліміз бойынша нашақорлыққа қарсы ақпа­раттар бар. Кез келген адам есірт­кіні тарату, жарнама­лау туралы ақпаратты көрсе, «Еsbol.kz» сайтына кіріп немесе Telegram бот арқылы бізге жібере алады. Бізге түскен ақпаратты құқық қорғау органдары өкілдерімен бірге анықтаймыз. Бұл жерде есірткіні сатушылар, таратушылар немесе жарнама жасаушылар ғана емес, оны сатып алушылар да анықталады. Сондай-ақ қазір есірткіні QR-код арқылы жиі жарнамалай­тын болған. Оларды жою бойынша да күрес белсенді жүргізіліп отыр, – деді «Esbol» қорының төрағасы Жандос Ақтаев.

Есірткі тарату туралы хабар­лаған азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттардың құпиялылығы міндетті түрде сақталады.  Сондықтан қыл­мыс туралы ақпарат айтқысы келетіндер еш алаңдамаса да болады. Бұл карта есірткіден сақтау үшін ғана емес,  азамат­тық белсенділікті арттыруға да ба­ғытталған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халықтың бәрі біріксе, қылмыс та азаймақ.

– Біздің қор 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, ал нашақорлықты интернет арқылы тарату, насихаттауға қарсы күресті 2021 жылы қолға алды. Енді осы цифрлық карта арқылы мәселемен жүйе­лі түрде күреспекпіз. Еліміз бо­йынша волонтерлер бар, олар бізге түскен ақпаратты алдын ала саралайды, – дейді Ж.Ақтаев.

Карта қазір Астана қаласын­да қанатқақты режімде іске қосылды, сәтті жүзеге асқан жағ­дайда барлық өңірге енгізілмек.