«Таза Қазақстан» • 14 Маусым, 2024

Астана-Алматы тасжолының басым бөлігі қоқыстан тазартылды

57 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты қолға алған Road-эстафета жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz аталған партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана-Алматы тасжолының басым бөлігі қоқыстан тазартылды

Фотолар: «AMANAT» партиясы

Астана қаласының және Қарағанды, Жамбыл облыстары қатысушыларынан бөлек, оларға Алматы облысының еріктілері қосылды.

«Астана – Алматы» тасжолының Жамбыл облысы аумағындағы ұзындығы 224 шақырымды құрайтын учаскесінде «Жастар Рухының» белсенділері мен волонтерлері жол жиегінен 10 тоннадан астам қоқыс жинады. Бүгін еріктілер тобы Алматы облысына жетті. Осылайша, бас-аяғы 1 мың шақырымнан астам жол тазартылды.

«Біз эстафетаны Жамбыл облысынан қабылдап алдық. Қазірдің өзінде екі облыстың шекарасында, яғни Қаншеңгел ауылы маңында Жамбыл ауданының 250 тұрғыны акцияға қосылды. Әрі қарай біз тазалық жұмысын Іле ауданының Ақши ауылында жалғастырдық. Онда белсенділер мен волонтерлерден бөлек, жергілікті тұрғындар да тазалық жұмысын жүргізіп жатыр», деді «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасы Қуат Байғожаев.

Айта кетейік, «Қарағанды – Балқаш» тасжолы бойынан жиналған қоқыс полигондарға шығарылады. Бұл бағытта «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жәрдемдесіп жатыр.

«Біз тазаламасақ, кім тазалайды? Адамдардың өтіп бара жатып, жол бойына қоқыс тастап кететіні жаныма батады. Сондықтан осы эстафетаға адамдардың көптеп қызығушылық танытуында таңғаларлық ештеңе жоқ деп санаймын», деді Алматы облысы Жамбыл ауданы Қаншеңгел ауылының тұрғыны Баян Нұржанқызы.

Аманат

Еске салайық, бұған дейін Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын бастаған болатын. Елді мекендердегі ластанған аумақтар бойынша әзірленген карта негізінде ел аумағында жол бойындағы аумақтардан, өнеркәсіптік аймақтардан, тұрғын аудандардан, әлеуметтік нысандардан және басқа да көптеген аумақтардан 475 учаске анықталды.