Маман • 16 Маусым, 2024

Алғыс арқалаған хирург

167 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі, хирургия саласында 46 жыл еңбек етіп келе жатқан білікті хирург Қанат Әбілдиннің есімі бүгінде өңір жұртшылығына етене таныс. Қолының шипасы мол тәжірибелі дәрігердің алдына келген ауыр науқастардың дені көп ұзамай құлан таза дертінен айығып, аяққа тұрып кетіп жатады.

Алғыс арқалаған хирург

Қанат Мырзалымұлының шарапатын көрген жүздеген жан­ның бірі – Қостанай қалалық мешітінің бас имамы, қоғамға пайдалы талай игі істің басы-қасы­нан табылып жүрген өңірге белгілі өрелі азамат Шоқан қажы Ғазизұлы.

«Мен Қанат ағаның алдында алты ай жатып емделдім. Бі­рін­­ші Құдайдың, екінші сол кісі­нің шарапатымен қазір, жер бетін басып, шапқылап жүріп жатырмыз. Қанат Мырзалымұлының есімін бала кезімізден естіп өстік. Ол кісі Торғай өңіріндегі Ақшығанақ елді мекенінде туған. Кезінде Жангелдин ауданының хирургия бөлімін басқарған атақты дәрігер Асқар Байжұманов ­деген ағамыз болған. Біздің бала кезімізде әкелеріміз, елдің үлкен ақсақалдары сол кезде қыл­­шылдап тұрған жап-жас Қанат ағамызға ризашылығын білдіріп, сырттай батасын беріп «Асқардың ізбасары, бас шәкірті» деп отыратын. Шынында да, Қанат Мырзалымұлы Асқар ағаның қасында жүріп, біраз тәжірибе жиды. Кезінде Торғай облыстық ауруханасының хирургия бөлімін басқарды. Қазір, міне, Қостанай облысының бас хирургі ретінде дәрігерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп отыр. Өзімнің алты ай ауырып жатқаным көз алдымда, ол кісіде сенбі, жексенбі деген жоқ, таңғы сағат 6.30, 7-ге жетпей келеді де, бүкіл бөлімді аралап, әрбір науқастың жанына барып, хал-жағдайын сұрап кететін. Менің енді қарайып кеткен 2 метр ішегімді алып тастады. Өзім, отбасым, әулетім, маған тілеулес көптеген кісілер қорқып, қиын бір кезеңді бастан кешірді. ­3 метр ішегімнен 1-ақ метр қалған екен, Қанат Мырзалымұлы соны қайтып жалғап, адам қатарына қосты. Мен сол алты ай ауруханада жатқанда мемлекеттің медицина саласына баса көңіл бөлу керектігіне әбден көзім жетті. Өйткені дәрігерлер таңның атысы, күннің батысы адам жанын арашалаймын деп арпалысып жүреді. Мейіргерлердің де еңбегі орасан. Олардың жан­­кеш­ті еңбегі елену керек. Мысалы, Қанат аға күніне 3-4 операция­дан шығып, қанша шар­шап тұр­са да, палатадағы нау­қас­тар­­­дың амандығын біліп кетеді. Сонда шаршағаны қызар­ған көзі­нен, балбырап, боп-боз бо­лып тұратын бетінен ғана білі­нетін», дейді Шоқан қажы Ғазиұлы.

Облыстық аурухананың хирургия бөліміне екібастан ахуалы қиын науқастар келеді. Қанат Мырзалымұлы операция жасауға келмейтін, болмаса операциядан кейін жарасы асқынып кеткен науқастарға өзі қайта операция жасайды. Кейінгі кезде облыстық хирургия бөлімінің мамандары бейнехирургия, эндоскопиялық хирургияға көше бастаған.

«Бауырға, өт жолдарына,­ асқа­зан жарығына, сосын іш қуысы мен кеуде қуысының орта­сындағы көк еттің өңеш өтетін тесігінде жарық болады, соған операция жасауды кеңінен қолданып жүрміз. Енді асқынған аурулардың көбіне жедел операция жасаймыз. Сосын бізде жоспарлы операциялар болады. Күніне 4-5 операция жасаймыз. Оның қиындауына мен екібастан өзім барамын. Одан кейін өсіп келе жатқан шәкірттерім бар, соларға көмектесіп, соларды тәрбиелеп, барымызды салып жұмыс істеп келеміз. Ай са­йын орта есеппен 150-ден астам пациентті емдейміз», дейді ел алғысына бөленген дәрігер.

          

Қостанай облысы