Әскер • 19 Маусым, 2024

Әскердегі әлімжеттік: Жағдай неге ушыға береді?

118 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отан алдындағы борышын бұрынғы одақта өтеген асқар тау әкелеріміз бен ардақты ағаларымыз әскери өмір тура­лы майын тамызып әңгімелегенде аузымыздың суы ағатын. Тіпті олардың армияда түскен суреттерінен жасал­ған фотоальбомды көріп таңғалушы едік.

Әскердегі әлімжеттік: Жағдай неге ушыға береді?

Әлі солай. Үлкендер жағы қазіргі жастарды «бір жылдық балабақшаға барып келді» деп кейде мұқатып жатады. Расымен азат елдің армиясында жастарға керемет жағдай жасалған ба? Кім білсін... Әйтеуір кейінгі жылдары Жамбыл облысы аумағындағы әскери бөлімшелерде жағдай ушыға беретін болды.

2022 жылы әскерге барудан жал­тарып, есепке алу құжат­тарын бүл­­­дір­гендердің саны ел бойынша 30 мыңнан асқан деген дерек бар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­да­майды». Әс­ке­­­р­дегі әлім­жет­тік туралы әң­г­іме аз айтылып жүр­­ген жоқ. Тәуел­сіз елдің әскерінде бәрі керемет болса, жастар неге Отан ал­дын­­дағы борышын өтеуден қаша­ды деген заңды сауал туындайтыны анық.

Жанарында от ойнаған жас­тар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге баратыны, рухын көтергісі ке­летіні анық. Еңсесін тік көтеруге кет­кен оғлан армия­дан көк жасық, мінез­с­із болып оралғысы келмейді. Алай­да бәрі біз ойлағандай емес секілді.

Әскердегі сарбаздардың өлімі туралы деректерді оқығанда жан түршігеді. Мұндай оқиғалардың Жамбыл облысы аумағында жиі тіркеле бастағаны кімді де болсын, ойландырмай қоймайтыны даусыз. Шөлдала шекара застава­сындағы оқиға кәдімгідей шу туғызғаны жадымыздан өшкен жоқ. Сарбаз Бекбол Мираштың өлімі қоғамды қатты дүр­лік­тірді. 2022 жылы болған оқиға да жұрттың есінде. Кәмелет жасындағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай Гвардейскідегі әскери ауруханада мерт болған еді. Әскерде бірнеше күн ғана болған сар­баз­дың өлімін қоғам ауыр қабыл­да­ғаны рас.

Әскерге сау болып барған сарбаз сал болып қалғысы немесе жантә­сілім ет­кі­сі келмейтіні анық. Айтар болсақ мы­­сал аз емес. Қазбалаудың керегі қан­­ша?

Тағы да Қордай. 19 жастағы қостанайлық оғлан әскери борышын өтеуге келіп, ес-түсін жоғалтқан. Баласының жансақтау бөліміне түскенін естіген ана­сының жүрегі атқақтап, әлеу­меттік желіде жан­ұ­шыра бейне­­жазба қалдырған. Жанна Жанә­лінің шырқыраған үні билікке жетті. 9 маусым күні болған оқи­ғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударды. Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли мәселенің Президент бақылауына алынғанын әлеуметтік желі арқы­лы жеткізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ау­лын­­дағы әскери бөлімде мерзімді қыз­метін өтеп жатқан сарбаздың кома­ға түсуіне қатысты анасының әлеу­меттік желілерде жариялаған үндеуі­мен таныс­ты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды», деп жазды ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Алматыдағы әскери клини­калық госпитальға түскен сарбаз­дың жағдайы мәз емес екенін мамандар да айтып отыр. Олар тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқанынын тілге тиек еткен. Алайда науқастың жағдайы ауыр екенін жасырмаған.

Қордайдағы жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі ресми мәлімдеме жаса­ды. «2024 жылғы 9 маусымда Жамбыл облысының Қордай аудан­дық орталық ауруханасына Гвар­дейск гарнизонының мерзімді қыз­мет­тегі әскери қызметшісі шұғыл жат­қы­зылды. Бастапқыда өзін әлсіз сезі­ніп, қызуы көтерілген сарбаз Гвар­дейск гарнизонындағы әскери гос­питальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген болатын.

Медициналық тексерулер мен зерттеулер әскери қызметшіден екіжақты полисегментті пневмо­ния анықтады. Науқастың жағ­дайы ауыр деп бағаланып отыр. Қазір оған барлық қажетті меди­циналық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге ол жерде Қор­ғаныс министрлігі әскери кли­никалық госпиталінің құра­мына анес­­тезиолог, реаниматолог және те­ра­певт дәрігерлер кіретін көш­пе­лі бригадасы жұмыс істеп жатыр.

Әскери қызметші емдеу меке­месіне түскен кезде оның денесінен көгерген немесе зақым­дану ізде­рі болмағанын атап өту керек. Мер­зімді қызметтегі сар­базға қатыс­ты келісімшарт бойынша әскери қызметші тарапынан билікті асыра пай­далану фактісі бойынша ІІМ Әс­кери тергеу басқармасы қыл­мыс­тық іс қозғады. Тексеру жүр­гізілуде. Тергеу мүддесі үшін бас­қа ақпа­рат­тар жария етілмейді. Іс Қор­­ғаныс министрінің ерекше бақы­­лауында», делінген подполковник Руслан Жангулиннің бейнежазбасында.

Ресми өкілдің мәлімдемесіне қарап, Қордайдағы оқиғаға қатысты нақты айыпталушы азамат бар екенін аңғару қиын емес. Әрине, тергеу амалдары жүргізіліп жатқан­дықтан қалған ақпараттың құпия сақталуы – заңдылық.

Ресми мәліметте сарбаздың денесінде зақымдану ізі болма­ғаны айтылады. Бірақ мәселенің қалай өрбігені, кімнің айыпты екені, оқиғаның қалай ушыққаны алдағы уақытта белгілі болатыны анық. Қалай болған күнде де әскерде қайғылы жағдай­дың жиі тіркелетіні алаңдатпай қоймайды.

Не десек те кейінгі бірнеше жыл­дың бедерінде қоғам әскер­дегі әлімжеттікке қатты алаңдап отырғаны айқын. Бір емес әр жылдары бірнеше сарбаздың өмір­мен қош айтыс­қаны қоғам­да кәдімгідей резонанс туды­рып жатқаны да шындық. Тәжі­ри­белі жауынгерлер «дедовщи­на» әрекеттеріне бармаса, жас­өс­пі­рімдер әскерден қашпас та еді...

Иә, әскерден қашып жүрген­дердің біразы армиядағы доқ көрсетуден, яғни әскердегі әлім­жеттіктен именетіні анық. Сарбаздарға күш пен қысым көрсетуді толық жоятын кез келе ме? Кім білсін.

Қордай мен Шөлдаладағы жағ­­дайдан сабақ алатын кез жеткен шығар. Әйтеуір әскерде жағдай жиі ушыға бермесе екен дейміз. Үміт еткен көзінің нұрын қай ата-ана өлімге қисын...

 

Жамбыл облысы