Қоғам • 19 Маусым, 2024

Алименттен жалтарғандар

51 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен бала құқығын қорғауға қатысты мемлекеттік деңгейде жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қоғамдағы беті бүркемеленген мәселелер ашыла бастады. Соның ішінде ақыл тоқтатқан ересектердің жеңіл ақша табу жолына түсіп, алаяқтықпен айналысуы күрделі мәселеге айналып барады.

Алименттен жалтарғандар

Әсіресе 25-40 жастағы ер адам­дар арасында барлық табысын букмекерлік кеңселер­ге салып, отбасын асыраудан жалтарып, баласына алимент төлеуден қашып жүргендер көбейген. Талдау нәтижесі али­менттен жалтарғандар­дың көбі букмекерлік кеңселер­дің тұрақты клиенттері еке­нін көрсетті. Мәселен, Ақтө­бе облыстық полиция депар­та­ментінің қарауындағы 189 іздестіру ісінің 138-і балаларына материалдық көмек көр­сетуден үзілді-кесілді бас тартып, ата-аналық құқықтарын жалтарғандарға қатысты тір­келді. Мұнымен бір кезде өңір­де алимент бойынша қарыз­дың жалпы сомасы 30 миллион теңгеден асып барады. Полиция алименттен жалтарғандардың деректерін тексеру барысында осы тізімдегі 40-қа жуық ата-ананың букмекерлік кеңселерге жиі бас сұғып, осы жерде үнемі қомақты қаржы жоғалтатынын анықтады.

«Биыл қабылданған шаралар нәтижесінде баласына алимент төлемегені үшін іздеу­де жүрген 128 азаматтың тұр­ғылықты жері анықталса, олар­дың 30-ы букмекерлік кең­селердің тұрақты клиенті болып шықты. Ал олардың балаларына алимент қарызы­ның сомасы букмекерлік кең­селерде бәс тігуде жоғалтқан ақшаларынан бірнеше есе аз. Мәселен, К. де­ген азаматтың кәмелет жасы­на жетпеген үш баласына қатысты алимент берешегі 2 мил­лион теңгеден астам бол­са, кейінгі екі жылда осы аза­маттың есепшотындағы ақша айналымы 5 миллион тең­ге­ден асып кеткен. Мұндай мы­сал­дар өте көп», деп көрсе­тілген Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ іздестіріліп жат­қан азаматтың жақын туыстары полиция қызметкерлері­не оның қандай мекенжайда тұ­рып жатқанын және жұмыс орнын барынша жасыруға тырысып бағады екен. Алименттен қашып жүрген әкелер де көп жағдайда құқық қорғау орган­дарының көзіне түспеу үшін төмен жалақыға заңсыз еңбек етіп, кездейсоқ табыстармен күнелтеді. Айта кету керек, алимент төлеуден жалтарып, заң та­лаптарын орындамайтындар үшін Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.

 

Ақтөбе облысы