Футбол • 18 Маусым, 2024

Доп додасы басталды

33 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Футболдан XVII Еуропа чемпионатының ашылу рәсімі мен тұсаукесер кездесуі Мюнхендегі әйгілі «Альянс-Аренада» өтті. Салтанатты іс-шара аяқталған бетте жасыл алаңға А тобындағы Германия мен Шот­ландияның ұлттық құрамалары шықты. Осы ойында Фран­цияның танымал төрешісі Клеман Тюрпен қазылық етті.

Доп додасы басталды

Төрткүл дүние жанкүйерлері төрт жыл бойы тағатсыздана күткен дүбірлі доп додасына Германия өте жақсы даярланған екен. Ашылу салтанатындағы керемет көріністерді айтпағанда, тұсаукесер бәсеке барысында да ол анық аңғарылды. Матч басталған бетте тізгінді бірден қолға алған немістер Шотландия құра­масының қақпасына толассыз шабуыл­дар ұйымдастырды. Алаң иелерінің қарқынына қонақтар 10 минут қана шыдады. Содан кейін олардың қорғаныс шебі сыр берді. Нәтижесінде, 10-минутта «Еуро-2024» турниріндегі алғашқы голды 21 жастағы «Байердің» беткеұстары Флориан Виртц соқты. Оның қақырата тепкен добы бағанаға тиіп барып, нысанаға дөп түсті. Арада сәл ғана уақыт өткенде Виртцтің құрдасы, «Баварияның» хавбегі Джамал Мусиала есепті еселеді. Бірінші таймның соңында өз айып алаңында Илкай Гюндоганға қарсы ойын ережесін бұзғаны үшін Райан Портеус қызыл қағаз алды. «Арсеналдың» жартылай қорғаушысы Кай Хаверц 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ.

Екінші кезең бел ортадан ауған тұста Никлас  Фюллькруг төртінші голды соқты. 87-минутта қақпаға бағытталған допты кері қайтармақ болған Антонио Рюдигер оны өз қақпасына енгізді. Ойсырай ұтылып жатқан шотландиялықтар бұл голға аса бір қуана қойған жоқ. Ал бәсеке аяқталар тұста Эмре Джан соңғы нүктені қойды. Есеп – 5:1.Сөйтіп, Еу­ропа чемпионатының тұсаукесер кездесуі «Альянс-Аренаға» жиналған 66 000 көрермен мен көгілдір экранға көз тіккен жер-жаһанның сан миллион жанкүйеріне көтеріңкі көңіл күй мен керемет эмоциялар сыйлады.

Кельндегі «Рейн Энерги» стадио­нын­да Мажарстан мен Швейцария ше­­берлік байқасты. Бұл бәсеке Аль­пы тауы етегінен келген аяқдоп шебер­лерінің басымдығымен өтті. 13-минутта Квадво Дуа есеп ашса, 45-минутта Ми­шель Эбишер допты торда тулатты. 66-минутта Барнабаш Варга соққан гол мажарстандықтардың үміт отын оятты. Десек те 90-минутта Брель Эмболо олардың сенімін түбегейлі сейілтті – 1:3. 

првпрапрар

* * *

Көп ұзамай В тобындағы бәсекелер басталып, жасыл алаңға Испания мен Хорватияның футболшылары шықты. Берлиндегі «Олимпиаштадионға» жиналған 68 844 жанкүйер азулы қос командадан тартысқа толы айқас күткен еді. Бірақ Пиреней түбегінен келген жігіттер қарсыластарына адым аштырмады. Үзіліске дейін Альваро Мората, Фабиан Руис және Дани Карвахаль қатарынан үш допты қақпаға тоғытты. Хорваттардың жалғыз голмен жауап қайыруға да шамалары жетпеді. Екінші таймда да осы есеп сақталды – 3:0.

Италия мен Албания арасындағы бә­секе басталған бетте қорғаушы Федерико Димарко допты ауттан лақтырған кезде өрескел қателік жіберді. Керемет мүм­кіндікті Недим Байрами ұтымды пайдаланып, 22-секундта албаниялықтарды алға шығарды. Бұл – Еуропа чемпионаты тарихындағы ең жылдам соғылған гол! Бұған дейінгі рекорд ресейлік Дмитрий Кириченкоға тиесілі еді. 2004 жылы Пор­тугалияда өткен жарыста ол Грекия құрамасының қақпасын 68-секундта дәл көздеді.

Алайда Албания футболшыларының қуанышы ұзаққа созылмады. Лезде-ақ ес жиған Италия құрамасы қарсы жақтың айып алаңына қайта-қайта баса-көктеп еніп, оларды біраз әбігерге салды. Ақыры 11-минутта Алессандро Бастони мен 16-минутта Николо Барелла мергендік танытты. Осылайша, бас-аяғы бес минут аралығында «Скуадра Адзурраның» сайыпқырандары алға шықты – 2:1. Бұл есеп ойынның соңына дейін өзгерген жоқ.

* * *

D тобындағы Польша мен Нидерланд құрамалары арасындағы матч өте шиеленісті өтті. Поляктардың бас­ты жұлдызы Роберт Левандовски жара­қатына байланысты жасыл алаңға шық­пады. Соған қарамастан Михал Пр­беж­дің командасы өте жақ­сы ойнап, алғашқы гол­ды 16-минутта Адам Бук­са соқты. Бұл жағдай Қызғалдақтар елі өкіл­дерін еш қанағат­тандырмағаны анық. Содан олар қарсыластар қақпасын торуылдауға көшті. Араға сегіз минут салып Коди Гакпо таразы басын теңестірді. Содан кейін де Рональд Куманның шәкірттері қарқындарын еш бәсең­деткен жоқ. Поль­шаның футболшылары да аянбай айқасты. Бірақ 83-минутта Ваут Вегхорст Войцех Щен­с­ный қорғаған қақпадан саңлау тауып, Нидерландқа жеңіс сыйлады – 2:1.

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні С тобындағы командалар күш сынасты. 17-минутта Кристиан Эриксен мергендік танытқанда, Штутгарттағы «МХП-Аренаға» жиналған 54 000 көрермен «енді Дания құрамасы аталған жарысқа екінші рет қана қатысып отырған Словенияға бас көтертпейтін шығар» деп ойлады. Бірақ мүлде олай болмады. Арада тура жарты сағат өткен­де Матьяж Кек жаттықтыратын команда есепті теңес­тірді – 1:1. Ол голды Эрик Янза соқты.

Гельзенкирхендегі «Фельтинс-Аре­нада» Сербия мен Англияның футболшылары шеберлік байқасты. 50 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған бәсекенің тағдырын 13-минутта британиялық жартылай қорғаушы Джуд Беллингемнің соққан жалғыз голы шешті – 0:1. 

* * *

Е тобындағы жарысты Румыния мен Украинаның футболшылары бас­тады. Букмекерлер Сергей Ребровтың командасын осы матчтың фавориті ретінде таныды. Бұл пайым негізсіз емес еді. Өйткені олардың сапында Артем Довбик (Ла Лиганың сұрмергені), Михаил Мудрик («Челсидің» трансферлік рекордшыларының бірі), Андрей Лунин (УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы), Александр Зинченко (АПЛ-дағы белді ойыншылардың бірі), сондай-ақ, Николай Матвиенко, Тарас Степаненко, Виктор Цыганков, Андрей Ярмоленко, Георгий Судаков, Роман Яремчук, Руслан Малиновский сынды дүдүлдер бар. Соған қарамастан Киевтен келген жігіттердің сол кеште ойыны еш жүрмеді. Нәтижесінде, украиналықтар Мюнхенде 0:3 есебімен жеңілістің кермек дәмін татты. Бұл гол­дар­дың авторлары – Николаэ Станчу, Рэз­ван Марин және Денис Дрэгуш.

Келесі ойында осы чемпионаттағы алғашқы сенсациялық нәтиже тіркелді. Кілең жұлдыздардан жасақталған Бельгия құрамасы Майнедегі Фран­фкуртте Словакияға есе жіберді. 7-минутта Иван Шранц нысананы дәл көздеді – 0:1. Осы есеп кездесудің соңына дейін сақталды. Сөз орайы келгенде, 57 және 88 минуттарда Ромелу Лукакудың екі рет мергендік танытқанын айта кетейік. Бірақ VAR жүйесіне жүгінген төреші бельгиялық сұрмергеннің голдарын есепке алмады.

Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні D тобындағы Аустрия мен Францияның футболшылары кездесті. Бұл бәсекеде де бір ғана доп соғылды. Оның өзі – автогол. 38-минутта қарсыластарының айып алаңында бірнеше қорғаушының арасынан сытылып шыққан Киллиан Мбаппе қақпаның оң бұрышынан әріптестеріне пас береді. Соны қайтармақ болған Максимилиан Вебер допты баспен ұрып, өз қақпасына енгізді – 0:1.