Дәстүр • 20 Маусым, 2024

Тойтарқар

64 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нағашымның кенже баласы әскери міндетін абыроймен атқарып, елге оралған. Бұрынғы дәстүрді қатты сақтайтын нағашым өзімізге қараған тілектес, ниеттес ет жақын ағайын-туысты шақырып, құрмалдық бер­ді. Алпыс үйлі ауылды тегіс қам­­тығанға ұқсайды. Мұндайда қоңсылас отырған ағайынды қалай тас­тап кетерсің? Дастарқан басын­да биылғы жауынның жиілігі, шөптің шығымы туралы күнделікті тіршіліктің жай-жапсары әңгіме болды. Дәм қайырып шыққан соң анық көрдік, кейбір иелері көшіп кеткен соң, босап қалған үйлердің арасын қалың шөп басып кетіпті. Бұрын шілде тумай айтақыр болып жатушы еді. Рабайсыз өскен шөп біртүрлі көрінеді екен.

Тойтарқар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қонақтар разы болып аттанды. Олай болмағанда ше? Нағашымның қыздары мен келін-кепшіктері кісі күтіп әбден үйреніп қалған екен. Біз де үзеңгіге аяғымызды сал­мақ­шы болып ұмтылғанда наға­шым «Тойтарқардың ішінде болыңдар», деді. Біздің жақта қонақ шақырғаннан кейін елге қызмет еткен келін-кепшіктің оңаша отырып шай ішетін әдеті болушы еді. Бұл жолы нағашым тойтарқарға алыстан келген бірер кісімен қоса балаларын да ортақтастырды.

– Сабыр, сен кісінің қолына су құйғанда ептілігің көрініп тұрады екен. Суды шашыратпай, сүлгінің де тазасын, құрғағын жаңалап бе­ріп тұрдың. Үлкендерден бата ал­ған бала жаман болмайды, – деп н­ағашым жеті-сегіз жасар неме­ресінің маңдайынан бір сипап қойды.

Содан соң қызмет қылған барша ағайынның бүгінгі қонақ күту барысында атқарған қызметін талдап, жіктеп, кем-кетігін қатты айтпаса да, сөз астарына салып баяндап шықты. Құтты бір өндірістік жиналыс өткізіп, ұжым мүшелерінің ісін талдап отырған адам тәрізді.

Тойтарқардан кейін қас қа­рай­май тұрғанда барар жерімізге же­тіп қалайық деп іле аттандық. Жол үстіндегі жолаушыға ой серік. Көп­ті көрген көшелі адамның тәлім-тәрбиесі екен ғой бұл. Сайып келгенде тойтарқар шай ішу ғана емес, кәдімгі тәрбие мектебі болып шықты. Қашаннан дастарқаны жиылмайтын дарқан қазақтың кісі күту мәдениеті, әдемі әдібі, мейманға көрсетер ыстық ықыласы осындайдан туындайды. Сан салалы шаруа бір арнада тоғысқан кезде жалпы жұрттың басын қосатын бірліктің қуатын арттыра түсетіндей. Дарқан даланың даналығын бойына жи­ған осы менің нағашымдай қа­зыналы қарттар барда әлмисақтан жалғасып келе жатқан тәлімді тәр­биенің арқау жібі үзілмейтін шығар.

Тойтарқардың түпкі мақсаты осы екен ғой.

 

Көкшетау