Қоғам • 21 Маусым, 2024

Тастағы бүлдіргі таңбалар

39 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табиғатқа тіл бітсе, тасқа қашалған тілім-тілім жазулардың жауыздық екенін айтары сөзсіз. Вандализм қоршаған ортаның тамашасын талқандап, көрікті келбетіне кесірін тигізетіні өкінішті. Көпшілік аялдайтын арнайы орындар, қала мен қаланы жалғайтын, әсіресе таулы аймақтағы күре жолдың бойындағы түйе тастарға аты-жөнін шимайлап кететіндердің көпшілігі – ересек адамдар. Бес күн жалғаннан көшкенде ныспысы онсыз да көктасқа жазылып қалмай ма? Өз атын өзі шақыратын көкек секілді есімін тасқа қашап кететін туристердің қатары артып бара жатқаны қынжылтады.

Тастағы бүлдіргі таңбалар

Жылдан-жылға «Бура­бай» мемлекеттік ұлт­тық та­биғи пар­­кі­нің аумағын тама­шалаушы­ ту­рис­тердің қатары артып ке­леді. Әттеген-айы, туристердің кейбірі табиғаттың тамашасын тек қызықтап қана қоймай, «артына із қалдырып», тастарға атын әдіптеп жазып кетеді. Оны өшіріп, бүлінгенді бүтіндеу орманшы инспекторларға қосымша шаруа ғана емес, ауыр жүк. Жұмбақтастың бауырына жақын барып жанарыңды суарсаң, жартастарға қашалған адам аттарынан көз сүрінеді. Вандализммен күресуді қолға алған мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманшылары Жұмбақтасқа қашалған жазуларды өшіруді тек қыс мезгілінде ғана іске асыратынын айтады. Себебі көлдің мұзы қалыңдағанда ғана құрылғыны жеткізіп, вандализммен күресті жалғастырған оңтайлы көрінеді.

Табиғи парктің аумағын қада­ғалайтын орманшылар тасқа қашалған жазуларды өшіріп, орасан шаруаны еңсере алмай жатқанда келген туристердің кейбірі келесі тасқа өзінің есім-сойын қашап кететін көрінеді. Әсіресе көл жағалауындағы жар­тас­тардың жақпарына және Бөлек­таудың бөктерінен бастап асуын­дағы қожыр тастарға «сызу сыза­тындардың» қатары артпаса, кемі­мей отыр. Орманшыларға шоқысы көк тіреген Бөлектаудың беткейіне жазуларды өшіруге арналған құрылғыны бөктеріп алып жеткізу де жеңіл емес екен. Орманшылар «жазғыштардың» әрекеті инспекторларға қан­шалықты ауыртпалық әкелетінін сезінсе дейді. Жазғы маусымда ат басын бұратын турис­терге табиғи парк орманшылары келіп-кету парақшасын үлестіріп, табиғатты қорғаудың әдебімен таныстырып, талаптарды ескертеді. Өкінішке қарай, одан да вандализм басылмай тұр.

«Жартастарға жазу жазып, граффити салу – зиянды әрекет қана емес, барып тұрған вандализм. Мұндай «сурет­шілерді» қатаң айыптап, жауап­кер­ші­лікке тарту керек, қомақты сомада айып­пұл арқалатып жазалаған дұрыс деп санай­мын. Вандалдардың әрекеті Ұлттық парк­тің табиғи ландшафтының келбетін бұзады, сондай-ақ тау-тастарға орасан жапа шектіреді. Жартасқа бояу жағуға бар болғаны бірнеше секунд жеткілікті, ал тазартып, жазуды өшіруге бірнеше сағат уақыт жұмыс істеуге тура келеді», дейді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманшысы Қайырбай Балтабаев.

Табиғи парктің аумағындағы таңба түскен тастарды тазалау жұмыстары қоршаған ортаға ешқандай да қауіпті емес. Құрылғының ішіндегі түйіршік бояуларды үгіте отырып қырып, шаң-тозаңын да сыртқа шығармай «жұтып» отырады. Орманшы Қайырбай Балтабаев жазғыштардың сүйкей салған жазбасының бір әрпін өшіруге 30-40 минут уақытты сарп ететінін қынжыла жеткізді. «10 шаршы сантиметрлік бір әріпті өшірудің өзі уақыттың соры. Тасқа жағылған бояудың құрамы мен қалыңдығына байланысты да жұмыс ауыр­лай түседі», деді Ұлттық табиғи парк орманшысы.

Адамдардың қашау немесе басқа да құралдарды қолданып жазуларды өз бетінше қолмен өшіруіне ты­йым салынған. Себебі бұл тастың беткі қабатын жұқартып, бүлінуіне әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ әртүрлі бояу еріткіштер қоршаған ортаға, әсіресе көлдердің биоалуандығына зиянын тигізеді.

Жартастарды тазарту үшін Ұлттық парктің қоршаған ортаға әсері аз, құрғақ ағынды вакуумды өңдеу арқылы жартас­тарды тазартатын арнайы құрылғы сатып алынған. Бұл жұмсақ әрі экологиялық тазарту әдісінің тау жыныстарының беткі қабатына ешқандай да зиян емес, тас мүжілмейді. Тек беткі қабатына жағылған бояуды үгіп отырып кетіреді. «Бурабай» МҰТП қолданатын технология жоғары қысымсыз, аз абразивті бо­лып саналады. «Жаңа технология ва­­куум­ мен арнайы түйіршіктерді қол­да­нуға негізделген. Тастың беті гер­ме­тикалық түрде бекітілген реактивті сор­ғыш арқылы тазартылады. Дәл әрі жылдам бағытталатын абразив тастың бетін за­қым­дамайды, кір мен бояуды ғана ке­тіреді», дейді «Бурабай» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркінің инженер-экологі Маржан Абдрахманова.

«Бурабай» МҰТП территориясын вандалдардың қашап кеткен жазуы мен суретінен тазарту жұмысын Ұлттық парк­тің барлық орман шаруашылықтары кезектесіп жүзеге асырады. «Экологиялық вахтаны» бірінші болып Бурабай орман шаруашылығының инспекторлары қолға алған. Олар Бөлектау, Көкшетау, Жеке батыр тауларының ең көп ластанған, туристер жиі баратын жерлерін тазалап, табиғаттың тамашасы бүлінбеуіне күш салып келеді.

Жартастарды тазарту парк қыз­меткерлері үшін ерекше маңызды жұмыс болып отыр. Экологиялық бастамаға турис­тер де үлес қосса дейді Ұлттық парк қызметкерлері. Келген әрбір турист табиғатты өзінің үйі деп қабылдап, аялай білсе деген уәж айтады. «Ұлттық парк аумағына қыдырып келген қонақтарымыздан табиғат аясында демалуға жауапкершілікпен қарауды, қоршаған ортаны аялауды, жартастағы вандализмге жол бермеуді, мұндай оқиға туралы бізге хабарлауды сұраймыз. Сұлу табиғатты сақтау, оған қамқорлықпен қарау – бәріміздің ортақ борышымыз. Келер ұрпаққа не қалдыратынымыз біздің пейілімізден ғана емес, іс-әрекетімізден де айқындалады», дейді Қайырбай Балтабаев.