Университет • 21 Маусым, 2024

Жоғары білімдегі инновация мен ынтымақтастық

62 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі білім берудің көш басында тұрған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық кеңістікте де жоғары беделге ие. Бүгінде аталған университет 500-ден астам шетелдік жоғары оқу орны және ғылыми орталықтармен халықаралық келісім орнатқан.

Жоғары білімдегі инновация мен ынтымақтастық

Әр оқу жылы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде әлемнің 30 елі­нен 100-ден аса шетелдік про­­фессор дәріс оқиды. Фараби ұстаз­дың Шығысқа сапары әлемге ашылған терезе саналды. Әлемнің екінші ұстазы сал­ған ағарту сапарын университет профес­сорлары табыс­ты жалғастырып отыр. Олар Мажарстан, Германия, Моң­ғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, басқа да елдердің уни­вер­ситет­терінде ғылыми зерттеулермен айналысып, білім береді.

Бүгінде бірегей жоғары оқу орны Ла-Сапиенца университеті (Италия), Лотарингия университеті (Франция), Висмар университеті (Германия), Реймс Шампань-Арденна университеті (Фран­ция), Кадис университеті (Испания), Лиссабон университеттік институты (INCSTE) (Португалия), Н. Коперник атындағы Торун университеті сияқты беделді шетелдік университеттермен бір­лескен және қосдипломды бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жө­нін­дегі ұлттық кеңестің отырысында қо­ғам күретамырының тынысын кеңей­те­тін жол ғылымда деп атады. Осы орайда Қазақ ұлттық университеті ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климат өзгеруіне қарсы күресте стратегиялық қадамын атауға болады. Ғылым дерекқорларындағы ең озық зерттеулер, іргелі және қолданбалы нәтижелерге мониторинг жүргізу, нәти­жесінде тиімді шешу механизмін ұсына білген университет ректоры Жансейіт Түймебаев климаттың өзгеруін зерттеуге және білім беруге арналған «Тұрақты да­му және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының құрамына тұ­­­рақты даму мақсатын іске асыратын 10 ин­новациялық зертхана ісін жолға қойды.

Жаһандық зерттеу көшінен лайықты орнын алған ғылыми орталық климат және модельдеу, цифрлық карто­гра­­фия және қолданбалы геодезия, GlobalSky (атмосфералық зерттеулердің инно­вациялық зертханасы), тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын тал­дау бағытында жұмыс істейді. Со­ны­­мен қатар ландшафттардың деграда­­ция­сын геоақпараттық талдау, гео­демо­гра­фиялық және әлеуметтік-экономика­лық зерттеулер, экологиялық қауіпсіздік, то­пы­рақ экологиясы, қоршаған ортаны ба­қылау шараларын іске асырады. Бұл – аталған зерттеулер еліміздегі су тасқы­ны салдарын зерттеу мен алдын алуда, оңтайлы технологияларды енгізуде үлкен бетбұрыс.

Университеттің климат өзгеруінде «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы жұмысынан бастау алғанын атап өткен абзал. Зертхана Орталық Азия өңірінде климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін жоғары деңгейдегі халықаралық ресурстық және экологиялық платформа құруға мүмкіндік береді.

Жаһандағы озық ойлы, іргелі қауым алысқан климат өзгерісіне күресте үшін­ші қадам ретінде заманауи «Farabi Chem Science» кластерінің құрылуы. Құрамына 9 ғылыми зертхана кіретін кластер химия және химиялық технологиялар факультетінде орналасқан.Заманына сай ашылған зертханалар қоршаған ортаны ластаушы заттарды айқындап, талдап, химиялық тоқ көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлейді. Мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерттеулер жүргізе отырып, қазақстандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияларға қарсы қорғаныш жабындарын алуды мақсат тұтады.

Химиялық ғылым кластеріне ана­лити­калық химия және қоршаған орта зертханасы, электрохимиялық өндіріс технологиясы зертханасы, мұнай-химия зертханасы, химия-медициналық зертха­на, жұқа органикалық синтез зертхана­сы, энер­гияны көп қажет ететін на­но­материал­дар зертханасы, перспек­тива­лық материалдар мен технология­лар зертханасы, жо­ғары дәлдіктегі материалдарды диагнос­тикалау зертха­насы және «Chemical Coatings Inno­vations» ғылыми-өндірістік орта­лығы кіреді. Сонымен бірге еліміздегі химия, медицина, биология ғылыми мек­теп­терінің жетекші зерттеу ортасы да осында. Сондай-ақ БҰҰ аясында 2026 жы­лы Қазақстанда Аймақтық климат сам­миті өтпек. Климаттың өзгеруіне қарсы күресте отандық ғалымдардың ортақ шешімдеріне, зерттеу нәижелеріне жетуде мұндай зерттеулер мақсатты болмақ.

Таяуда Қазақ ұлттық университеті ­QS халықаралық университеттер рей­тин­гінде әлемдегі ТОП-200 жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. Көш­басшы жоғары оқу орны 9 көрсет­кіш бойынша 67 позицияға жоғарылап, 230-орыннан 163-орынға көтерілді. Бұл деректен байқарымыз, ҚазҰУ – Орта­лық Азия жоғары оқу орындары ара­сын­да ең үздік 200 университеттің қатары­на енген алғашқы және бірегей жоға­ры оқу орны. Айта кетейік, кейінгі оқу жылдарында университетте кешенді құрылымдық жаңғырту жүргізіліп, бірлескен ғылыми халықаралық зертханалар ашылды. Жоғары стандарттар­ға сәйкес халықаралық аккредиттеуден өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленіп, шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, өз жұмысын бастады.

Білім ордасының әрбір оқытушы-ғалымы үздіксіз даму формуласына үлес қосып отыр. Зерттеу ұжымы жұмыла ­БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының 17 ба­ғыты бойынша білім беру бағдарлама­лары сапасын арттыра, инновация­лық зерттеулер мен жаңа технология­ларды жандандыра отырып, университет­тің тұрақты экожүйесін құру үстін­де. Академиялық бәсекелестік пен биік­тік өлшемінің келесі нәтижесі – Ұлт­тық университетті «Times» жоғары оқу орындарының ықпалы рейтингісінде ­400 позициямен алға жылжытты. Әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық универ­си­теті алғаш рет топ 401-600 жоғары оқу орындары қатарынан орын алды. Бұл халықаралық рейтингке әлем­нің 1 963 университеті енген. UNAI - БҰҰ академиялық ықпал ету бастамасы­ның хабы ретінде ҚазҰУ тұрақты даму мақсаттарын орындауда көш бастады. №5 «Гендерлік теңдік» бағытында 56-орынға, ал №7 «Қолжетімді және таза энергия» бағытында 68-орынға жайға­сып, үздік 100-дікке кірді. Университет­тің парасат биіктігінен көрінуі – бұл білік­ті менеджмент пен ұжымның тұрақ­ты мақсатының арқасында қол жете­тін тұғыр.

 

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы