Жәдігер • 21 Маусым, 2024

Абылайдың алты таспасы

104 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлттық ойындары көбіне тұрмыс-тіршілігі аттың үстінде, түйенің қомында өткен кешегі көшпелі жұрттың өмірлік тәжірибесімен біте қайнасып жатады. Өкінішке қарай, ұлттық ойын түрлерінің бірсыпырасы бүгінде ел жадынан өшіп, ұмытылып қалған. Сондай есте жоқ ойынның бірі – Абылайдың алты таспасы деп аталады. Бұл ойын бүгінде Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінде сақтаулы тұр.

Абылайдың алты таспасы

«Абылайдың алты таспасын мұра­жай қорына 1977 жылы Аман­гелді ауданы Ұзынқоға ауылында тұра­тын Батырболат Мұхамет­жан деген кісі тапсырған. Қабыл­дап алған – бөлім меңгерушісі С.Сәр­сенбаева. Акт нөмі­рі – 480. Абылайдың алты ағашы деген ­де ойын бар. Оны біздің жақта көп ойнай қоймайтын шығар. Бірақ естуім бар. Мына ойынның өзі біздің жақта көп белгісіз. Жалпы, бұл ойындар миды жаттықтыру­ға арналған адамның ой-өрісі­­нің дамуына пайдалы зияткер­лік ойын болса керек. Таспа ойынын тапсырған Батырболат атамыз­дың баласы Қасқырбай деген аға­мыз таяуда музейге келіп кетті. Ол кісі бұл ойынды білетін болып шықты», дейді музей қызметкері, ақын Батырлан Сағынтаев.

«Абылайдың алты таспасын» 1965 жылдары үйрендім. Оған себеп бол­ған – әкемнің інісі Хасен ағамыз. Ол ұлы Аманжол екеумізді отырғы­зып қойып, осы ойынды үйретіп еді. Кейін басқа інілеріміз үйренді, бірақ ешкім­ге дәріптемеппіз, солай жүре беріппіз. Негізі тоғызқұмалақ сияқты есепке құрылған ойын. Таспа – сиыр терісінен тілінген жіп сияқты қайыс, көбіне қамшы өргенде пайдаланады. Ұзынды­ғы – 40 см, ені – 5 см, қалыңдығы 1 см ағаштан жасалған сапты ара қашықтығы 5 см-нен тесіп, оған бес таспаны бір-біріне байланыс­тырып түбін тұйықтап байлайды. Алтыншы таспа ұзындығы 40 см шамасында шеңбер тәрізді тұйықта­лып байланады. Осы алтыншы таспаны жаңағы ағашқа бекітілген бес таспаға біріншісінен бастап бесінші соңғы таспаға дейін жеткізіп оны қай­тадан бірінші таспаға әкеліп, таспаны шығарып алу керек. Ойын ережесі – осы. Тұйықталған таспаларды шешуге болмайды», дейді Қасқырбай аға.

Қасқырбай Мұхаметжанның аға­сы Аманжолдың 9-сыныпта оқитын Ерсұлтан есімді ұлы екі жылдан бері ғылыми ізденіспен шұғылданады. Тақырыбы – ұлттық ойындар. Қала­лық, облыстық, республикалық бай­қауларға қатысып, жүлделі орындар­дан көрініп жүрген талапты бала енді Абылайдың алты таспасы ойынын қайта тірілтіп, ел ішінде көбірек насихаттау жағын ойластырып жүр. Соңғы байқаудың бірінде комиссия мүшелері Ерсұлтан­нан «Мұның Абы­лайдың алты тас­пасы екенін қалай дә­лел­дейсің? Бұл ойын қай жерде бар екен?» деп сұрапты. Бала «Атам­нан үй­рендім» деп жауап берген. Қас­қырбай аға осы әңгімені есті­геннен кейін әлеуметтік желі арқылы Абы­лайдың алты таспасы туралы мәлімет іздестіре бастайды.

«Менің өкінгенім, өзімнің туыстарым да, ауылдастарым да, сынып­тас­тарым да білмейтін болып шықты. Сосын, біз өзіміз ғана біліп, мәз болып жүре беріппіз ғой деген ой кел­ді. Содан кезінде институтта бірге оқыған, қазір Семейде тұратын Ғап­пас деген досымнан әлеуметтік желі арқылы бір хабар келді. Ол маған «Абы­лайдың алты ағашы» деген материал жіберді. Сол кезде барып Хасен ағамның бізге ойын үйреткен­де: «Абылайдың алты ағашы да осын­дай ойын, бірақ ол бұдан күрделі, оны ұмытып қалыппын» деп өкінгені есіме түсті. Енді қазақта «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз бар ғой. Мұны сол энциклопедияға енген алты ағаштың бір нұсқасы шығар деп ойлаймын. Енді мұны біздің әулетке Батырболат атам сіңісті етіп кеткен. Ол кісі жүйрік ұстаған атбегі, шеберлігі бар ұста кісі болған. Сондықтан бұл ойын туралы атам өзінің балаларына, біздің әкелерімізге айтып кет­кен шығар деп топшылаймын. Осы ­ойынды зерттеп жүрген балам алты тас­паның жасалуын, құрылысын, ойын ережесін түгел өз еңбегінде жазып көрсетті. Ол бір кітапша болып шығуы да мүмкін. Менің тілегім – қазақтың ұлттық ойындарында осындай ойын болған ба? Немесе Абы­лайдың тарихында осы ойынды ой­лап шығарғаны, әлде ойнағаны туралы мәлімет­тер бар ма екен? Осыған көмектері­ңіз қажет болып тұр. Ең құрыған­да, сұрастыра жүрсеңіздер, білетін­дер бар шығар. Біраз жерлерге хабар жіберген едім, жауап жоқ. Қызық екен, сонда бұл ойынды тек біздің әулет қана білетін болғаны ма?», дейді Қасқырбай Мұхаметжан.

 

Қостанай облысы