Футбол • 20 Маусым, 2024

«Елімайдың» екпіні күшті

24 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семейде футболдан Қазақстан премьер лигасының 11-тур ойындарында «Ақтөбе» мен «Елімай» футбол клубтары өзара кім мықтыны сарапқа салды. Үздіктер қатарындағы Семейдің футбол клубы турнир кестесінде алшаң басқан Ақтөбенің футболшыларын өз алаңында қабылдады.

«Елімайдың» екпіні күшті

Фото: vesti.kz

Бастауын өткен ғасырдың онын­шы жылдарынан алатын, «Ярыш» сапында теңбіл доп теп­кен Мұхтар Әуезовке барып тарих­тың бір ұшы тірелетін Алаш футболының Отанына баланған Семей футболының жағдайы 2022 жылға дейін он-он бес жылдың мұғдарында әлсіреп кеткені рас. Былтыр өз алаңында бірде-бір жеңіліс тіркемей, жанкүйерлерін тәнті еткен «Елімайдың» екпіні қатты екені рас. Содан кейін де «Ақтөбе» мен «Елімай» арасындағы ойын футбол әуесқойларынан бөлек мамандардың ерекше маңыз беретін матчтарының бірі болды.

Үш мәрте Қазақстан чемпионы, ел кубогінің иегерлері ойын бастала сала қонақтардың қақпасын торуылдап әбден састырды. Алғашқы минуттарда-ақ дүр­кін-дүркін шабуылдай түсті. «Ақтөбе» қорғаушылары арасынан суырылып шыққан Ндип Тамбтың соққан голы төреші шешімімен есепке алынбады. Өйткені ойыннан тыс қалған. Есеп ашуды көздеген ақтөбеліктер дегеніне жетіп, 25-минутта айып алаңының сыртынан айласын асырған Жайро Жан жанкүйерлерін қуантып командасын алға сүйреді. Бірінші таймның қалған жиырма минутында жандәрмен шабуылдаған «Елімай» төреші қосқан екінші минутта есепті теңестірді. Семейдегі «Спартак» стадионындағы тоғыз мың көрерменнің көзайымына айналған белоруссиялық жартылай қорғаушы Никита Корзун.

Осылайша, матчтың бірінші таймы тең аяқталса, ойынның екінші жартысы тіптен тартысқа толы болды. Қос команда да доп өткізіп алмаудың қамын жасап бақса да, жартылай қорғаушы Максим Самородов 78-минутта «Ақтөбенің» мейманасын тасытты. Бүгінгі күнге дейін өз алаңында еш жеңілмей жүрген «Елімай» ойынның соңына қарай тіптен екілене шабуылдауға көшті. Еңбегі еш кетпеген бразиялиялық легионер 86-минутта бас­пен гол соғып, есепті теңестірді.

Он бірінші тур ойындарының нәти­жесіне орай ел үмітін ақтауға барын салып келе жатқан «Елімай» турнир кестесінде 17 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді. Ал Қазақстан суперкубогінің үш дүркін иегерлері «Ақтөбе» болса 19 ұпаймен көш бастап келеді.

P.S. Жалпы алғанда өткен апта Семей футбол жанкүйерлері үшін өте сәтті аяқталды. Апта соңында «Семей» футболзал клубы алматылық «Қай­ратты» жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Қатарынан жиырма мәрте чем­пиондық атақпен қанжығасын майлаған «Қайрат» Семейдің футзал клубына есе жіберіп, 2023/24 маусымның екінші орынын місе тұтты.

 

Абай облысы