Қоғам • 24 Маусым, 2024

Қылмысты ашу үшін сыни ойлау қажет - криминалист

358 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Криминалист – қылмыстық құрамы бар оқиға орынына басқадан бұрын жететін зерттеуші. Осы мамандардың кәсіби әрекеті, қырағылығы - күрмеулі қылмыстың түйінін тарқатудың алғышарты. Тәулігі түрліше құбылатын криминалистиканың қыр-сырын білмекке құмартушылар көп. Біз 2008 жылдан бері Құқық қорғау қызметінде, 2013 жылдан криминалистикада елеулі еңбек етіп жүрген Астана қаласы Есіл аудандық полиция бөлімнің  қызметкері Ринат Мұқышевпен саланың сан қырын сараладық.

Қылмысты ашу үшін сыни ойлау қажет - криминалист

Фото: Egemen.kz

«Қылмысты ашудың ерте-кеші жоқ»

«20 мамыр. Күн арқан бойы көтерілмей-ақ Астана қаласы Есіл аудандық полиция департаментінің «Криминалистика» бөлімшесіне түрлі дәрежедегі қылмысқа күдікті 33 азамат жеткізілді». Түнгі кезекшіліктен шыққан криминалист Ринат Серікұлы, ең әуелі, кейінгі жұмыс күнін түйіндеп алды. Ендігі меже – қылмысты кім, қашан, тәуліктің қай мезетінде, қалай жасағанын анықтау. Кейіпкеріміз үшін қат-қабат шиеленіскен қылмысты ашудың ерте-кеші жоқ.

«Жайсыз жағдайға тап болған азаматтар жұмбақ жағдайды құзырлы органға қаншалықты тез хабарласа, оның сырын ашу соншалықты жылдам болады. Мұндайда, біз, іле-шала оқиға орнына аттанып, белгіленген аумақты қызыл-ақ қоршаумен бекітеміз. Бұл қылмыскердің аяқ-қол іздері бөгде адамдардың іздерімен араласып кетпеуі үшін қажет. Қоршалған орынға өзіміз де арнайы аяққап, қолғаппен кіреміз. Әр айғақты дәл сол сәтте суретке түсіріп, тіркеп қоямыз. Қазір технология дамыған заманда басым аймақтар бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Аулалардағы, ғимаратқа кіре берістегі, үй-жайлардағы камераларды жіті тексеру нәтижесінде күдікті тез қолға түсіп жатады. Сондықтан күрделі қылмыстың өзі тәулік ішінде айқындалады. Ал бейнебақылау құрылғысы жоқ жерлерден айғақтарды табуға тырысамыз. Сондай-ақ аяқ, қол ізі, алақан иісі алынады», деді Ринат Мұқышев.

Криминалистер үшін қылмыскердің жымысқы әрекетін қолғап, бетперде киіп жүзеге асырғаны да кедергі емес.

«Әккі қылмыскерлер жеке-басын жасыратын атрибуттарға жүгініп жатады. Оқиға осылай өрілген жағдайда мамандардың да зерттеу тәсілдері өзгереді. Аяқ киім ізі арқылы адамның салмағы, бойы қанша екенін табаны тиген жердің ерекшелігіне қарай болжанады. Қылмыс орнынан табылған барлық аяқ киім іздері сараптамаға алынып, оның иелері куә ретінде тартылады. Мәселен, бір үйде тонау болып, ол 1 аптадан кейін хабарланса сол уақыт аралығында үйге келгендердің аяқ киім ізі алынып, салыстырылады. Белгілі адамдардың аяқ киім ізінен бөлек болған із күдіктінің ізі ретінде қаралады. Аяқ киімнің іздері көп болуы бізге қорқыныш тудырмайды, керісінше, ол көп болып оның иелері анықталған сайын күдіктіге жетер жол қысқара түседі. Саусақ іздері де солай зерттеледі. Оқиға орнындағы із бен күдіктінің саусақ іздерінің сәйкестігін папилон аппараты анықтап береді», дейді криминалист.

дд

Маманның айтуынша, оқиға болған үйдің көршілері келтірген дәйектер де көп ретте қылмыскерді ұстауға септеседі. Олардың сипаттауымен күдіктінің фото-роботы жасалады. Ал күдіктінің сұлбасы бейнебақылау камерасына іліккен жағдайда «Визирь» бағдарламасы күдіктінің бейнесін айқынырақ етуге қауқарлы.

«Күдікті ұстаған әр затта алақан иісі қалады. Қолға түскен адамның иісі оқиға орнынан алынған иіспен салыстырылады. Оның 100 пайыздық сәйкес келуін одорологиялық, яғни, иісті анықтайтын зертхана тексереді. Одорологиялық тәсіл, жоғалған адамды табу үшін де көп қолданылады. Бұл іске иісшіл иттер де тартылады. Мәселен, қылмыс жасалған орында күдіктіге тиесілі киім табылса, ол кинологиялық итке иіскетіледі. Күдікті алысқа ұзап кетпесе, үйретілген иттерге қылмыскерді табу қиынға соқпайды. Күдіктіге тиесілі зат иттерге 8-9 км сайын қайта иіскетіліп тұрады», деді Ринат Серікұлы.

«Криминалист маман фантазиясына ерік беру керек»

Нақты айғақ, нық шешім екінші есіміне айналған криминалистер қиялына ерік беретін мезеттер де болады. Олар кейде, өзін қылмыскер ретінде сезінеді. Күдікті істеуі мүмкін әрекеттерді де қайталайды. Мұның бәрі қылмыстың бетін ашу үшін жасалады.

«Қылмыс жасалған орындарда қол іздері аз болса криминалист фантазиясын іске қосу керек. Күдіктінің орнында болғанда не істер едім... сыни ойды қосамын. Оның әрекеттерін қайталап көріп, саусақ іздері қайда қалуы мүмкін екенін болжап, сол жерден саусақ ізін аламын. Осындай іс нәтижесінде бірнеше қылмысты аштық. Мәселен, асүйдегі тартпаны бәрі тұтқасынан ұстап жауып жатпайды. Тұтқаның жанынан итере салатындар бар. Ал дәл сол жерден саусақ ізі табылып жатады», деді криминалист.

Криминалистика – күрделі сала. Қызығушылықпен бірге тәжірибені шыңдап отыру маңызды. Ринат Мұқышев бұл қызметте 10 жылдық тәжірибесі болса да әріптестермен «кеңесіп пішкен тон келте болмайтынын» тілге тиек етті.  

оо

«Криминалист болу үшін жоғары қызығушылық керек. Қызықсаң қылмысты ашу, сол бағытта жұмыс істеу қиын емес. Біздің жұмыста бір оқиға күн сайын қайталанбайды. Әртүрлі оқиғаға тап боласың. Күнде алдымызға жаңа жұмбақ түседі. Құпияны ашуға ынтығып, қызығып тұрсаң бәрі оңай. Әрдайым әріптестің пікірін білу, оқиғаны талқылау, таразылау жұмысты жеңілдетеді. Ал кісі өлімі сынды ауыр қылмысты зерттеуге психологиялық тұрғыда дайындалып барамыз. Айналаның бәрі қан-жоса болса да салқынқандылықты сақтаймыз. Осы тұста көпшілік үшін қызық болар мына жайтқа назар аударғым келеді. Қылмыскерлер, сілекей, қан т.б тамған орынды арнайы сұйықтық не сумен жуып тастап, із қалдырмағансиды. Алайда едендегі қан ДНҚ-сы мүлде өшпейді. Біз арнайы ұнтақтар арқылы қанды еден бетіне шығарамыз. Менің тәжірибемде киім-кешекті, айғақты жуып, белгісіз орынға лақтырып жіберсе де су өткізетін құбырдан ізді алып, сол арқылы қылмысты ашқан сәт болды», деді Ринат Серікұлы.

Асылында ҚР Қылмыстық кодексінде криминалистке істен бас тартуға мүмкіндік берілген. Алайда Ринат Серікұлы мен оның айналасындағы мамандар бұл жеңілдікке жүгінбеген. Олар үшін әр іс – адам тағдыры.