Білім • 25 Маусым, 2024

Құрғақшылықтан құтқаратын жоба

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде инновациялық жо­ба­лар әзірлеуге ден қой­ған оқу­шылар жеткілікті. Олар көптеген саладағы олқылықтарды жоюға қолдан келгенше үлес қосқысы келеді. Жаңа техно­логия­ның дәуі­рі туғанын түсінген жас­өс­пі­рім­дер қайт­кен күнде де жаңа қадам арқылы жаңалық әкелуге тырысып жүр.

Құрғақшылықтан құтқаратын жоба

Жамбыл ауданында да із­деніске құмар білім алушы­лар аз емес. Олар түрлі иннова­ция­лық жобалар әзірлеп, жаңа­шыл­дыққа жаны құмар еке­нін байқатты. Әсіресе Юрий Гага­рин атындағы мектеп-лицейі­нің оқушылары су тапшылығы­на қар­сы күреске белді бекем буып кіріскен секілді.

Сегізінші сынып оқушылары Сәбина Жарқынбек пен Марал­бек Әсембекті ауылдағы ағын су­дың тапшылығы айтарлықтай алаңдатқан көрінеді. Олар құр­ғақ­шылық кезінде де ауыл ша­руашылығының өркен­деуі­не сүбелі үлес қосатын инно­ва­ция­лық жоба ойлап тапты. Тың жобаны өндіріске қосқысы келе­тін жасөспірімдер қолға алған ісі нәтиже берсе, басқа да жобаларға ден қоюға ниетті.

«Соңғы жылдары орын алған құрғақшылық кімді де болсын, толғандырмай қоймайды. Ағын судың тапшылығымен күресетін кез келіп жетті. Біз ойлап тапқан жоба саланы құрғақшылық­тан құтқаруға бағытталғанын айта кеткен ләзім. Ауыл шаруа­шылығына аңсары ауған фермерлер мен кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық туады деген үмітіміз басым.

Өсімдікті гидропоникалық жолмен өсіру – еліміздің су тапшылығы байқалатын аймақ­тарындағы фермерлер үшін тиімді шешім. Осыны қаперден шығармаған жөн. Сондай-ақ малға арналған жемшөпті әзір­леуге бар болғаны жеті күн жет­кілікті екенін атап өткіміз ке­леді. Бұл өз кезегінде мал бор­дақылаумен айналысатын кәсіпкерлер үшін тиімді екені сөзсіз. Сондықтан да олар біздің жобаға қолдау білдіреді деген ойдамыз», дейді жаңашылдыққа бет бұрған талантты жастар.

Жаңа жобаны жетілдіруге кі­ріскен оқушылардың жетекшісі Анар Айтекова инновациялық жобаның келешегі бар еке­ніне сенімі зор. Оның айтуын­ша, инновациялық жоба тек құр­ғақшылық мәселесін ше­шіп қоймай, экологиялық мәсе­лелердің де оң шешім табуына ықпал етеді екен.

Терең ізденіске кіріскен оқу­шылар өздері қолға алған жоба­ның тиімділігін кез келген жер­де дәлелдеуге әзір. Олар өз­дері қолға алған істің нәтижелі бол­ға­нын қалайды.

 

Жамбыл облысы