Абай • 03 Шілде, 2024

Кемелдік кепілі

68 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Абай ақылнамасының алып арнасы – түп иесін көксеу. Оған жеткізетін «имани гүл» тұғырлы тұжырымдамасы. Ол сана иесін адамзатты, әді­лет­­ті және Жаратушыны сүюге шақырады. Бұл – ынталы жүректің еңбек үдерісі. Нәтижесінде, «Құдайдың орынбасары болу» деген адамның асыл мұраты анықталады. Хакім дүниетанымында оған қол жеткізген бол­­мыс «кәмал-и инсан» мәртебесіне көтеріледі. Белгілі абайтанушы Тұр­сын Жұртбайдың «Толық адам» әдеби-салыстырмалы рисаласында Абай­дың­ сыртқы (заһир) және ішкі (батин) әлемі жан-жақтан зерт­теледі.

Кемелдік кепілі

Зерттеу жұмысы екі кітаптан тұрады. «Сол шыншыл: Хақ және Жалғыз» атты бірінші кітапта Абайдың даналық мәйегі мен абайтанудың ең күрделі де тылсым жұмбағы – әлемді пәлса­па­лық тұрғыдан ойлау және оны қабылдаудың алғашқы екі сатысы па­йымдалады. Бірінші саты – шариғат. Бұл – фәни тіршіліктегі барлық ақыл-ой мен амалдың қам-харекетін қамтитын таным кеңістігі. Екіншісі – тариқат. Мұнда тал бесіктен жер бесікке дейінгі ақ жолдан адаспаудың заңдылықтары қарастырылған. Ал «Бір кемел» аталатын екінші кітап Абайдың ішкі әлеміне арналып жазылған. «Ақыл азығы – мағрифат» бөлімінде: Жаратқан мен шексіз жаратылысты «жүрегіңде кір қалдырмай» шәксіз тану, сол арқылы, рухани кәмелетке жету мәселелері талданады. Ал «иман азығы – ақиқат» бөлімінде: мәңгі бақилық дидарғайып ғұмыр­дың ең соңғы нұр әлемі (арсы-күрсі), жаратылыстың түпкі түйіні – ақиқат сырлары Абайдың көзқарасы арқылы сараланады. Енді барлығын байыппен баяндап көрелік.

1934 жылы шыққан Мұхтар Әуе­зов­тің «Абай ақындығының айналасы» атты ғылыми мақаласында «Абай­дың Шы­ғыстан кірген бұйым­да­рының басы – ислам діні» деп атап көрсетеді. Сол себепті Абай әле­міне бойлаған кез­де, ондағы таным табалдырығын исла­миятсыз аттай алмаймыз. Ғалым Мекем­тас Мыр­захметұлы «Абай және шығыс» еңбе­гінде ислам дініне грек фило­софия­сын пайдалану арқылы тео­ло­гияны түсінідіріп, табиғат, адам, қоғам құбылыстарына логика тұрғысынан жауап беруге тырысқан мүтә­калламистердің (арабша «кәлам» – логос, ал «мұта» сөзі кәлам ілімін насихаттаушы, таратушы дегенді біл­діреді) Абай талқысында сынға ұшы­рауын тарқатып жазады. Онда ақыл­мен танылуы мүмкін емес түп иені (Алланы) жүрекпен ғана сезінуге бола­тынын жеткізеді. Ал ондай руханият дәрежесіне жоғарыда Тұрсын Жұр­т­бай тәпсірлеп отырған шариғат, тариқат, мағрифат және ақиқат атты руханият сатылары апарады. Шәкірті Зар­нұқи (Данышманд) арқылы жеткен Қожа Ахмет Ясауидің «Мират-ул Кулуб» еңбегінде бұл түсініктің «Шари­ғат – сөздерім, тариқат – істе­рім, хақиқат – халдерім» деген Пай­ғам­бар хадисінен тамыр алып отырғанын түсіне аламыз. Тұрсын Жұртбай осы сатылардың ой мәйегін шариғат ұйы­та­тын және ол адал, таза, әділетті, қиянатсыз мүмін болып өмір сүрудің басты шарты екенін баса айтады. Әрі қарай ғалымның өзі сөйлесін. «Шариғатқа «Ар ілімін» игеру ар­қы­лу қол жеткізуге болады.

Абайдың:
«Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз», –
деп отырғандағы ғылымы – осы шариғат ғылымы. Шариғи ғылым: пәлсапа, таным, теология, жаратылыстану, жұлдызнама, ғарыштану, жағрафия, экономика, психология, әдеп, әдебиет, заң-дәстүр, тарих, қысқасын айтқанда, он сегіз мың ғаламдағы мұқым үйлесімділіктің сыры мен құпиясын меңгерген, өмір сүрудің заңдылықтарын қамтамасыз ететін, ондағы тепе-теңдіктерді сақтайтын, қарама-қайшылықтар­ды реттейтін, ғаламшар мен олар­дың ара­сындағы қозғалыстарды бейбіт-тыныштықпен дамытудың тәртібін үйлестіретін ғылым. Шари­ғат­тың осы тылсым заң­ды­лықтарын игергенде ғана мүслім атанасың. Содан кейін барып шариғи үкім шығаруға, ел басқаруға, шәкірт тәрбиелеуге, иман жолын насихаттауға, заң шығаруға құқық аласың.

Абайдың:
«Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел», – дейтін кеме­лі осы сатыда қалыптасады», дейді ғалым. Шариғаттан кейінгі сатыдан орын алатын, кісіні хакімдік деңгейге жеткеретін ілім деңгейі – тариқат. Бұл турасында Сәбит Мұқанов та хабардар болған. Ол өзінің «Халық мұрасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қазақта шариғаттан тариқат басым болған. Бұл заңды қолданушылар – билер». Тұрсын Жұртбай «Тариқатқа тағзым» бөлімінде аталған рухани мақамның тақуалық тамырын, танымдық тара­уын және тәжірибелік тәлімін Абайдың ғақлияларындағы белгілерін бедерлеп көрсетеді. Соны­мен тариқаттың негізгі шарттары не? Тұрсын Жұртбай ең әуелі «Құран сөзінің мағынасына негізделген ой толғау» деп береді. Кітаптың тізгін қағар сәтінде айтылған Құнанбай­дың қолы­нан түспейтін алақандай «Бәдуам» да – осы тариқат негізін үстей­тін мінәжат түрі. Бұл сатыны игеруге бел байлаған кісі үнемі ой үстінде жүруге тиіс. Хакімнің үш сүюді айта келіп, соның жолында «ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ, бас­ты байла жолына малың түгіл» дегені осыдан келіп шығады. Одан Құдайға деген ғашықтық келіп шығады. Ол – сана иесін болмыс бірлігіне, таным тұтастығына жеткізетін рухани күш. Абай қарасөзінде былай деп тү­сін­діріледі: «Алла Тағаланың пен­­десін махаб­бат уә мәрхәматпен жа­рат­қанын біліп, махаббатына махаббатпен ғана елжі­ремекті құдаға ғашық бол­ды дейміз».

Сонымен, шариғатқа иланып, тариқатқа бел байлап, «толық адамға» жеткізетін таным жолы – мағрифат. Мағрифатулла – Алланы тану деген сөз. «Діннің хақ мағрифатына жету оңай емес» дейді Абай. Оған үлкен рухани еңбек арқылы қол жеткізеді. Оның кілті – сенімге төзімді және сабырлы болу. Бұл Абайдың: «Мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек» деген ғақлиясымен астасып жатыр. Алдамшы қызықтан бас тарту, әділетті болу және ниет-ықыласыңды таза ұстау – мағрифат мақамдары.

Келесі әрі соңғы саты – ақиқат. Күл­­лі болмыс осы нүктеден тарап жа­тыр. «Мекен берген, халық қылған Лә­мә­­канды, яғни түп иесін көксеп» хақ­­тыққа жету – мақсаттың басты нәти­­жесі. Шәкәрімнің «бұзылмайтын шын­­дығы» да, міне, осы. Ол халге еш­қа­­шан толық анықтама бере алмай­мыз. Абайша түсіндірсек, «ақылға сый­мас – ол Алла».

Қош, Абайдың әдеби мұрасын­дағы руханият мәселелеріне хал-қа­дерінше түсініктеме берген Тұрсын Жұртбайдың аталған зерттеуі – абай­тану­дың жаңа баспалдағы. Ғақли ғиб­рат­қа Абай арқасын тіре­ген Шығыс, оның ішінде мұсы­лманшылық тере­зесінен қаралған еңбек қазақ оқыр­ма­нының көңіл көкжиегін кеңітіп, жүрек сарайын жылытады деп есептейміз.