Өнер • 04 Шілде, 2024

Кестенің бізі

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ойын оюмен, сезімін суретпен жеткізу – адамзат санасының алып жетістігі. Рәміздік ойлау жүйесінің ерте заманнан қалыптасқанын ежелгі өркениет үлгілеріне қарап көз жеткіземіз. Астыртын ақпарат, құпия мәтіннің барлығы ұрпаққа көркем рәміздер арқылы тасымалданады. Бұл өнер үдерісі әлемнің барша халықтарына кең танымал. Оның ішінде қазақ халқының кесте өнерінің сыры мен сипаты ерекше.

Кестенің бізі

Сіздердің назарларыңызға кесте тігіп отырған қазақ әйелінің суретін ұсынып отырмыз. Суретті түсірген – француз адмиралы Кавалье де Кювервиль.

Біздің пайымдауымызша, бұл – адмиралдың 1853 жылы Ресей империясы мен Ұлыбритания, Франция, Түркия, Сардиния одақтары арасында өткен соғыс кезіндегі Қырымға барған миссиясы кезінде жасалған рәсім. Отызға тола қоймаған жас келіншек қара үйге сүйеніп кесте тігіп отыр.

Этнолог Садық Қасимановтың деректеуінше, халықтық кесте өнерінің алуан түрлі әдісі бар. «Кесте өнерінің көнеден келе жатқан түрлері мынау: біз кесте, айқас тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шымкесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Біз кесте дөңгелек немесе төртбұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Ал шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады. Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады» дейді «Қазақ халқының қолөнері» еңбегінде. Ендеше, суреттегі келіншек материалды кергішке керіп біз кесте тігіп отыр деп тұжырымдай аламыз.

Қазақ оқырманы назарына алғаш ұсынған Серікбол Хасан екенін айта кеткен жөн.

Халықта кестені «көңіл сызады, қол тігеді, көз сынайды» деген сөз бар. Көңілінің көшірмесіндей кестені әдіптеп отырған келіншектің кескіні мұрағаттың құнды жәдігері болып қала бермек.