Мәдениет • 06 Шілде, 2024

Керекуде жаңа күйдің тұсауы кесіледі

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Ұлт­тық домбыра күніне орай жаңа композиция – «Алаш қыран­дары» күйінің тұсауын кескелі отыр. Оркестр күйшісі, сыбыз­ғышы Ұғыбайдолла Мүфтәннің бұл туындысы алғаш рет үлкен сахнада орындалып, тыңдарман тарапынан лайықты баға­сын алады деген сенім зор.

Керекуде жаңа күйдің тұсауы кесіледі

Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрін қанатының астына алып отырған Иса Байзақов атындағы облыс­тық филармонияның басшысы Амангелді Қожановтың айтуынша, тұсауын кескелі отырған жаңа күй Ертіс-Баян өңірінің күйшілік өнерінде үлкен жаңалық болады деп күтілуде. Себебі қазіргі таңда оркестрге лайықтап ірі форматтағы шығармалар жазатын композиторларды табу үлкен мәселе. Оркестрге орайлас­тырып күй шығаратын отандық автор­лар жоқтың қасы деуге бо­ла­ды. Ал «Алаш қырандары» – қазақ­тың рухын көтеретін, Алаш­­тың айбарын асқақтатып, азат­­тық жолында өмірін қиған тұл­ға­ларымызды әспеттеуге арнал­ған ауқымды туынды. Оркестр орындауындағы жаңа ком­по­зиция сәтті шығатын болса, бола­шақта еліміздегі күйші­лердің репер­туарынан ойып орын алатыны анық.

«Ұлттық домбыра күнін жо­ғары деңгейде атап өтуге біз­дің филармонияның оркестрі жыл сайын барын салып да­йындалады. Биылғы мереке біз үшін аса маңызды болып тұр. Себебі оркестрге есімі берілген атақты жерлесіміз, дауылпаз күйші Рүстембек Омаровтың туғанына 105 жыл толып отыр. Ұлт аспаптар оркестрінің 10 жыл­­­дығында, яғни 2017 жылы бір топ азамат жүгіріп жү­ріп, әйгілі өнерпаздың есі­мін оркестрге алып бердік. Бұл қатарда оркестрдің бас дири­жері, көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрі­мовтің еңбегін де лайықты атап өткен абзал. Рүстембек атамыз қазақтан шыққан кәсіби домбырашы, Құрманғазы оркестрінің бас домбырашысы болған. 1934 жылы Ахмет Жұбановтың көзі­не бірден түсіп, Құрманғазы оркестрі алғашқы қабылдаған 10 күй­­шінің қатарынан табылған. Осы ретте Ұлттық домбыра күніне орай өнер иесінің жастық шағы мен Қарт Ертістің ағысын күйге қосып, ролик түсіріп жатырмыз. Мерекедегі ең үлкен тарту оркестр орындау­шысы Ұғыбайдолла Мүфтән­нің «Алаш қырандары» күйі болмақ. Қазіргі уақытта біздің филармония­ның 9 ұжымы бар, әрқайсының өзіндік көрермен аудиториясы қалыптасқан. Бұл біз үшін үлкен жетістік деген ойдамыз. Өнер ұжымдарында жас­тар баршылық, ұлт аспаптар оркестрінің өзін 25 па­йыз жастар құрап отыр. Бұған қоса ізбасарларымызды да­йындау мақсатында «Самға» деген жобаны қолға алып, мектеп оқу­шылары мен студенттерді үлкен шығармаларды орындауда қата­рымызға қосып жүрміз. Үлкен сахнаға жас толқынды осылайша бейімдемек ойымыз бар», дейді Амангелді Қожанов.

«Алаш қырандары» күйін Ұғы­байдолла Бейсенұлы 2020 жылы, пандемияға байланыс­ты ел бүтіндей үйде қамалып отыр­ған уақытта шыға­рып­ты. Бірде теледидардан Алаш көшбасшысы Әлихай Бөкей­хан туралы қысқа­метрлі авто­био­гра­­фиялық фильм көрсетіліп, жас өнерпазға үлкен ой салса керек. Қазақ хал­қының тәуел­сіз­дігі жолында аянбай күре­сіп, өмір­лерін қиған алаш­тық­тар­дың тағдырын, басынан өткер­ген қиындықтарын, ел алдын­да берген анттарын, сол кездегі тә­уел­сіздік үшін жасаған қадам­да­рын ойша елестетіп, қатты әсер ала­ды.

«Сол әсердің құшағында теледидар алдында ұйықтап кетіп­­пін. Түсімде қыран құстың аспанда­ қалықтап ұшып жүргенін көріп қалдым. Қанаттарын еркін созып, биікте бір өзі самғап, аспанның патшасы екенін танытып тұр екен деймін. Келесі күні күйдің бастапқы әуендері санамда ойнай бастады. Әуел бастан-ақ шығармамды Алаш елінің алыптары, яғни қырандары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлына арнап,­ «Алаш қырандары» деген атау бердім. Кейін ол өзгеріске ұшы­рап, кәсіби шығарма ретінде ор­кестрдің сүйемелдеуімен жеке дом­быра аспабына лайықтап тү­сірілді. Осылайша, арада 4 жыл өткенде сәті түсіп, шығарманы Ұлт­тық домбыра күніне орай алғаш рет көрерменге таныс­тыр­мақ­­пыз», деп өз ойымен бөлісті күй авторы.

Күй әуелі баяу басталып, халқымыздың мұң-зарын бейнелегендей болады. Одан әрі шығарманың өн бойында ерекше бір ырғақ пайда болып, «Алаш» партиясының алғаш­қы қадамдары, азаттықтың ақ таңын жақындатуға деген ұлт зиялыларының талап-тілегі қылаң бергендей. Компо­зи­цияның соңына қарай өзгеше бір ырғақ арпалыстың, Алаш қайраткерлерінің күресін жеткіз­гендей болады. Бас дирижер Талғат Кәрімов Ұғыбайдолланың ұстазы болғандықтан ба, күй ырғағын оркестрге кіріктіруде автор мен дирижер бірін-бірі жақсы түсініп, үйлесіммен еңбек еткендері байқалады.

Күй авторы туралы бір-екі ауыз сөз қоса кетсек. Ұғыбайдолла Мүфтән 1994 жылы Павлодардың Май ауданы, Көктөбе ауылында дүниеге келген. Байғабыл Жылқыбаев атындағы өнер мектебін, Павлодар музыка­лық кол­леджін, С.Торайғыров және Ә.Марғұлан атындағы педа­гогикалық университеттерін тәмам­даған. Республикалық, халық­аралық байқаулардың лауреаты. 2018 жылы «Әл-әки» халықтық фольклорлық ансам­бліне, кейін Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне қабылданады.

Тыңқылдағанның бәрі күй емес, ол өзінің формасына келуі, дамуы, сол арқылы шыңына шығуы керек. Ендеше, ұзақ уақыт әбден пісігі жетілген жаңа туынды, «Алаш қырандары» күй композициясы күйсүйер қауымға өз деңгейінде таныла берсін дегіміз келеді.

Павлодар облысы