Мәдениет • 27 Шілде, 2024

«Comic Con Astana»: Креативті ойлар керуені

118 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана ел астанасында халықаралық «Comic Con Astana» фестивалі басталды. Комикстер, кинематография, видео ойын­дар, аниме және гик-мәдениеттің өзге де бағыттарына арналған дода биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан Орталық Азиядағы ең ірі әрі танымал, ерекше форматтағы фестивальға халықаралық студиялар, продюсерлер, танымал блогерлер мен кәсіби косплей суретшілері, сондай-ақ Голливуд жұлдыздары да арнайы ат басын бұрған.

«Comic Con Astana»: Креативті ойлар керуені

Атап айтсақ, «Доктор Стренж», «Казино Рояль» фильм­дерінде басты рөлді сомдаған Мадс Миккельсен қатысып отыр. Одан бөлек, Чак Ревью (Даниил Лазаренков) және Анастасиз (Анастасия Бурчуладзе) бейне­блогерлері, дубляж актерлері Все­волод Кузнецов, Петр Гланц, Ислам Ганджаев, Егор Васильев бар.

Фестиваль бағдарламасында кездесулер мен автограф сессиялары, арнайы көрсетілімдер мен тұсаукесерлер, косплей-шоу, комикс аллеясы, музыкалық орындаушылар мен би топтарының қойылымдары жоспарланған. Ерекше форматтағы жоба креа­тивті идеяларға толы. Әлемдік студиялар фестиваль алаңында өздерінің интерактивті және ойын-сауық стендтерін ұсынады. Фестиваль шоу-бағдарламасының дәстүрлі элементі – Еуропаның танымал қазылар алқасының мүшелері және жүлде қоры 12 000 000 теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы болмақ.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, фестиваль аясында елі­мізге 5 мыңға жуық турист келеді деп жоспарланған.

«Аталған фестиваль елордада алғаш рет 2019 жылы өткен еді. Одан кейін 2023 жылы және биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ерекше жобаның мақсаты – Астананы әлемге танытып, туризм саласын дамыту. Былтыр 50 мыңнан астам адамды қабылдаған едік. Бүгін 45 мыңнан астам билет сатылды. Жеті жасқа дейінгі балалар тегін кіреді, осылайша шамамен 100 мыңға жуық адам болады деп жоспарлап отырмыз. Мұндай фестиваль әлемде ауқымды түрде өте бермейді. Сондықтан алыс-жақын шетелдерден де 3-5 мың қонақ келді. Әрине, шекаралас жақын елдерден көбірек келеді. Фестиваль негізінен демеушілер есебінен жүргізіледі», дейді Ас­тана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабай.

Мәдени жобаның басты жүл­десіне қатысуға 14 елдің кос­плейшілері өтініш білдірген. Мәселен, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, БАӘ, Қытай, Гүржістан, Черногория, Ұлыбритания, Армения, Кипр және Таиланд. Косплей байқауында қазылар алқасы құрамында Даниядан келген косплейші және костюм шебері Trine, халықаралық чем­пионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Франциядан келген косплейші Cinderys, сонымен қатар тәжірибесі мол косплейші, «Comic Con Astana» 2023 косплей байқауының жеңімпазы Keller бар.

Жоғарыда атап өткені­міз­дей, фестивальдің басты хед­лайнер­лерінің бірі – «Ганнибал» сериалымен, сондай-ақ «Доктор Стренж», «Казино Рояль», «Rogue One: A Star Wars Story», «Indiana Jones and the Dial of Destiny» фильм­дерімен танымал дат актері Мадс Миккельсен болмақ. Сондай-ақ ТМД елдеріне танымал «Слово пацана. Кровь на асфальте» сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған актер Рузиль Минекаев конвентке қатысады.

Көптеген көрерменнің жанарын жаулаған дорамалар мен корей фильмдерін аударуға және дубляж жасауға маманданған танымал «SoftBox» студиясының негізін салушы «Ханзада Лимон мен Аконья» есімімен танылған Юрий және Аруна Ким де арнайы келеді.

Продюсер, суретші, survival horror және визуал хоррор жанрын­дағы «Зайчик» компьютер ойынының авторы Saikono Joker, «Ведьмак» жанкүйерлері үшін Maul Cosplay атымен танымал Германиядан келген атақты Геральт косплейшісі Бен Шамның қаты­суы да үлкен оқиға болып отыр.

Одан бөлек, «JKS Entertainment» продюсерлік компаниясының блогерлері (Хома, Алина, Адалят, Аида және Рахат), актер Әсел Сағатова, Санжар Мәди, Гүлнар Сілбаева және Дина Тасболатова келушілермен сұхбаттасып, қо­нақтарға қолтаңба-сессия өт­кі­зеді. Сондай-ақ қазақстандық қонақтардың арасында режиссер Айсұлтан Сейітов бар.

Шығармашылық дода барысында «Приговор» фильм автор­ларының жаңа «Jurek» жо­басының тұсаукесері жоспар­ланған. Таны­мал 3D Cinematic әртіс және контент-креатор Феоктист Алек­сеев (Design by FEO) өзінің жаңа «Bulletproof» анимациялық мульт­сериалын ұсынады. Сондай-ақ «Sәlem Entertainment» медиа-компаниясы алғаш рет «Offside», «4 градус», «QARGA 2», «Тырна», «Няня 2», «Патруль 7» сияқты алдағы бір­неше жобасын және «СӘКЕ», «Па­труль» толықметражды фильм­­­­де­рін көрсетпек.

Бағдарлама аясында гик-жәр­меңке, танымал авторлардың дәрістері, үстел ойындары, киберспорт қондырғылары ұсы­нылады. Дәстүрлі түрде талантты суретшілер, кітап және комикс авторлары, иллюс­тра­торлар және креатив индус­трияның басқа да бірқатар өкіл­дері жұмыстарының көрмесі – Авторлар аллеясы өтеді. Көрмеде аниме, комикстер, кітаптар, қолөнер бұйымдары немесе ерекше тауарлар сатып алуға болады. Авторлар аллея­­­­сының жұмысына 100-ден астам автор қатысады. Әлем­­нің түкпір-түкпірінен шығарма­шыл жастардың, дарынды та­ланттардың басын қосқан креа­тивті жоба ел мәдениетінің дамуы­на ықпал етері сөзсіз. Дәстүрлі дода 28 шілдеге дейін жалғасады.