Қисынсыз талап – шаруаға қиянат
«Жылыжайда көкөніс өндіретін шаруаға, ең алдымен, энергия ресурсы қажет. Яғни сапасы жоғары көмір керек. Ондай қатты отын Шұбаркөлде бар. Екіншіден, электр қуаты тұрақты түрде келіп тұруы шарт. Сосын сарқылып қала беретін су мәселесі шешімін тапса, нарық бәсекесінде бәсі биік тұратын жылыжай өнімдерін үзіліссіз шығаруға болады», дейді ол.
Шындығында, диқандар ішкі нарықта сырттан, алыс-жақын шетелден келетін маусымдық азық-түлік экспансиясынан мүлде қорғалмаған. Сондай-ақ кәсібін кеңейтіп, салаға жаңа технология енгізгісі келетін фермерлерге несие алу мұң. Өйткені кредит беретін қаржы ұйымдарындағы күрмеуі берік бюрократия көп іске қолбайлау болып отыр.
«Мемлекеттің жылыжай фермерлерін қолдауында алалық байқалады. Айтпағым, мемлекет тарапынан сала шаруашылықтарына берілетін бірқатар көмек бар. Мәселен, көмір жеткізіп беру мен электр энергиясы бойынша жеңілдік қарастырылған. Бірақ ол көмекті белгілі стандарттан өткен, арнайы сертификаты бар жылыжай фермерлері ғана алады. Оған қоса инвест субсидия беріледі. Ол – заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған жылыжай иелеріне ғана қолжетімді. Ал қарапайым диқандарға қойылатын талабы мен міндеттемесін орындау мүмкін емес», дейді диқан Айдархан Ақбердиев.
Айдарханның 1,5 гектар жылыжайы бар. Биыл бір гектарына қияр, қалғанына қызанақ отырғызған. Жергілікті 8-9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Айтуынша, инвест субсидия алғысы келетін шаруаларға қойылатын талап расында тым қатал көрінеді. Егер бір гектар жылыжайыңыз болса, оны жарықтандыру үшін сағатына 0,6 киловат тоқ жағатын 1 100 дана жарық шам орнатуыңыз керек. Оны бұлтты күндері ғана жағасыз. Бұлтты күні аз оңтүстік үшін бұл технология – артық шығын. Анығын айтқанда, жарықтандыру шаруасына шығатын шығын гектарына 100 млн теңгеге жетіп жығылады екен. Ал берілетін инвест субсидия – 80 млн теңге. Бұл жағдайда кім ұтысқа шығып, кім шығынға батады? Сондықтан күн сәулесі мол түсетін оңтүстікте тиісті талапқа басқа қырынан қараған жөн сияқты.
«Диқан дұрыс айтып отыр. Оларға қойылып жатқан талапта кереғарлық бар. Әр жарық шам 0,6 киловаттан тоқ жағатын болса, бір ғана гектардағы 1 100 дана шамды жағып тұруға қанша энергия қуаты керек? Ал бізде энергия қуаты онсыз да тапшы ғой. Қазіргі қажетімізге керек энергияның өзін толық тауып бере алмай тұрған шақта манағы шамның бәрін жақсақ не болады? Осындай кереғарлыққа қарасаң, жемқорлықтың құлағы қылтиятын тәрізді. Айтпақшы, ол инвест субсидия жылыжайға жұмсалатын қаражаттың 30%-ын ғана береді. Жылыжайды «дамытуға» жасалған бұл тетік тура жемқорлыққа апаратын жүйе деп білемін», деді Д.Қалтаев.
Түрікмен фермерлерімен теңесуге не кедергі?
Маман сөзінше, іргедегі Өзбекстанда да жылыжай фермерлерінің жағдайы қиындап тұр. Кейінгі жылдары энергия ресурсының жетіспеушілігі өткір мәселеге айналған. Өзіндегі табиғи газ қоры кеміп кетуіне байланысты, сондай-ақ көрші елде қатты отын – көмірдің жоқтығы өзбек диқандарына кәдімгідей қолбайлау болып тұр. Сондықтан ол жақта да жылыжай көлемі жылдан-жылға қысқарып жатыр.
«Өзбек ағайындардың осыған дейін жылыжай өнімдерін экспорттап отырған алыс-жақын елдердегі босайтын нарығын бұдан былай біздің диқандар игеруге күш салуы керек. Өйткені ол нарықтарды көріп тұрып, мүмкіндікті пайдалана алмай қалсақ, елдігімізге сын. Себебі біздің елде жылыжайды тағы еселеп дамытуға жағдай бар. Тек Үкіметте құлық болса. Мәселен, қырғыз елінде жылыжай жоқ десе де болады. Айыр қалпақты ағайынның көкөніс базары қазір біздің нарық болып тұр. Ал жылыжай саласы бойынша Түрікменстанның жылыжай диқандарына көрсетіп отырған көмегі мен жасап жатқан жағдайы адам қызығарлық. Онда табиғи газ жылыжайларға арнайы бағамен беріледі. 1 000 куб газдың бағасы 1 долларға жетпейді. Біздің елде 1 000 куб газдың құны 80 доллардың үстіне шығады. Сондай-ақ Түрікменстанда бір жұмысшыға берілетін айлық жалақы – 50 доллар. Оған қоса жылыжайға керекті құрал-жабдықтың бәрі кедендік баж салығынан босатылған», деді қауымдастық жетекшісі.
Айтуынша, үлкен жеңілдікке қол жеткізіп отырған түрікменстандық жылыжай диқандарымен нарықта бәсекеге түсу мүлде мүмкін емес. Ал мұндай арзан өнімнің біздің елге келгені жақсы, әрине. Бірақ олар отандық жылыжай шаруаларын ішкі нарықтан түгел ығыстырып шығарса, одан кейін де шекара асырып әкелген өнімін сол арзан бағамен сата беретініне қандай кепілдік бар? Осыны да ескеріп, үнемі қаперде ұстаған құба-құп.
Жұмысқа мүдделі халық та, нарық та бар
«Алдағы 50 жылда жер бетінде бар тыңайтқыштар қоры таусылуға тақайды. Одан кейін не болады? Азық-түлік өндіруге тыңайтқышты қайдан алымыз? Бүгінде сала ғалымдары осы сұрақтардың шешімін іздеп жатыр. Ал бізде шүкір. Шұбаркөл көмірдің үстіңгі қабатындағы шіріндісі, яғни натрий гуматының құрамы тыңайтқыштарға өте бай. Оны ерте көктемде компанияның кәсіпорны мен лабораториясына барғанда өз көзімізбен көріп, таныстық. Біз мұндай байлықты қасқалдақтың қанындай қорғап, талапқа сай сақтап, барынша үнемдеп, ысырап қылмай көп жылға жеткізуіміз керек. Дені сау ұрпақ өсіру үшін табиғи түрде өндірілген өз тыңайтқышымыз болғаны абзал», деді А.Ақбердиев.
Бүгінде Түркістан облысында 1 620 гектар жылыжай бар. Олар орта есеппен әр гектардан бір жылда 160 тоннадан өнім алғанның өзінде, жалпы 260 мың тонна өнім шығарады екен. Мұның үш бірдей артықшылығы бар. Біріншіден, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Екіншіден, ел қаражаты сыртқа кетпейді. Үшіншіден, ауыл халқы жұмыспен қамтылады.
«Оңтүстіктің жылыжай өнімдері еліміздің барлық өңіріне тарайды. Әйткенмен, негізгі тұтынушыларымыз Ресейде. Әсіресе Сібір аймағында жылыжай өнімдері үлкен сұранысқа ие. Өйткені Сібірге бізден жақын ешқандай өңір жоқ. Сол үшін логистикасы тиімді, жол бағасы қатты қымбат емес. Ол жаққа өнімді тұрақты жеткізіп тұрамыз. Бірақ олардың сұранысын әлі толық қанағаттандыра алмай отырмыз. Кейде жылыжай өнімі өзімізге жетпей қалып жатады», дейді Д.Қалтаев.
Қара топырағы қаймаққа бергісіз қазақ жері жылыжай шаруашылығын өрістетіп, дамытуға ең қолайлы жаһандық жолайрықтың ортасында тұр. Топырақ құнарына қоса, жылыжай ісіндегі ең зәру зат – көмір қоры мол. Органикалық тыңайтқышы тағы көп. Ал жылыжайда өндірген өнімін шығаратын нарық бәрінен үлкен. Ресей мен Қытайдың өзі неге тұрады. Құлашты кеңге сермеуге ересен мүмкіндік бар. Диқанды еститін құлақ пен көретін көз табылса, жылыжаймен жаһан нарығын жаулар едік қой.