Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Оқушы қауіпсіздігі – басты назарда
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атқарылып жатқан жұмыс туралы, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов білім беру нысандарындағы қауіпсіздіктің ағымдағы жағдайы жөнінде баяндады. Сондай-ақ отырыста бірқатар жекелеген өңір әкімдері жаңа оқу жылына әзірлік туралы ақпарат берді.
Алдағы қыркүйек айында 3,9 млн оқушы мектепке барады. Оның 360 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары. Осы жылғы білім күніне қарай елімізде 61 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес, биыл 536 мың оқушыға арналған 302 жаңа мектептің есігі ашылады.
Үкімет басшысы білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу үдерісінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды екеніне назар аударды. Пайдалануға берілгеннен кейін мектептерді бала қабылдауға дайындау үшін де үлкен жұмыс атқарылатынын атап өтті. Ғимаратқа, оқу кабинетіне, асханаға қойылатын барлық қауіпсіздік шарттарын, санитарлық-эпидемиялық және өртке қарсы талапты орындау
қажет.
Премьер-министр мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханалар мен спорт залдарды жабдықтауды тапсырды. Бұл тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына емес, барлық білім беру нысандарына қатысты қойылып отырған талап екенін ескертті.
Сөйтіп, бірқатар өңірде кейбір оқу орындарының дайындығы алаңдаушылық туғызып отырғанын алға тартты. Мәселен, жаңа оқу жылына дейін үлгермей қалу қаупі бар жоғары білім ошақтарының жетеуі Ақтөбе облысында орналасқан.
«Құрылыс жұмыстары негізсіз созылып кетті. Осы бағытта барлық күш-жігерді біріктіріп, нысандардың белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуға тиіс. Алайда 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30%-ы ғана орындалған. Бұл Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты. Бұл өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу үдерісі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар. Сонымен қатар оқу жылы басталғанша, физика, химия, биология, роботтехника бойынша мыңға жуық пәндік кабинет сатып алынуы керек. Өңір әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектепте заманауи пәндік кабинеттер ашу үшін кешенді жаңғырту жұмыстарын уақтылы қамтамасыз етуі ләзім. Бұл жұмысқа салғырт қарауға болмайды», деді О.Бектенов.
Үкімет отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі де жан-жақты талқыланды. Биыл ІІМ тарапынан 2 655 нысан тыңғылықты тексеруден өткен. Нәтижесінде, мыңнан астам бұзушылық анықталды. Құқық қорғау органдары арқылы 95 млн теңгеге айыппұл салынып, білім саласындағы 340 басшы жауапкершілікке тартылды. Бүгінде көптеген білім беру ұйымы бейнебақылаумен 100% жабдықталған. Алайда жеке құрылым камераларының тек 55%-ы ғана «Жедел басқару орталығына» шығарылған. Бұл іс бойынша ең нашар жағдай Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында қалыптасып отыр.
Жеке нысандардың 85%-ы дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары дабыл түймелерімен ең аз қамтылған аймақтар қатарында. Адам саны 700-ден асатын білім беру нысандары радиобайланыс құралдары, қызметтік қару, жедел мобильді топтары бар лицензияланған күзет ұйымдарын тартуға тиіс. Алайда Ішкі істер министрі атап өткендей, жекелеген нысандарда күзетшінің көбі – қарапайым вахтер мен зейнеткерлер.
«Өңір әкімдері білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен, турникетпен, жедел басқару орталығына қосылған камералармен жабдықтауы қажет. Ішкі істер министрлігі осы бағытта тексеруді жалғастырсын. 1 қыркүйекке қарай қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау үлесін 90%-ға дейін қамтамасыз етіп, жыл соңына дейін 100%-ға жеткізу керек», деген О.Бектенов вице-премьер Тамара Дүйсеноваға әкімдіктер жүргізіп жатқан жұмысты жеке бақылауына алуын тапсырды.
1,7 млн оқушы тегін тамақтанады
Отырыс барысында Премьер-министр балаларды 1-сыныпқа қабылдау үдерісін дұрыс ұйымдастыру және мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне назар аударды. Оған қоса, бірқатар өңір әкіміне тамақтану сапасын және санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Жаңа оқу жылында 360 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Үкімет басшысы оларды қабылдау үдерісінің белсенді жүріп жатқанын, оны дұрыс ұйымдастыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар бұрын балабақшаға бармаған болашақ оқушыларға көбірек көңіл бөлген жөн. Ол үшін мектепке дейінгі мекемелердегі консультациялық пункттердің қызметін жандандырған дұрыс.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Биыл 500 мыңнан аса бала үшін 22 млрд теңгеден асатын бюджет қаражаты көзделген. Әкімдіктер мектеп формасы мен керек-жарақтарды сатып алу үшін қаражаттың ата-аналарға уақтылы жіберілуін қамтамасыз етсін», деді О.Бектенов.
Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн бастауыш сынып оқушыcы мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін тамақпен қамтылатынын айтты. Мектептерде тегін тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында әкімдіктер қажетті қаражат бөлді.
Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарының бірқатар мектебінде асхана жоқ. Үкімет басшысы осы өңір әкімдіктеріне тамақтану сапасын және санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Оқу-ағарту министріне барлық мектептің оқулықпен толық қамтамасыз етілуін бақылауда ұстауды міндеттеді.
Жайлы мектептерде «негізгі стандарт» болуға тиіс
Үкімет басшысы мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының жұмысын жаңа бәсекелестік деңгейге шығаруды тапсырды. Өйткені еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуы көбіне өскелең ұрпақтың білім деңгейі мен бойындағы құндылықтарына байланысты екенін атап айтты.
«Әртүрлі салада балалардың ізденіс, зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын анықтау, білім берудің барлық деңгейінде олардың қабілетін барынша дамыту маңызды. Мектеп пен колледждердің және жоғары оқу орындары базасында студенттер мен оқытушылардың жетекшілігімен оқушылар өздерінің болашақ инженерлік идеяларын жүзеге асыра алатын, әртүрлі бұйым мен бөлшектерді құрастыруды және дайындауды үйренетін жалпыға бірдей қолжетімді үйірмелер, техникалық шығармашылық орталықтарын құру керек. Білім берудің барлық сатысында сапа бойынша жаңа талаптар белгіленуі қажет. Орта білім саласында жайлы мектептер дамуға ықпал ететін «негізгі стандарт» болуға тиіс. Басқа мектептерді олардың деңгейіне бейімдеп, реновациялаған абзал. Ал жоғары білім беруге келетін болсақ, ұлттық жоғары оқу орындарымыз бен жетекші шетелдік университеттердің филиалдары бағыт беріп отыруға тиіс», деген Премьер-министр, Ғылым және жоғары білім министрлігіне жұмыс нәтижесіне орай филиалдарға қойылатын талаптарды әзірлеуді тапсырды.
Тиісті сараптамалық кеңес құрудың және барлық университеттерге қойылатын талаптарды олардың әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қараудың маңызын атап көрсетті. Жоғары оқу орындары кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеу керек. Ал студенттік, магистрлік жұмыстардың ел экономикасы үшін нақты нәтижесі болуға тиіс. Қойылған міндеттерді іске асыруға бейінді министрліктер ғылым мен технологияларды кеңінен танымал ету жөніндегі кешенді жоспарды қабылдауы қажет.
Үкімет басшысы жаңа оқу жылы қарсаңында жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесіне де назар аударды. Сырттан келген бірде-бір студент баспанасыз қалмауы керек екенін айтты.
«Өңір әкімдері, Оқу-ағарту және Жоғары білім министрлері айтылған мәселелерді жеке бақылауға алсын. Барлық білім беру нысандары оқу жылының басталуына 100% дайын болуға тиіс», деп қорытындылады Үкімет басшысы.