Шымкент • 03 Қыркүйек, 2024

Өнер ордасы 95 жылдығын атап өтеді

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел газеті «Egemen Qazaqstan»-да (№161, 21 тамыз, 2024 жыл) жа­рия­ланған «Шанин театрының тарихын қайта зерттеу қажет» тақы­рыбындағы мақала, әсіресе Шымкентте қоғамдық пікір тудырып, зиялы қауымның үн қа­туына, нақты шешімнің қабылдануына ықпал етті. Аталған мақалада Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының қай жылы құрылғанын анықтап, жылнаманы жаңғырту маңызды екені айтылған еді. Газетте көтерілген мәселелерге байланысты жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығы» тақырыбында брифинг өтті.

Өнер ордасы 95 жылдығын атап өтеді

Жиында аталған қазақ драма театрының тарихы 1929 жылдан басталатыны архивтік құжаттар арқылы толық дәлелденгені, яғни өнер ордасы биыл өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтетіні айтылды. Алқалы жиынды ашқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек театрдың тарихы жайында тың деректер келтірді. «Бұған дейін өнер ордасының тарихы 1934 жылдан бас­талады деп есептелетін еді. Алайда Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысында «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Бұл театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын көрсетеді. Архивтен Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы алынды. Онда сол театрдың директоры Ж.Шанин театр режиссерлері­нің тапшы екені жөнінде айта келіп, «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытұлы ғана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал Ж.Аймауытұлы 1926-1929 жылдары аралығында Шым­­кент­те орналасқан Сырдария ок­руг­тік қа­зақ педагогикалық технику­мында қызмет атқарған. Демек Ж.Аймауытұлы­­ның ­сол жылдары Шымкентте театр ­­ісін дамытумен айналысқаны анық», ­­деді Сәрсен Абайұлы.

Сондай-ақ С.Құранбек театр өне­рінің дамуына үлкен үлес қосқан жазушы, драматург 1915 жылы «Біржан – Сара» пьесасын қойып, Біржан рөлін сомдағанын айтып өтті. 1916 жылдан бастап пьеса жаза бастаған. Қазақ мемлекеттік академиялық театры құ­­рылғанда қызметке шақырылған. Бірақ Шымкенттегі жұмысын тастай ал­маған. Дегенмен Ж.Аймауытұлы театр­дан қол үзген жоқ. Педагогикалық учи­лищенің оқу бағдарламасына плас­ти­ка, мимика, грим секілді өнер түрле­рін үйрететін пәндер енгізді. Соны­мен қатар училищеде 6 үйірме болса, со­­ның ішіндегі шоқтығы биігі драма үйір­­месі бол­ған. Шымкенттегі қызметі ба­рысында драматург Ж.Аймауытұлының 8-9 пье­сасы қойылған екен. Оның ең алғаш­қысы – «Ел қорғаны» пьесасы. Жа­зушы училищені басқарып тұр­ғанда театрдың өркендеуіне сү­белі үлес қосты. Бұл сол кездің өзін­­де қа­лада театрдың болғанын айғақ­тай­ды. Осындай деректерді келтіре отыра қала әкімінің орынбасары Шым­кент­тегі академиялық драма театрдың тарихы 1929 жылдан басталады деп толық сеніммен айта аламыз деген пікірін жеткізді.

Тарихи деректерде «первый театральный сезон города Шымкента 1929-30 годов» деген жаз­ба бар. Сол кезеңде орысша – 9, қазақша 8 пьеса қойылған, яғни бұл дерек аталған жылдары қазақ театры жұмыс істегенін білдіреді. Тіпті 1940 жылғы архив құжатында 1932-1940 жылдар аралығында белгілі бір азаматтың қазақ драма театрын басқарғаны жөнінде деректер келтірілген. Баспасөз мәслихатына қатысушылар театрда еңбек еткен талай майталман әртістер де қазақ театрының тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын айтып, сол әділеттіліктің орнайтын күнін аңсап өткенін жеткізді.

Театр тарихына қатысты мәселе көтеріп, мұрағаттағы деректер негі­зінде жазылған мақала авторы, Жур­на­листер одағының мүшесі, Түр­кіс­тан облыстық мәслихаты­ның депу­таты Ғалымжан Елшібай бар ғұмы­рын әртістік өнерге арнаған, ға­сыр жасаған Айша Абдуллинамен жүр­гізген сұхбатын еске түсірді. Сол сұх­батта да Айша Абдуллина театрдың іргетасы 1934 жылы қаланбағанын, оның шежіресі тым әріде жатқанын айтқан. Сондай-ақ журналист қала­ның атқарушы билігіне театрдың мате­риалдық жағдайын жақсарту, ұжым­ның әлеуметтік тұрмысын түзеу секілді міндеттер кіретініне қа­ра­мастан, оның тарихын зерттеп, жа­нашырлық танытып жатқаны үшін барша өнерсүйер қауымның атынан алғысын жеткізді. Қазақ драма театрының тарихы 1929 жылдан бас­талады деуге толық негіз бар екенін атап өтті. Оған 1928 жылы қалада екі театр жұмыс істеп тұрғаны жөнінде айтылған архив деректері де дәлел бола алады. Сондай-ақ 1932 жылы облыстық білім басқармасы қызмет етіп жатқан театрдың жұмысын күшейтуге 1 мың рубль бөлу туралы шешім шығарған екен. Егер 1932 жылы арнайы шешім шығып жатса, театр тарихын 1934 жылдан тарату қисынға келмейді деген пікір білдірді. «Мақаланы жазу барысында көптеген қызықты деректер кездестірдім. Тек Ж.Шанин атындағы емес, жалпы қазақ театрының тарихын қайта зерделеу керек сияқты. Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр­ шежіресі 1926 жылы Ақмешіттен бас­тау алады дейміз. Ал бірақ та 1917 жылы Семейде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылады. Пьеса Абай­дың екінші әйелі Әйгерімнің ша­ңы­рағында сахналанған. Ол үшін екі киіз үй тігілген. Бірі көрерменге, екін­шісі өнер ұжымына арналды. Сол заманда әйелдерге әртіс болуға дәстүр рұқсат бермеді. Сондықтан олардың рөлін еркектер ойнап келді. Мәселен, Еңліктің бейнесін М.Әуезовтің ағасы Ахмет Әуезов сомдаған деген дерек бар. Драманы дайындауға Қ.Сәтбаев пен Ж.Аймауытұлы да көмектескен. Кейбір елде театр тарихын драматург жазу үстеліне отырған кезден бастайды екен. Біз олай етпесек те, 1900 жылдардың басында Қарқаралы жәрмеңкесінде қойылымдар қойы­ла бастаған сәттен бастап тарихты тарқатып әкетсек те жарасады. Тіпті олай болмаған күннің өзінде кейбір театр сыншылары, зерттеушілері оның бастауын 1915 жылдан бастап қарастыру керегін айтады. Олардың қатарында Амангелді Мұқан, Айзат Қадыралиева, Бақыт Нұрпейіс сынды елге белгілі театр зерттеушілері бар. Қазақ театрының тарихы туралы айт­қанда Бағыбек Құндақбаевты айтпай кетуге болмайды. Алдағы уақытта осы зерттеушінің театр тарихына қатыс­­ты том-том еңбектерінен құнды деректер табылады деген ойдамыз. Қа­зақ мемлекеттік академиялық драма театры­ алып бәйтерек десек, Ж.Шанин атын­дағы өнер қара шаңырағы – соның бір бұтағы. Демек театр шежіресі қайта қаралса, мегаполистегі өнер ордасының бастау бұлағы да қайта зерделенеді. Бұл үшін алдағы уақытта әлі талай ғылыми конференция өте жатар. Яғни театрдың құрылғанына ­95 жыл болғанына бүгінде дерек те, ­дә­йек те көп», деді Ғ.Елшібай.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар театрдың қалыптасу жолдарын еске алды. Мысалы, Ж.Шанин театры әде­биет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек осындай маңызды мәселе көтерген «Egemen Qazaqstan» газеті ұжымына алғысын білдіре келе, өнер ұжымының әртістік қабілетін шыңдау керек деген биліктің қаулысынан кейін бір топ театр актерлері Ленинградқа оқуға жіберілгенін айтты. Оларды оқуға Алматыдағы Әуезов театры­ның өнерпазы Халел Шәженов бастап барған. «Қазақ жастарының талантына таңдай қаққан әйгілі К.Станислав­ский шәкірті В.Меркурьев біздің жас өнерпаздарға жетекшілік еткен екен. 1938 жылы В.Меркурьев 22 қазақ әртісімен бірге Шымкентке келіп, театрдың көркемдік жетекшісі атанады. Екі жылдай осы қызметті атқарып, әртістердің шеберлігін шыңдап кетеді. Кейін бұл тізгінді Х.Шәженов алады. Кезінде В.Меркурьев оны талантына қарай режиссерлік өнерге де бау­лыған еді. Х.Шәженов «Еңлік –Кебек», «Қыз Жібек» секілді ауқымды дүниелер қойған. «Қыз Жібекте» Беке­жан рөлін өзі сомдаған. Актер оны қанішер бейнесінен басқа кейіпте көр­сеткені үшін жазушы драматург Ғ.Мүсірепов естелігінде мақтап жазған. Х.Шәженов 11 актермен бірге «Ақан сері Ақтоты» пьесасын қойып болған соң соғысқа аттанған. Бірақ арада 3 ай өткенде Харьков түбінде қаза таба­ды. Егер ол кісі тірі болғанда кәсіби ре­жиссер ретінде қазақ драматургия­сын талай биікке шығарған болар еді», деді Сая Қасымбек.

Ал тарихшы, Жазушылар одағы Шым­кент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдәкімұлының айтуынша, кеңес өкіметі өз насихатын театр мен газет арқылы жүргізген. Сол себепті 20-жылдардың басында театр болмады деу ақылға қонымсыз. 1924 жылға дейін Шымкент Түркістан Республикасына қарады. Тарихшы сол дәуірдегі архивтік құжаттарда Сыр­дария облысындағы қазақ труппасы жайында қысқа ғана хабарлама сақталғанын тілге тиек етті. Осы секілді тарихи құжаттар көп екенін, мұның бәрі театр шежіресі ертеден басталатынын айғақтайтынын еске салды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жергілікті атқарушы билік өнер ордасына қолдау білдіру мақсатында біраз шаруа тындырғанын айтты. Атап айтқанда, 52 жаңа штаттық бірлік ашылған, әртістердің жалақысы артты. Сонымен бірге Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан 19 жас студентті дуальді оқыту жүйесі арқылы Шанин театрына жұмысқа тартып отыр. Олардың жататын орны, айлық жалақысы әкімдік тарапынан шешімін тапты.

Сонымен, архивтік құжаттар негі­зінде 95 жыл толғанын айғақ­тай­тын деректермен БАҚ өкілдері таныс­ты­рылған брифингте «Ж.Шанин ­театрына 95 жыл» деген қорытынды жа­сал­ды. Алдағы уақытта, яғни 6-13 қа­­раша күндері, Орта Азия елдері IX ха­лық­аралық театрларының фести­валі ­болатыны, сол аралықта «Ж.Шанин театрының 95 жылдығы» атап өті­ле­тіні хабарланды. Ал театр­дың көр­кем­­­дік жетекшісі Сұлтан Срайы­лов­тың ­мә­лімдеуінше, 18 қыркүйек­те театр­дың Жаңа маусымы Ш.Айт­ма­тов­тың «Ақ кеме» драмасымен ашылады.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше