Экономика • 05 Қыркүйек, 2024

Заң түзелді, мердігер, сен де түзел!

130 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Жол саласы білікті маманға зәру болып тұр. Бір инженер 30-ға жуық жобаға қатысқан жерде қандай сапа туралы айта алмақпыз? Жолдардың талапқа сай болуына жал­ғыз маман емес, басқа да бірнеше фактор әсер етеді. Мә­се­лен, өндіруші зауыттардың шалғайда орналасуы. Сынақ зерт­­хана­­ларының қағаз жүзінде ғана «мінсіз қызмет қылуы». «Egemen Qazaqstan» тілшісі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ге барып, жолға қатысты сан сауалдың бетін ашып қайтты.

Заң түзелді, мердігер, сен де түзел!

Бір инженер 28 нысанға жауапты

Былтыр орталықтың сапа сараптамасы шеңберінде талапқа сай келмейтін 12 мыңнан астам сынама анықталған. Оның 95%-ы жергілікті желіде іске асырылған ны­сандарға тиесілі. Онда 3 мың­нан астам ақау бар.

«Көрсетілген фактілер жер­гілікті желі бойынша жол жобаларын іске асыру кезіндегі жұмыстардың сапасы төмен деңгейде қалып отырғанын айғақтайды. Бұл техникалық қадағалау қызметі жол-жөн­деу нысандарында жобалық және технологиялық талаптың сақталуын тұрақты бақылауды жүзеге асырмайтынына байланысты болып отыр», дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Айтбаевтың айтуынша, өткен жы­лы жұмыс жүргізу нысан­дарын­­да тех­ни­калық қадаға­лау қызмет­­кер­лері­нің құ­рылыс алаңын­да бол­мауы­ның 200-ден астам фактісі кездескен. 

Өйткені инже­нер­лер бір уақытта бірнеше жобаға қа­тысады. Мысалы, былтыр бір инженер 28 нысанға бір уақыт­та жетекшілік еткен. Бір инженер­дің бірнеше өңірге тартылған немесе бірнеше ұйымдағы тізімге енгізілуі де жиі кездеседі.

«Тағы бір түйінді мәселе – жергілікті атқарушы органдар құрамында жол саласы маманының тапшылығы немесе мүлде жоқтығы. Соның салдарынан, ондағы жол жөндеу жұмысының сапасы толықтай техникалық қадағалау инженері құзыретінде қалады. Алайда олардың қызмет көрсетуі тым төмен деңгейде. Тапсырыс беруші тарапынан бақылау әлсіз, себебі олар жол маманы емес», деді бас директор.

 

Үлкен түйткілдің үш себебі

Елдегі үлкен-кіші асфальт жолдар не себепті тез тозып, шұрық-тесік болып кетеді? Асфальт жұқа төселген соң ба, жоқ әлде пайдаланған материал сапасы нашар ма?

ек

«Республикалық жолдардың шамамен 16-17 мың шақырымын жыл са­йын­ диагностикалаймыз. Нәтижесінде, жол­дардың нақты жай-күйін, қалдық ресур­сын көреміз. Сөйтіп, дәл қазір жолға қажетті жөндеу түрін анықтауға негіздеме аламыз. Бұл – жолдың өткізу қабілетін, оның барынша ұзақ мерзімде беріктігін сақтаудың алғышарттары. Дегенмен жер­гілікті желіде автожолдарды жөндеу түрін анықтау әлі күнге визуалды түр­де жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде жолдың мерзімінен бұрын бұзылуын, онда шұңқыр, жарық және тағы басқа ақаудың пайда болу қаупін ұлғайтады. Сондай-ақ жергілікті жолдардың кең тармақтылығы, жөндеуді қажет ететін телімдердің жол шаруашылығының не­гізгі өндірістік қуаттарынан шалғай орна­ласуы (асфальтбетон зауыты, материал өн­діруші кәсіпорындар негізінен облыс орталықтарында шоғырланған) жұмыс­ты уақтылы атқаруға қол байлау болады», дейді Сапаны бақылау департаменті­нің басшысы Қуаныш Төлеуханов.

Ұлттық орталықтың сарапшысы Қай­рат Каребаевтың сөзінше, жолға қа­тыс­ты кәсіпорынның алыста орналасуы ас­фальт­бетон қоспаларын өндіру және төсеу технологиясын бұзу қаупін күшейтеді.

«Мысалы, облыс орталығындағы асфальтбетон зауытында өндірілген қоспа шалғайдағы жол құрылыс алаңына жетіп болғанша суып кетеді. Ондай қоспаны нормативтік талаптарына дейін тығыз­дау мүмкін болмай қалады. Салдарынан жаңа асфальтбетон жабынының сапасы төмендеп, мерзімінен бұрын тозып, қозғалыс жағдайы нашарлап кетеді», дейді.

Жергілікті жолда кездесетін тағы бір мәселе – мердігер мекеменің, асфаль­т­-бетон зауытының өз меншігін­де сы­нақ зертханаларының болмауы. Со­ның сал­дарынан жөндеу алаңына кел­ген құрылыс материалының сапасын бақы­лау дұрыс атқарылмайды. Сөйтіп, сапасыз материал пайдалануға кетіп қалады. Бұдан бөлек, автожолдардың тез тозуына шамадан тыс жүк тиеп жүретін ауыр жүк көліктері де әсер етеді. Уақтылы күтіп-ұстау жұмыстарын дер кезінде жүргіз­беу де – көп проблеманың көтерілуіне себеп.

 

Жол сапасына «ҚазАвтоЖол» жауапты

Автожолдардың жалпы ұзындығы 168 мың км-ден асады. Оның 25 мың километрі республикалық маңызға ие. 70 мың км – облыстық және аудандық жолдар. 73 мың км – елді мекен көшелері. Республикалық маңызы бар жолдарды дамыту, пайдалану және жөндеуді ұйымдастырумен «ҚазАвтоЖол» айналысады. Облыс және аудан әкімдіктері тиісті аумақтардағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары үшін жауап береді. Қала мен елді мекен көшесін жөндеу, күтіп-ұстау жұмысымен сон­дағы әкімдіктің «Тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы, жолаушы көлігі, автомобиль жолдары» бөлімі шұғылданады.

про

«Асфальтбетон жабынындағы ұсақ зақымды уақтылы жөндемеу олардың өршуіне және үлкен ақаулардың пай­­да болуына әкеледі. Кішкентай жа­рық­шаның аз уақытта шұңқырға айналу қаупі өте жоғары. Бұл үрдіс мер­зім­аралық кезеңде ерекше, тез орын алады. Себебі – ауа температурасының өзгеруі, құбылуы. Түнде жарықшаларға енген су мұзға айналып ісінгенде, асфальт жарыла бастайды», деді Б.Айтбаев.

 

Құлықсыз құрылыстың жазасы қандай?

Кәсіпорын мамандары жұмыс пен материал сапасына сараптама жүргізген кезде әртүрлі бұзушылық анықтайды. Мәселен, асфальтбетон жабынын төсе­генде технологиядан ауытқу табылады. Зертханалық сынақ жүргізілгеннен кейін сапасыз материал пайдаланылғаны бел­гілі болып жатады. Нормативтік-тех­никалық құжат пен регламентке сәйкес ақау анықталған жағдайда мекеме тарапынан тапсырыс берушіге және мердігер компанияға ақауды жою жөнінде хабарлама жіберіледі. Жауап бермесе, мердігер компания мен техникалық қадағалау қызметін жазалау туралы хат Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жөнелтіледі. Сапаны бақылау жөніндегі нұсқаулыққа биылдан бастап нысанды қабылдау немесе пайдалануға беру кәсіпорын берген барлық анықталған бұзушылық пен сәйкессіздік жойылғаннан кейін ғана жүзеге асырылатын талап енгізілген.

«Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісімшартта жұмысты сапасыз атқарғаны үшін айыппұл көз­делген. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес, тапсырыс беруші жұ­мысты нашар атқарған мекемені жо­сықсыз өндірушілер реестріне енгізе алады. Сапа орталығы мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы келісімшарт­қа сәйкес орындалған жұмыс бойынша қорытынды жасап, анықталған ақау мен бұзушылықты бірыңғай цифрлық базада тіркейді. Егер осы анықталған кемші­лік­ті елемей, ақауды жоймай, тапсырыс беруші нысанды қабылдаған жағдайда уәкілетті орган өз құзырында тиісті шара қолданады», деді Қ. Төлеуханов.

 

Жолға қойылатын талаптар

Жол инфрақұрылымына шетелдік ­инвестиция аса қажет. Бірақ халықара­лық қаржы ұйымдары нормативтік база­ны жалпыәлемдік стандарттарға сәй­кес бол­сын деді. Қазір елде жүргізіліп жат­­­қан барлық құрылыс, қайта салу және жөн­деу жұмысы мемлекеттік және халық­аралық талаптарға сәй­кес жасақталады. Соған сәйкес қолданы­латын инертті материалдарға, битумды қоспаларға да қатаң талап қойылады. Мысалы, оңтүстік өңірлерде ыстық ауа райына байланыс­ты 70/100 маркілі битум, солтүстік өңірлерде 100/130 маркілі битум қолданылады. Десе де жол сапасы әлі де ел көңілінен шықпай тұр.

 

Заң бұзатын мердігерлер

«Кәсіпорынның әр облыста және рес­публикалық маңызды қалаларда 20 жергілікті филиалы бар. Олар халық­ара­лық «ISO 17025» және «ILAC» стандарттары бойынша аккредиттелген сынақ зертханаларымен жабдықталған. Мекеме құрылған сәттен бастап 700-ден астам аспапты, оның ішінде асфальтбетонды, битумды, инертті материалдарды сынау бойынша құралдарды жаңарттық», дейді мекеме басшысы.

Айтуынша, маман саны жеткілікті. Инженерлер сараптама жүргізерде ны­санға тіке баруы үшін 50 арнайы авто­көлік жұмылдырылды. Сондай-ақ орта­лықта жол датчиктерімен, геометриялық параметрді анықтау жүйесімен, жол­дың бойлық және көлденең тегістігі­мен жабдықталған 16 диагностикалық автокөлігі бар екен.

«Жалпы, республика бойынша жол-жөн­деу жұмыстарының сапасын бақы­лауды қамтамасыз ету үшін барлық ре­­сурс­­пен қамтамасыз етілдік», деді Қ.Кәребаев.

Нашар төселген жолдарды амалдап тапсыру үшін мекеме қызметкеріне сыйақы ұсынып, қылмысқа итермелейтін мердігер компаниялар да бар екен. Оны бас директор Б.Айтбаевтың өзі айтты.

«Сыйлық ұсынып, қылмысқа жете­лейтін мердігерлер бар. Ондай жағдайда қызметкер дереу комплаенс қызметіне хабарласады. Кәсіпорында сыбайлас жем­қорлықтың алдын алуға, анықтауға, жол бермеуге қатысты комплаенс саясаты және сондай жағдайлар туындағанда қызметкердің іс-қимылы туралы нұс­қаулық бекітілген. Қызметкердің шағымы бойынша жасалған сыбайлас жемқор­лық құқық бұзушылық фактісі анықтал­ған жағдайда бекітілген мөлшерге дейін сыйақы қарастырылған», деді ол.

Мемлекет басшысының Ұлттық құ­рыл­тайда берген тапсырмасына сәй­­кес биыл республикалық маңызы бар жол­дар­дың 12 мың километрін рекон­ст­рук­ция­лау және жөндеу жоспарланған. Оның 2,5 мың километрі немесе 109 ­нысан орташа жөнделіп болыпты. Тех­ни­ка­лық құ­жат­тамалары ведомство­лық сараптамадан өткізілген.

«Бүгінгі күні 25 мың км респуб­ли­калық жолдың 23 мың километрге жуы­ғы немесе 92%-ы жақсы және қанағатта­нар­лық жағдайда», деді Қ.Төлеуханов. Ма­ман­дардың айтуынша, жол жасауда ере­же мен нормативтер түгел түзеліп, талап барынша қатайды. Енді мердігер мен жолға жауапты мекемелер де түзеледі деген үміт бар.