Сұхбат • 05 Қыркүйек, 2024

Асуан Сиябеков: АЭС қауіпсіздігіне бүкіл әлем мүдделі

135 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында энергия тапшылығына кеңінен тоқталып, атом электр стансасының құрылысына қатысты жалпыұлттық референдумды 6 қазанға белгілейтінін мәлімдеді. Осы орайда «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас менеджері Асуан Сиябековпен сұхбат құрған едік.

Асуан Сиябеков: АЭС қауіпсіздігіне бүкіл әлем мүдделі

– Асуан Оңғарбекұлы, елімізде АЭС салынған жағдайда қан­дай реакторлар орнатылуы мүм­кін? Олардың қауіпсіздігі жет­кілікті зерделенді ме?

– Жалпыұлттық референдумда халық дұрыс таңдау жасаса, елге қайсы реакторлық технологияны орнатқан дұрыс боларын қарастырып көрейік. Бастапқыда 13 реакторлық технологияны зерттеп, зерделегенбіз. Олар – Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, АҚШ, Франция ұсынған техникалық-коммерциялық технологиялар. Оның ішінде бізге керегі – қысымдағы су реакторлары. Қазір әлемде 415 реактор бар. 200-і су-су немесе қысымдағы су реакторлары деп аталады.

МАГАТЭ (Атом энергиясын қадағалау агенттігі) АЭС құрылысын жаңадан қолға алған мемлекеттерге ақыл-кеңес беріп, тиімді жобаларды ұсынады. Оның өз термині бар. First of kind, яғни біздің елге керекті референтті блок. Ол дегеніміз – басқа елде жұмыс істеу өтілі бар блок. Оған қоса салыну тәжірибесі үздік. Егер кем-ке­тігі болса, жетілдіріліп, қайта жасалған технологияларды бізге ұсынады.

13 реакторлық техноло­гия­ның бәрін сүзгіден өткізу үшін қауіп­сіздік және нормативтік құжат­тамалар арқылы критерий жасап, «Assystem» компаниясына жібердік. Ондағы мақсат – дұрыс немесе бұрыс жерлерін анықтау. Тәуелсіз француз компаниясы критерийлерге қатысты ісімізді оң бағалап, қолдау білдірді. Нәтижесінде, 4 реактор іріктеліп алынды. Олар қуаттылығы жағынан да, техникалық негіздемесі тұр­ғысынан да бір-біріне ұқсас. Бізде қауіпсіздік мәселесі бірін­ші кезекте болғандықтан, осы жағына көбірек мән бердік. Олар­дың төртеуі де су-су реакторлары екенін тағы қайталап айтамын.

– Сол реактордың бір­қа­та­ры­на тоқталып, мүмкін болса мінездеме берсеңіз.

– Француздар өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап осы су-су технологиясын пайдаланды. Басқа жетекші елдерге де қы­сымдағы су технологиясымен АЭС салады. Олар бүгінгі күнге дейін ешбір қауіп-қатерсіз қалыпты жұмыс істеп тұр. Сондықтан бұл салада олардың баршаға пайдалы мол тәжірибесі бар.

Әлем елдері бүгінде француз технологиясы негізінде өз реакторын жасап, өз АЭС-ін тұрғызып жатыр. Кейінгі жылдардағы гео­саяси жағдайға, жолдың алыс­­тығына байланысты логис­тикалық қызмет қымбат. Ал АЭС жабдықтары мен тұтас блоктар логистикасы көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан АЭС-ті салатын компанияларға таңдау түскенде бұл жағын да ескермесе болмайды.

Енді бізге керек реакторлық технологияның үздіктеріне тоқта­лайын. Оңтүстік Кореяны алып қарайтын болсақ, олардікі – америкалық технология. Оны өзіне бейімдеп, сол технология­­ны өзі жасайтын дәрежеге жетті. Төрт блоктан тұратын алтын эталонды технология қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп тұр. Кореялық технология неге «Алтын эталон» деген атқа ие? Өйткені ол МАГАТЭ-нің бар­лық ұсынысын ескере отырып жасалған. Оған қоса талаптар үдесінен толық шыққан. Яғни мінсіз деуге лайықты. Сондықтан ол МАГАТЭ-нің «Алтын эталон» технологиясы деп аталады.

– Жақын көрші елдерде жасалған технологиялар туралы да біле отырайық.

– Қытайлық реакторлық технологияға назар салсақ, ол да бастауын Франциядан алады. Қазір өздері де сол сияқты реакторлық технологияны жасақтап жатыр. Қытай бұл технологиясын өзінде де, шетелде де қолданады. Оның біз үшін тиімділігі – логистикасы қолайлы, яғни арақашықтық жақын. Керек-жарақты әкелу арзанға түседі. Сонымен бірге Қытайда құрылыс үрдісі өте тез, жылдам жүреді. Бірақ сапасы барлық талапқа сай. Сапа бойынша сынақтан өте жақсы өткен. Технологиясы жылда оңтайландырылып тұрғандықтан, сапасын жоғалтпайды.

«Росатом» – атом энергетикасы саласындағы техноло­гия­лардың бүкіл өмірлік циклін біріктіретін компания. Уран өндіру, байыту, отын өндіру, АЭС салу, пайдалану, пайдаланудан шығару және пайдаланылған отынды басқару. Бұл тапсырыс берушіге бір келісімшартпен кешенді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, жобаны басқарудың барлық үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді. Соны­­мен қатар «Росатом» АЭС жұ­мысының барлық кезеңін­де ұзақмерзімді баға тұрақ­ты­лы­ғына және сенімді жеткізуге кепілдік береді. 18 жылда 18 АЭС-ті іске қосқан. 7 елде 22 қондырғы салып жатыр.

– Елдегі ЖОО-лар мен «Ұлттық ядролық орталық», сондай-ақ «Ядролық физика институты» АЭС мамандарын өзіміз даярлай аламыз дейді. Бұған қатысты не айтасыз?

– Өзімізде қанша жақсы маман даярлағанмен, әрбір реактордың ерекшелігіне байланысты АЭС салушы компания арқылы персоналдың тым құрығанда біліктілігін арттырып алғанның артығы жоқ. Әл-Фараби және Еуразия ұлттық университеттері маман даярлап жатыр. Олардан шыққан мамандардың білімі де, білігі де талапқа сай. Бірақ оларды бірден АЭС-тің басқару пультіне отырғызуға болмайды. Себебі ол жер – жауапкершілігі өте жоғары орын. Сондықтан реакторлық технология таңдалған шақта, оны жасаған елде біліктілігін міндетті түрде шыңдап қайтқаны абзал. Өйткені әр реакторда өзінің үйрену жұмыстары бар. Ол, әрине, келісімшартта көрсетілетін болады.

– Егер мамандар өзімізде даяр­ланса, ол АЭС құрылы­сы­ның жалпы құнына әсер ете ме?

– Бұл да келісімшарт кезінде ескеріледі. Кейбір вендорлар маман даярлауға ақы алмайды. Десек те, олардың қатарында ақы сұрайтындары да бар.

– Қоғам белсенділерінің кейбірі жемқорлық мәселесіне алаңдаулы. АЭС құрылысы кезінде де қаржы талан-таражға түсіп, нысанның талапқа сай болуына нұқсан келмей ме деп қауіптенеді.

 – Жемқорлық барлық елде бар. Дегенмен қауіпсіздігі бізге ғана емес, бүкіл ғаламға қажет алып жобада суық қолдарға жол жоқ деп ойлаймын. Өйткені МАГАТЭ-нің комиссарлары мен халықаралық ұйымдар іргетасы қаланғаннан бастап жобаны қатаң бақылауда ұстайды.

Сондықтан біздің консуль­танттарды есептемегенде, ха­лық­аралық дәрежедегі тек­серушілер ұдайы қатысады. Олар тіпті іргетасынан емес, құжат­тар­ды әзірлеу кезеңінен бас­тап қатаң қадағалауға алады. Себебі ешкімнің басы екеу емес. Халықаралық тексерушілер АЭС салынатын орынды мұқият қарайды. Оған жасалған нор­мативтік құжаттарды тексереді. Ол жер дұрыс таңдалды ма? Тағы бір қосалқы жұмыстар атқару керек пе? Техникалық-экономикалық негіздеме дұрыс жасалды ма? Бәріне бәрінің көзі толық жеткенде барып, АЭС құ­ры­лысын бастауға келісім береді.

Сол себепті, әлемде жұмыс істеп тұрған 415 реактордың әр­­бі­рінің жұмысы қатаң ба­қылауда. Ол бақылауды МАГАТЭ-нің ресми сайтынан кө­ру­ге бо­лады. Жалпы, сол ресурс­­­­тан АЭС-тегі барлық жұмыс үде­­рісін онлайн қадағалау мүм­кіндігі бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше