Энергетика • 07 Қыркүйек, 2024

Энергетикалық тәуелділіктен арылу қажет

64 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өндіріс қуаты өскен сайын энергияға сұраныс арта бермек. Ел аумағындағы энергия өндіретін ірілі-ұсақ 222 стансаның қуат көзі қажетті сұранысты толық қамтуға қауқарсыз. Осылай деген Алматы қаласы кәсіподақтар орталығының мүшелері Президент Жолдауында айтылған бірқатар мәселені талқылап, атом энергия стансасын салудың өзектілігі жайлы өз ойларын ортаға салды.

Энергетикалық тәуелділіктен арылу қажет

Қоғамда атом электр стансасын салу-салмау тұрғысындағы пікір екіге жарылғаны белгілі. Жолдауда Президент бұл мәсе­ле ел болып референдум негізін­де айқындалатын елеулі қадам екенін атаған болатын. Мем­лекетті тұрақты әрі қауіпсіз эколо­гиялық таза энергия көзімен қамту уақыт сұранысынан туында­ған қажеттілік екенін алға тарт­қан мамандар елдегі энерго нысандардың 65 пайызы ескір­генін тілге тиек етті. Орталық мүшелерінің айтуынша, станса салынбас бұрын, бөлінетін қаражат пен су мәселесін ұтымды шешіп алу қажет.

«Халықтың әл-ауқатын жақ­сар­тып, өнеркәсіпті өркен­дету үшін АЭС маңызы зор. Ғалымдардың есептеуінше, бір атом реакторын салу үшін 12 млрд доллардай қаржы керек. Бұл – бір. Екінші мәселе – су. АЭС-ті Балқаш көлі жағасына салса, ұтымды шешім болар еді. Энергетикасыз экономиканың ешбір саласы дамымайды. Дамыған елдер үздіксіз қуат беретін технологияларды тиімді пайдаланып отыр. Елімізде бұл бағытта табиғи ресурс жеткілікті. Энергия тұтыну көлемі күн өткен сайын барлық аймақта артып келеді. Авиацияны дамыту мәселесі де Жолдауда айтылды. Қазақстан әуе кеңістігі арқылы жыл сайын тасымалданатын жүк көлемін 4 жылдың ішінде 300 мың тоннаға дейін жеткізу үшін күш салуы қажет. Ел аумағы кең. Тіпті кейбір аудандарда кішігірім әуе айлағын салу артық етпейді. Туристік әлеует артады әрі тұрғындар үшін жедел жәрдем көмегіне жүгіну жеңілдейді», дейді «Алматы халықаралық әуежайы» жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Данияр Алтыбаев.

Өнеркәсіп өрге басу үшін энергетикалық тәуелділіктен арылу керек деген Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығының төрайымы Зәуреш Өмірбаева АЭС энергетика саласына сенім­ділік сыйлайды деген пікірде. Мамандардың айтуынша, атом электр стансалары әлемнің 30-дан астам елінде бар. Олардың ең қуаттылары Оңтүстік Корея, Франция, Жапония елдерінде орналасқан. Бауырлас Түркия мемлекеті де бұл бағытта маңыз­ды қадамға барып отыр.

«Елдің жан-жақты дамуын­да нақты бағыттар үнемі ай­қын­далып отыруы тиіс. Жыл сайынғы Жолдау елдегі қалып­тасқан мәселелерді шешуге, стратегиялық міндеттерді орын­дауға көп септігін тигізеді. Мәселен, АЭС тақырыбы жыл­дар бойы қоғам арасында қызу тал­­қыланып келді. Осы та­қы­рыпта 16 тамыз күні Алматы­да жария талқылау да өтті. Жұрт­­­шылық мәселеге сауатты көз­қараспен үңілсе, оңтайлы шешімге келеміз деген сенім басым», дейді Зәуреш Өмірбаева.

Елдегі ең үлкен мегаполис­тегі Кәсіподақтар орталығының өкілдері референдумның ашық әрі әділ өтетініне сенім білдірді. Сондай-ақ олар азаматтарды ел өмірінде тікелей маңызы бар шешім қабылданатын үдерістен шет қалмауға шақырды.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 3 су арнасы жөндеуден өтеді

Аймақтар • 04 Қазан, 2024

Нарықта мұнай бағасы шарықтады

Экономика • 04 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

Референдум 2024 • 04 Қазан, 2024

Терраса тақтасы

Ғылым • 04 Қазан, 2024