Өнер • 13 Қыркүйек, 2024

Ұлттық бояуы қанық туындылар

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Суретші өз туындыларына тақырып іздеп, қиядан асып, ел ше­ті­­не шығып кетпейді. Өмір мен болмыстың заңдылықтарын а­та дәс­түрден, ұлттық тұрмыстың ғасырлар бойы сыннан өтіп, дәлел­денген қарым-қатынасынан, ішкі әлемінің иірім­дері­­нен іздейді.

Ұлттық бояуы қанық туындылар

Оның қолтаңбасында дала дәстүрі, ұрпақ са­бақ­тастығы мен ұлт тарихы алғашқы орында тұрады. Сти­лис­тикалық мәде­ниеті мен образдық па­йымдау­лары суреткердің жазы­лып қойған мінез­демесіндей. Кес­кіндеменің плас­тикалық-образ­дық жүйесі мен алуан түрлі ком­по­зи­ция­лық шешім­дерді жіті меңгерген Әли Бақ­ты­гереев тарихи тақырып­тар­ға кел­генде ерекше шабыттана түсетіндей. Кез келген туын­дыгер аңға­ра бермейтін жеке құбылыстарға жан-жақ­ты көз­қараспен ұмтылысы су­­рет­­шіні ұлттық тақырыптың этно­­ро­­ман­ти­ка­лық биік сатысына жетелейді.

Ол суретші ретінде де, педагог ретінде де қазақ заманауи кескіндеме мек­­тебінің дамуына зор үлес қосты. Ұс­таздықпен өткен бедерлі жылдар ішін­де Ә.Бақтыгереев, О.Таңсықбаев атын­дағы Алматы сәндік-қол­дан­балы өнер колледжінің қабыр­ғасын­да ерен жүйрік суретші­лер­дің тұтас бір шоғырын шыңдап шы­ғарды. Шә­­кірт­тері қазіргі таңда «Бақ­ты­гереев мектебі» сурет өнерінде өзіне тән өрнегін қалыптастырған, ұлттық мі­­нез­ге бай мектеп екенін дәлелдеп ке­леді.

Этнографияға қанық, ұлттық бояуға бай картиналардың өне бойынан ежелгі өркениеттің ошағы болған көшпенділер мәде­ниетінің мәйегін көресіз. Ең бас­тысы автор, бұл күйді көрермен жанына ұғынықты тілде жеткізудің әдіс-амалын дәл табуға талпынады. Суретші нысанаға алған әр тақырып шығармадағы негізгі айтар ойды ашық та, астарлап та жеткізеді. Ата-баба дәстүрі, жазыл­маған дала заңы, үлкенге құр­мет, мейірім, адамгершілік, ізет секілді құндылықтар оның негізгі тақырыбы. Бұл тұрғыда дарынды қылқалам шеберінің «Көш», «Батыр», «Күннің батуы», «Әуез», «Өмір», «Кеш», «Жаназа» секілді әсерлі де әуезді шығар­ма­ла­рын айрықша атай кеткен жөн. Туын­дылардың өзегінде еркіндік, таза­лық, ұлттық мұра, ақ пен қара­ның қайшылығы, өткенге оралу дей­тін сан тарау идеялар жатыр.

«Әлидің «Жаназа» атты шы­­­­ғар­масы аса көлемді эпика­лы­қ кесек туынды. Нағыз музей төрі­н­ен орын алатын қазіргі заман кескінде­ме­сінің жаңашыл же­тістігі. Қазақ кес­кін­демесінде картинаның музыкалығын көбі колорит арқылы шешсе, Әли образ бейнелермен шешкен. Бұл үлкен оркестрге арналған симфония тәрізді. Айтқысы келген ой да, көрсеткісі келген тарихи этнографиялық бейнелер де көп. Суретте картинаны тұтастай ыждағатпен қарайтын тұстар жетіп артылады. Суретші үшін көрерменнің назарын ұстай білу өте маңызды. Осылайша, суретші көрерменнің назарын артқа, суреттің орта тұсына аудара алған. Көп фигуралы композицияның әр бейнесінде тылсым образдар бар. Мифтік фольклоризм санадағы ағын, ой ағыны ретінде ғажап әуенге толы. Эпостық қуат деген аста төк. Бұл жерде өте жоғары мәдениет, терең талғам мен суретшінің дүниетанымдық өресі тұр. Ракурстардың қуаты, арасында қиял ғажайып бейнелерді де кірістерген де, тылсым әлем әуені пайда болған. Айрықша көркемдік шеберлігімен қоса тарихи дерекнамаларды саралап, барынша көркем етіп беру шеберлігін атап айтуымыз керек. Ә.Бақтыгереев­тің «Жаназа» туын­дысы автор­лық ойдың аса терең­діг­і­мен, көр­кем­дік ойды жинақ­тау­дың кең­дігімен, эпикалық тыны­сы­ның құлашымен, көп фигуралы ком­позицияны тылсым музыкалық әуенге бағындыруымен құнды. Бұл үлкен жаңалық», дейді профессор Жанар­бек Берістен.

Жазған-сызғаныңда ұшқыр қиял, ұтымды шешімнен бөлек көңіл толқытар сезім қылаң бермесе, өміршең туындыны өмірге әкелдім деу бекер. Ал ондағы сезім иірімдерін әркім әртүрлі қабылдайды, өз-көрген түйгені­мен ұштастырады, сол арқылы шы­ғар­маға жан бітеді. Расымен де бейнелі шығарманы бағалау өлшемін қарапайым көрерменнің көңіл түйсігіне қалдырған дұрыс.

 

АЛМАТЫ