Пікір • 13 Қыркүйек, 2024

Ғалымның азаматтық міндеті

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғылыми жиын өтетін жерге жеттік. Грант алған ғалымдардың зерттеу жобалары таныстырылып жатыр. Өте жақсы жұмыстар бар екен. Соның ішінде жалпы сомасы 750 млн теңге тұратын жобаның жетекшісі әрі авторымен әңгімелескі­міз келіп, ниетімізді ұйымдастырушы тарапқа білдірдік. Баспасөз қызметкері жүгіріп жүріп, спикерді сұхбат беруге ыңғайлы тұсқа жетектеп әкелді.

Әлгі кейіпкерімізге өзімізді таныстырып, өзін де оқырмандарға қысқаша таныстыруын, содан соң жобасы жөнінде түсіндіріп беруін сұрадық. Өзін әзер таныстырған ол жобасын айтуға келгенде тіпті ежіктеді. Қазақша ойын дұрыс жеткізе алмайтын көп спикердің бірі шығар деген оймен, оған қоса сарапшының сөзі оқырманға да, журналиске де құнды екені санамызға сарт етіп: «Қаласаңыз, орысша айтыңыз», дедік. Бір-екі сөз айтып орысшаны да оңдырмаған соң әрі қайта-қайта ұйымдастырушыға қарайлай бергендіктен, шетелде 20 жылдап жұмыс істеп келген кейіпкерлерімізден ағылшынша пікір алғанымыз еске түсіп: «Тіпті ағылшын тілінде түсіндірсеңіз де мархабат», дедік. Осы кезде кейіпкеріміз кідірді, үндемей бірер минут тұрды да: «Сөйлемей-ақ қояйын, сұхбат бергенді жаратпаймын», деді. Сөзге жоқ, істің адамы болар деп, ойын жинақтап жазып беруін өтіндік, ақыр аяғы сиырқұйымшақтанып кетті.

Іс-шара мәресіне жетіп, кеңсемізді бетке алып, көлікте келе жатырмыз. Жур­на­лиспен әңгімеге құлық танытпаған көңіл­сіз кейіпкердің қылығы қайта есімізге түсті. Сұрақтар жауапсыз қалды. Ғылыми жобаларды (Ғылым қоры арқылы) қаржыландыру тәртібі бойынша ғалымдар барлық соманың 20 пайызын инвесторлардан тартуға, өзі табуға тиіс. Мұндайда адам өз жобасының жемісті, табысты болатынына демеушіні сендіруге аузы-аузына жұқпай сөйлеп, түсіндіріп, қорғап шығуы керек шығар. Әлде ойын жөнді жеткізбейтін қомақты қаржыны тарта қоя ма? Жоқ, инвестор 150 млн теңгені түк түсіндірмеген жобаның авторына бере сала ма? Мүмкін емес қой. Одан да бұрын ғылыми дәрежесі бар кейіпкеріміз бакалавриаттағы дипломдық жұмысын, одан кейінгі ғылыми диссертациясын комиссияның алдында қалай қорғады? Комиссия мүшелерінің қарша бораған сұрақтарына қайтіп жауап берді? Осы деңгейге шыққан адам сөзсіз жұмысын қорғап шықты ғой, өз жобасын жасап, инвес­торды да тарта алды. Демек, оның журналист сұрақтарына жөнді жауап бермеуін ақтау қиын.

Ғылымның дамуына ғылымды жан-жақты насихаттаудың тигізер ықпалы жоғары. Насихаты күшті салаға жас буын да құмар келеді. Ал біздің ойымызша, ғылымның кеңінен насихатталуына ең алдымен ғалымдар мүдделі болуы қажет. Әйтпесе қаламгерлердің құмартқаны, журналистердің жүгіргені жеткіліксіз. Әлбетте, бұрақалық ақпарат құралдарында ғылым кеңінен дәріптелуі керек, әрбір сайт, газет, журналда ғылымға арнайы айдар, радио мен телеарналарда тұрақты шығатын хабар болуы қажет екені айдан анық. «Шоу бизнеске бүтін бір телеарна мен бірнеше радио бар, ғылымға да арналған сондай арналар болуға тиіс» деген ойды реті келген сайын айтып та жүрміз. Бірақ ғылым тақырыбында тұрақты жазатын санаулы журналистерден де, өз тәжірибемізден де байқағанымыздай, зерттеушілер ғылыми жұмыстары жөнінде жұртқа жеткізуге соншалықты құлықты емес. Кейбірі тіпті онысын ашық білдіреді. «Уақытым жоқ, зертханадағы жұмыстарым күтіп тұр» деп кері бұрылғандарды да кезіктіргенбіз. Алайда солардың көбі – ғылыми жұмысына грант алғандар. Грант дегеніміз – халықтың салығынан жиналған мемлекеттің қаржысы. Түптеп келгенде, халықтың қаражатына жүргізілген жоба туралы бұқараға қарапайым тілмен тәтпіштеп түсіндіру – ғалымның кәсіби міндеті. Ал ғылымды насихаттау – ғалымның азаматтық міндеті. Ғалымдарда осындай көз­қарас қалыптасқанда ғылым қазіргіден де қарқынды дамитындай көрінеді.

Әрине, өз бетінше хабарласып, ашық болып, сұрақ қойса қуанып, жауаптан жалтармайтын, жалықпайтын ғалымдар да бар, бірақ аз. Солардың қатары көп болғанын қалаймыз. Өйткені қазір қоғам, көзіқарақты оқырман танымдық контентке құмар, алайда танымдық, соның ішінде ғылыми контент кеңістігі бос тұр, оны кәсіби сарапшылардың көмегімен ғана толтыруға болады.