Жасанды интеллект • Бүгін, 08:50

ЖИ дәуірінің медиа мұраты

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінде Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен, Бас редакторлар клубының қолдауымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мен медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ЖИ дәуірінің медиа мұраты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Басқосу Қытай Халық Рес­публикасындағы Сиань Цзяотун университетінің президенті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры арасында қол қойылған ме­мо­рандумды ресми алмасу рәсімінен басталды. Аталған құ­жатты Қытайдан арнайы кел­ген қонақ, Сиань Цзяотун универ­ситеті Журналистика және жаңа медиа институтының дирек­торы Ву Фэн ЕҰУ басқарма мү­шесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбайға салтанатты жағдай­да табыс етті. Бұл меморандум екі оқу орны арасында бірлес­кен халықаралық ғылыми зерт­теу жобалары бо­йынша ынты­мақтастықты дамытып, «Жаңа таралым мен жар­наманың заманауи үрдістері» деген атау­мен бірлескен онлайн сабақ өткі­зуге, бакалавриат немесе магистратураға білімгерлерді қабылдауға өз септігін тигізбек.

Айта кетсек, Сиань Цзяотун университеті (Xi’an Jiaotong University) – Қытайдың ең беделді жоғары оқу орындарының бірі және 2025 жылғы QS World University Rankings рейтингі бойынша Қытайда 12-орында, ал әлем бо­йынша 202-орында тұр.

Ву Фэн мырза Сиань Цзяотун университеті мен Еуразия ұлт­тық университеті арасында ынтымақ­тастықтың орнауы екі ел үшін де білім саласындағы маңызды сыртқы байланыстың бірі екенін және Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан жасанды интеллектіні дамыту саласында елеулі жетістікке қол жеткізіп жатқанын атап өтті.

Бүгінде цифрлық техноло­гиялардың қарқынды дамуы ХХІ ғасыр медиакеңістігін түбегейлі өзгеріске ұшыратып жатыр. Қазір бұл құбылыстың негізгі қозғаушы күші – жасанды интеллект. Осы тақырыпта алғашқы болып сөз сөйлеген университет проректоры А.Бейсенбай ақпарат­ты жинау, өңдеу, тарату мен тұтыну тәсілдері өзгеріп, бұрын адамның ғана құзырында болған шығар­ма­шылық және аналитикалық қызметтің кейбір тұстары автоматтандырылып жатқанын атап өтті.

«Мамандардың айтуынша, көптеген жетекші медиаком­пания, мысалы, «Reuters», «Bloomberg», «Washington Post» қарапайым жаңалықтар мен қаржылық есеп­тер­ді ЖИ арқылы жазып отыр. ЖИ алгоритмдері деректер негізінде ақпарат дайындап қана қоймай, оның стилі мен аудиторияға бейім­делуін реттей алады. Бұл техно­логия жур­налистикадағы адам фак­торының әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Алайда эмоциялық, әлеу­меттік контексті түсіну, сын тұрғы­сынан ойлау, этикалық шешім қабылдау – ЖИ әлі толық меңгере алмайтын қабілеттер», деді ол.

Жасанды интеллект тақырыбы – жай ғана технологиялық тренд емес, бұл – өркениеттің жаңа бағыты, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен қоғамның жауап­кершілігін ай­қындайтын бас­ты факторға айнал­ғанын атап өткен Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай жаңа технология жетістіктерінің қоғам өміріне үйлесімді енуі үшін оған құқықтық негіз болуға тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта нәтижелі жұ­­мыс­­ іске асып жатыр. Атап айтқанда, жуырда елімізде тұңғыш рет «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленгенін тілге тиек етті.

«7 тарау, 28 баптан тұратын бұл заң болашақта әлі өзгертіліп, толықтырылатыны сөзсіз. Өйт­кені ЖИ бойынша әлемде жасалып жатқан жұмыстар үлкен жолдың басы ғана. Еліміздің тұңғыш заңы да – қазіргі заман талаптарына жауап беретін кешенді құқықтық база қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам. Біз осы бағытта заңнамамызды халықаралық стандарттармен үйлестіруге да­йынбыз. Қазір тиісті жұмыс Әділет министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында жүргізіліп жатыр», деді сенатор.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде ЮНЕСКО-ның этикалық кодексін ескеріп, ұлттық AI этика­сы жөнін­дегі кеңес құрылып жатыр. 300-ден астам жоба жасанды интеллект элементтерін қолданады. «Astana Hub» пен АХҚО алаңда­рында 70-тен астам AI-стартап тіркелген. Бұл салаға салынатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден аспақ. Осы және өзге де жетістіктерге тоқталған Б.Жексенбай мемлекет тарапынан AI технологияларын мемлекеттік басқаруға енгізу, білім мен ғылым жүйесінде қолдану, медиа сала мен цифрлық мәдениетте этикалық стандарттар енгізу секілді үш стра­тегия­лық бағыт айқындалғанын атап өтті.

Халықаралық конференцияда медиа саласының өзге де майталман мамандары, атап айтқанда, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы,  профессор Сауытбек Абдрахманов, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетхан Жиенқұлов, «Abai tv» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, т.б. сөз алып, қолына қалам мен микрофон ұстаған қауымның жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануына қатысты орайлы ойларын ортаға салып, келелі пікірлерін көпке жеткізді.

Соңғы жаңалықтар