
Елімізде біраз жылдардан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы бар. Жыл сайын «Бүкілхалықтық ағаш отырғызу күні» экологиялық акциясы өткізіледі. Акцияның мақсаты – ормандарды сақтау, қалпына келтіру, көбейту, ауыл, аудан, аймақтарды абаттандыру. Кейінгі кезеңде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында да жер-жерлерде көгалдандыру, тал көшеттерін отырғызуға қатысты көптеген жұмыс атқарылды. Орман қорларын сақтау, көбейту жөніндегі шаралар баршамыз үшін ең әуелі Жер-Анамызды сауықтыру үшін аса қажет. Орман – ұлт байлығы, адамзаттың аманаты. Оны қорғау – тек осы салада еңбек ететін маман, жұмысшылардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың парызы.