Дөңгелек үстелде сөз алған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр шараға қатысушыларға алғысын білдірді.
«Ең алдымен, неміс әріптестерімізге диалогке ашықтығы және екіжақты серіктестігімізді нығайтуға белсенді атсалысқаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бірлесе атқарған жұмысымыздың арқасында Германия Федералды Канцлері Олаф Шольц мырзаның ресми сапары барысында жоспарланған барлық іс-шара сәтті өтті. Біз енді одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз», деді ол.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары ауқымды шара аясында 6,1 млрд долларды құрайтын 30 құжатқа қол қойылғанын тілге тиек етті.
«Бүгін қол қойылған Қазақстан–Германия жобалары екі тарапқа да өзара тиімді болатынына сенімдімін. Бұл бастамалар Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері, агроөнеркәсіптік сектор, көлік-логистика секторы және өнеркәсіптік өндіріс сияқты жоғары технологиялық секторларды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады», деді Роман Скляр.
Қол қойылған бірлескен жобалар мен құжаттар ресми түрде ғана емес, шын мәнінде, қарапайым азаматтардың өміріне оң әсерін тигізетінін айтқан ол, болашақта екі елдің әрбір азаматына нақты демеу болатын ұзақ мерзімді және оң өзгерістердің берік негізін қалайтынына сенім білдірді. Бұл өзгерістер өзара түсіністікті нығайтуға және екіжақты қарым-қатынастардың тұрақты дамуына ықпал ете отырып, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарына әсер ететіні сөзсіз.
«Міне, осы себепті біздің ашық және сындарлы диалогіміз ерекше маңызға ие. Әлеуетті мәселелерді талқылау ерекше назар аударуды және тиянақты көзқарасты талап етеді. Сондықтан мен бүгінгі кездесуді тар шеңберде өткізу туралы ұсыныс білдірдім. Бүгінгі кездесуіміз барлық аспектіні тереңірек және егжей-тегжейлі талқылауға, стратегиялық мақсаттарымызға жету үшін бірлескен шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді бірінші вице-премьер.
Пікір алмасуда тараптар негізінен ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және сату, сондай-ақ жеткізу бойынша ой бөлісті. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен неміс агробизнес өкілдері арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге озық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасуды, неміс өнімдерін сату үшін қаржыландыру құралдарын ұсынуды көздейтін мәселелер талқыланды.
«Біз «Қазақстан – Германия» бизнес форумына қатысу үшін арнайы келдік. Екі ел арасында болып жатқан ауқымды шараның бәрі біз үшін өте маңызды. Сәті түсіп, бүгін бірқатар меморандум мен келісімшартқа қол қойылды. Оның қатарында көлік-логистикалық қызметтен бастап, инфрақұрылым, түрлі өндіріске қатысты келісімшарт, тіпті гуманитарлық сала бойынша да меморандум бар. Мысалы, мамандардың біліктілігін арттыру бойынша да бірлескен жобалар қолға алынады», деді Іскерлік делегацияның жетекшісі, Бундестаг депутаты, Экономикалық істер және климатты қорғау федералды министрі жанындағы Парламенттік мемлекеттік хатшы Майкл Келлнер.
Сонымен қатар Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігімен де келісімге келетіндерін атап өткен мемлекеттік хатшы, германдық және еуропалық компаниялар біздің жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыратынын айтты.
«Бәрімізге мәлім, қазіргі күнде Қазақстан шикізаттық емес саланы өрістетіп, өндірістерді жолға қоюға күш салып жатыр. Әсіресе қайта өңдеуді, инфрақұрылымды және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытқысы келеді. Сонымен бірге біз өндірген өнімдерімізді Қазақстан арқылы аймақтағы басқа елдерге экспорттауды көздеп отырмыз. Осы бірлескен жобаларымыздың келешегі зор деп ойлаймын. Қазір Орталық Азияда инвестиция бойынша Қазақстан көп елге тартымды болып тұр. Осы тарихи мүмкіндікті қолдан шығарып алмай, тиімді пайдаланған дұрыс. Оған Қазақстанның әлеуеті жетеді», деді мемлекеттік хатшы.
Өз кезегінде сөз алған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам жасалғанын айтты.
«Біз рекордтық сомасы 6,1 млрд доллардан асатын бірқатар құжатқа қол қойдық. Бұл экономикамыздың ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергетика, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау сияқты негізгі секторларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды», деді ол.
Оның айтуынша, «HORSCH Maschinen GmbH», «CLAAS Global Sales GmbH» және «KfW Bankengruppe» сияқты ірі компаниялармен жасалған келісімдер озық технологияларды енгізуге серпін беріп қана қоймай, еліміздің агроөнеркәсіптік кешені мен энергетикалық секторын жаңғыртуға ықпал ететін жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды. «Бәйтерек» холдингі қаржылық қолдау көрсетіп, оларды табысты іске асыру құралдарын ұсынады. Осы жобалардың өміршең болуына белсенді атсалысады.
«Сонымен қатар форум аясында өткен бүгінгі дөңгелек үстел пікір алмасу және неміс серіктестерімізбен ынтымақтастықтың келешегін талқылау алаңына айналды. Біз екіжақты қатынастарды дамытуда, әсіресе жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіптік сектор, көлік-логистика саласы және өнеркәсіптік өндіріс сияқты бағыттарда үлкен әлеуетті көріп отырмыз», деп сөзін жалғады Рустам Қарағойшин.
Қол қойылған келісімдер Германиямен экономикалық байланыстарды нығайтады. Осы туралы әңгімелеген басқарма төрағасы, елімізде орнықты және инклюзивті өсуді дамыту бойынша биік мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін жаңа табысты жобаларға басымдық берілетініне сенім білдірді.
Тартысты да мазмұнды өткен дөңгелек үстелді вице-премьер Роман Скляр қорытындылады. Ашық әрі шынайы диалог үшін іс-шараға қатысушыларға шын жүректен алғысын білдірген ол, мұндағы әрбір ұстаным және идеялармен бөлісу ортақ мақсаттарды алға жылжытуда аса маңызды екенін жеткізді.
«Кездесу барысында айтылған ұсыныстарды жоғары бағалаймыз және алдағы бірлескен жұмысымызда барлық бастама мұқият қарастырылып, ескерілетініне сендіргім келеді. Қазақстан тарапының атынан алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастырып, тығыз байланысты сақтауға ниетті екенімізге сендіремін», деді ол.
Дөңгелек үстел аяқталған соң «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«Бұл дөңгелек үстел бізге өте маңызды. Қазір 30-дан астам келісімшартқа қол қойылды. Жалпы сомасы 6 млрд доллардан асып жығылады. Оның 3 млрд доллардан астамы «Байтерек» тарапынан жасалып жатыр», деді басқарма төрағасы.
Бірқатар келісімнің мазмұнына тоқталған холдинг басшысы, негізінен агросекторға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
«Германияның экономикасы да, технологиясы да өте жылдам дамып келеді. Сондықтан біз бұл елден инвестиция тартуға әрекет етіп жатырмыз. Әсіресе жаңа технологияларын әкелуге мүдделіміз. Алдағы уақытта осындай кездесулерді жиі ұйымдастырып, оған қатысушылардың санын да көбейткіміз келеді. Бұдан былай «Бәйтерек» холдингі Германиямен қарым-қатынасты осы бағытты дамыта береді», деп сөзін қорытындылады Рустам Қарағойшин.