
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметіне сүйенсек, өңірде 2021 жылдан бері 75 ауылдық округте әкім сайлауы өтті. Ал биыл ауыл тұрғындары 15 округтің әкімін сайлады.
Тегінде әкім лауазымына оқытатын мамандық жоқ. Кез келген мамандықтың иесі әкім болуға ұмтылады. Бұрын әкімдер тағайындалып келсе, кейінгі жылдары тұрғындар оларды тікелей сайлайтын болды. Ауыл тұрғындары жаңадан сайлаған округ әкімдері әр саладағы мамандықты меңгерген. Оның ішінде 15 әкімнің мамандығы – экономист. Бұрын мектепте оқушыларға білім нәрін сепкен 22 мұғалім де округті басқарып отыр. Олардың қатарына 16 заңгер мен 8 инженер қосылды. Сайлау өткенге дейін басқа мамандықпен жұмыс істеген 7 адам енді ауыл әкімі болып жүр.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жалпы, елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы 2001 жылы басталды. Сол жылғы 20 қазанда тәжірибе ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы Атырау облысында Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылы мен Мақат ауданының Қошқар кентінде өтті. Тарих еншісіне енген сол сайлауда екі әйел басым дауысқа ие болып, өздері тұратын елді мекенді басқару тізгінін қолға алды. Алайда кейін Қошқар кенті экологиялық ахуалға байланысты таратылып, тұрғындары көшірілді.
А.Айманакумовтың мәліметіне сүйенсек, қазір Атырау қаласы мен Жылыой, Құрманғазы, Исатай, Индер, Қызылқоға, Мақат аудандарында 63 ауылдық округ тіркелген. Бұған қоса аудандық маңыздағы Құлсары қаласы, Мақат, Доссор, Индер, Жаңа Қаратон кенттік округі бар.
Өңірдегі жеті ауданда тұрғындар саны мен округтер саны әртүрлі, бірінде көп, енді бірінде өте аз. Мәселен, Жылыой ауданында 2022 жылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес тұрғындар саны 86 мың 118 адамды құраған. Тұрғыны аз болмаса да бұл ауданның құрамына 1 қала, 1 кент, 5 ауылдық округ кіреді. Ал ең көп ауылдық округ Ресейдің Астрахан облысымен шектесетін Құрманғазы ауданында тіркеліп отыр. Мұнда 49 елді мекенді біріктіріп отырған 19 ауылдық округ бар. Шекарада орналасқан аудандағы ауылдар бір-бірінен тым қашықта орналасқан. Мәселен, Асан, Азғыр және Сүйіндік ауылдық округтерінің тұрғындары аудан орталығына автокөлікпен жету үшін 7-8 сағатқа жуық жол жүреді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдандағы танктерге құятын жанармай ретінде мұнай жіберілген Мақат ауданында үш ғана округ бар. Оның бірі – ауылдық, екеуі – кенттік. Тұрғындардың дені Мақат және Доссор кентінде тұрады. Ауданда тіркелген 29 590 адамның 1 838-і жалғыз ауылдық округ Бәйгетөбеде тұрады. Бұл округ Мақат кентіне тиіп тұр. Өйткені теміржолдың бір жағында Мақат кенті, екінші тұсында Бәйгетөбе орналасқан.
Негізінде мұндағы ауылдық округке де, аудан мен облысқа да әкім болу оңай емес. Оны осы қызметті атқарғандар жақсы біледі. Әсіресе «кіші» әкімдерге өзі басқаратын ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін инженерлік құрылымдардың ескісін жаңартудың да, жаңадан желі тартудың да машақаты көп. Кейбір ауылдарда 7-8 жыл бұрын басталған әлеуметтік нысандар құрылысы аяқталмай тұр. Өйткені ауыл әкімінің сөзін тендерден нысан құрылысын жүргізуді ұтып алған мердігерлер жүре тыңдайды. Нысандар құрылысының мерзімінде аяқталмағанына ауыл әкімдерін кінәлі ететін тұрғындар кездеседі. Тұрғындар әкімдер жұмысына салғырт қарайды деген уәжді алға тартады. Тіпті таза ауызсу, газ желісін тарту кешіксе де әкімдер жұмысына сын айтылады.
Бірақ бұрыннан әкім лауазымында жұмыс істеп, қайтадан сайлауға түскен үміткерлерді, мемлекеттің өзге буынында қызмет атқарғандарды қолдаған ауылдар бар. Мәселен, 53 округтің әкімі сайлауға дейін мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап, тәжірибе жинаған. Кейінгі үш жылда 28 әкім қайтадан сайланды. Бұрынғы әкімнің жұмысына Атырау қаласына таяу орналасқан Алмалы, Махамбет ауданындағы Сарайшық, Исатай ауданының Нарын, Құрманғазы ауданында орналасқан Жаңаталап, Сүйіндік ауылдық округтерінің тұрғындары тағы да сенім білдірді. Индер ауданындағы Бөдене, Есбол ауылдық округтерінің тұрғындары бұрынғы әкімнің жұмысын қайта жалғастырғанын қалады.
Дегенмен ауыл әкімінің орынтағына жастардың отырғанын қолайлы көретін тұрғындар да бар. Мәселен, өңірдегі ауыл әкімдерінің ең жасы – Жанғазы Еркінов. Қазір Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады. Оның жасы – 27-де. Бұл қызметке былтырғы қаңтарда сайланғанымен, бұрын мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеген.
Ал Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаев әріптестері арасындағы жасы үлкені саналады. Ол 1963 жылы туған. Үш жылдан бері Исатай ауданының орталығы саналатын округті басқарып келеді. Оның мамандығы – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Мектепте мұғалім, аудандық білім бөлімінде әдіскер, білім ордасының директоры болған. Одан кейін «Жалын» мәдениет үйінің директоры, «Қамысқала су арнасы» ЖШС бас инженері, «Тех Сервис» ЖШС директорының орынбасары секілді қызметтерді атқарыпты.
Округ әкімі болу мақсатына қол жеткізгенімен, бұл қызметті ұзақ атқара алмағандар да бар. Оған түрлі себеп әсер етеді. Мәселен, біреуі зейнет жасына толуына байланысты, ал 8 әкім өз өтінішімен орынтағын босатқан. Ауыл тұрғындарының сеніміне ие болған 9 әкім басқа жұмысқа ауысып кетіпті. Алайда 3 әкімнің жұмыстан босатылуына мемлекеттік қызметке тән емес әрекеті себеп болған.
Кейінгі үш жылда ауылдық 47 округтің әкімі жаңарды. Бұл – ауыл әкімдерінің 62,7 пайызы. Демек, ауыл тұрғындары жаңа әкімдерге үміт артып отыр.
Былтырғы 5 қарашада Қызылқоға мен Исатай ауданында аудан әкімінің сайлауы өтті. Екі ауданның бір-біріне ұқсастығы көп. Тұрғындарының дені ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ өнеркәсібінде жұмыс істейді. Нарықтың талабына сай кәсіпкерлікті жандандырып, өз кәсібін ашқандар да аудан экономикасына үлес қосып жүр. Теміржол бойында орналасқан елді мекендері де бар. Екі ауданның аумағымен Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясына шекарасы бағытына қатынайтын ең ұзын көлік жолы өтеді. Ауданның екеуі де Батыс Қазақстан облысымен шектеседі.
Осындай ұқсастығы бар екі ауданның бірі – Исатай. Бірнеше рет таратылып, бірнеше рет қайта құрылды. Қазір бұл ауданның 7 ауылдық округіне 16 елді мекен кіреді. Тұрғындар саны 30 мыңға жуықтады. Ал облыс орталығынан шалғайда Қызылқоға ауданындағы 10 ауылдық округтегі 26 елді мекенде 31 710 тұрғын тіркелген. Исатай ауданында – 15 883, ал Қызылқоға ауданында 18 614 адам сайлаушы тізіміне енгізілген.
Аудан әкімі алғаш рет сайланатын болғандықтан ба, бұл лауазымға сайлануға көп үміткер қатысқан жоқ. Екі ауданда 6 үміткер тіркелді. Үміткерлердің бәрі де мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.
Неге екені белгісіз, әдетте сайлау десе, бәйгеге жүйрік тұлпар қосқандай белсенділік танытатын саяси партиялар көп үміткер ұсына қоймады. Екі аудан әкімінің сайлауына «Amanat» партиясы бір-бірден, ал Қазақстан халық партиясы бір үміткерін ұсынды. Үміткерлердің үлкені – 51-де, ең кішісі – 37 жаста.
Мәселен, Исатай ауданының әкіміне кандидат болып «Amanat» партиясынан Нұрым Мусин, Қазақстан халық партиясынан Рашид Мұқанов тіркелді. Ал Асылан Ғұбаш өзін-өзі ұсынды. Ал Қызылқоға ауданында «Amanat» партиясынан Қанат Әзмұхановты сайлау додасына үміткер ретінде қосты. Мұнда өзін-өзі ұсынған екі үміткер тіркелді. Олар – Мағжан Жексенов пен Сәндібек Салықов. Алайда аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бір үміткерді тіркеуден бас тартты. Өйткені бұрын осы ауданды басқарып, қайтадан әкім болуға ұмтылған үміткер қажетті құжаттарды толық ұсынбаған.
Алғаш рет өткізілген екі аудан әкімін сайлауда тұрғындар саяси электорат ретінде белсенділік таныта алды ма? Осы сұраққа жауап іздегенде Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне жүгінеміз. Сайлау өткеннен кейін таратылған ақпаратқа қарағанда, екі ауданда сайлаушылар тізіміне 34 497 адам енгізілген. Сайлау учаскесіне 19 328 сайлаушы келіп, аудан әкімінің лауазымынан үміткерлерге дауыс берген. Демек, сайлаушылардың жартысынан астамы саяси додаға үрке қарамай, көрігін қыздыруға үлес қосты.
Сайлаудың қорытындысымен екі ауданда да «Amanat» партиясының үміткерлері басымдыққа ие болды. Бұрын екеуі «Нұр-Отан» саяси партиясында жұмыс істеген. Сонымен, Исатай ауданында сайлаушылардың 4 934 дауысын жинаған Нұрым Мусин аудан әкімі лауазымын атқаруға кірісті. Экономист-қаржыгер мамандығы бар ол мемлекеттік қызметтегі жұмысын 2004 жылы Аққыстау ауылдық округі әкімдігінде маман болып бастапты. 2015 жылға аудандық әкімдіктің құрылысы бөлімінде, аппаратында жұмыс істеді. Аудан әкімі болып сайланғанға дейін аудандық мәслихаттың төрағасы болған.
Екінші аудан Қызылқоғада ең көп дауысты Қанат Әзмұханов жинады. Оған 8 556 сайлаушы дауыс берген. Оның екі мамандығы бар. Бірі – заңгер, екіншісі – қаржыгер. Ресейдегі Астрахань мемлекеттік университетінің магистратурасын бітіріп, Чехияның астанасы Прага қаласындағы «Central Bohemia Institute of Applied Science and Management» институтынан экономика және бизнес саласындағы іскерлік басқару бағдарламасымен ғылыми дәреже алған. Ол 2022 жылы Қызылқоға ауданына әкім болып тағайындалған. Демек, бұл ауданның тыныс-тіршілігімен кеңірек танысып, түйткілді мәселелерін зерттеуге де уақыты болғаны даусыз. Ал бұл ауданды басқарғанға дейін 2016-2018 жылдары Атырау қалалық мәслихатының хатшысы, 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры болған. Ал 2020-2022 жылдары Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Қалай десек те, ауылдардың тұрғындары өздері сайлаған округ, аудан әкімдерінің жұмысы ширағанын көргісі келеді. Өйткені сайланған әкімдер саяси партиялардың емес, алдымен ауыл тұрғындарының аманатын арқалады. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды.
Атырау облысы