Шымкент • 15 Қазан, 2024

Мүгедектігі бар азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылды

87 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар аза­маттардың күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай Шым­кентте «Мейірім – жан шуағы» атты мерекелік кон­церт ұйымдастырылды. Іс-шараның өтуіне мұрындық бол­ған қа­ла­лық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқар­ма­сы.

Мүгедектігі бар азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылды

Мереке күні концертке келушілер арнайы көрмені тамашалады. Көрмеге қойылған заттардың бәрін мүгедектігі бар азаматтар өз қолдарымен жасаған. Әсіресе іс-шараға қатысушылардың көңілінен шығып, ерекше қызық­тырғаны әртүрлі кәдесыйлар мен ұлттық қолөнер бұйымдары болды. Мерекелік жиында «Шымкент концерт» пен «Шымкент цирк» өнер ұжымдары арнайы концерт қойып, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңында мүгедек­тігі бар азамат­тарға демеушілер есебінен арнайы сыйлықтар берілді. Ұйым­дас­тырушылар елі­мізде барлық азамат тең қоғамда өмір сүріп жат­қанын, сондықтан ешкімді бөліп-жаруға болмайтынын атап өтті.

Айта кету керек, бүгінгі таң­да әкімдік жанындағы еңбек мо­биль­ділігі орталығы тұрғындарды жұ­мыспен қамту шараларына тар­ту мақсатында көп әрекет жасап отыр. Мәселен, әкімдіктің биыл­ғы жоспарында отыз мыңнан астам адамды жұмысқа орналас­тыру көзделген. Оның ішінде бір жа­рым мыңға жуығы мүгедектігі бар азаматтар. Биылғы 9 айда еңбек мобильділігі орталығына 2155 мүге­дектігі бар жан жұмыс жөнін­де өтініш жасаған. Олардың 951-і жұмыспен қамту шаралары­на қатысып, қазіргі таңда жұмыс орын­дарында еңбек етіп жатыр. Осы тұрақты еңбекпен қамтылған­дардың ішінде 344-і жастар.

Еңбек мобильділігі орталы­ғының басшысы Бағдат Мақсұт­ұлы­ның айтуынша, жұмыспен қамту шаралары Үкіметтің 2025-2026 жылдар аралығындағы Ұлттық жобасы аясында белгіленген. Оған алты бағыт кіреді. Атап айтқанда, жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, күміс жас, қоғамдық жұмыс орны, әлеуметтік жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты. Осы бағыттарда азаматтармен бірге мүгедектігі бар жандарды да жұмысқа тұрғызу міндеті қарастырылған.

«Әлеуметтік жұмыс орнына жолданған азаматтардың жа­ла­­қы­сының 35 пайызын еңбек мобильділігі орталығы өзі төлеп береді. Яғни субсидиялайды. Қазір мүгедектігі бар 9 адам әлеуметтік жұмыс орны бағытымен еңбек етіп жатыр. Күміс жас бағытында азаматтар 3 жылға жұмысқа тұрады. Осы кезеңде еңбек мобильділігі орталығы бірінші жылы жала­қының 75 пайызын, екінші жылы 70 пайызын, үшінші жылы 65 пайы­зын өзі өтеп береді. Күміс жас елу жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыруға қажет. Себебі елуден асқанда жұмыссыз қалған адамдарға бір жерден жұмыс табу өте қиын екені белгілі. Сон­дық­тан мемлекет зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдарға қамқорлық көрсету мақсатында Ұлттық жобаға осы бағытты енгізіп отыр. Бүгінгі таңда күміс жаспен мүгедектігі бар 37 азамат еңбек етіп жатыр. Осы екі жұмыспен қамту шарасы барысында азаматтарды тек жекеменшік мекемелерге жолдаймыз. Жастар практикасы бағыты бір жылға арналған. Бұл бағытта 37 мүгедектігі бар жас еңбекке тартылды. Алғашқы жұмыс орны бағыты 18 айды қамтиды. 26 мүгедектігі бар жандар осы бағытпен жұмысқа жолданды. Жастар практикасы мен алғашқы жұмыс орны бағыттары 35 жасқа дейінгі жас­тарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыруға жоспарланған. Еңбек мобильділігі орталығы осы бағыттарда жұмыс істеп жатқан жастарға еңбекақысын төлеп береді. Қоғамдық жұмыс бір жыл ара­лыққа көзделген. Бұл бағытпен жұмысқа тартылған азамат­тарға еңбек мобильділігі орта­лығы тарапынан 28 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айлық төленеді. Бүгінгі таңда 133 мүгедектігі бар адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар жыл соңына дейін қоғамдық жұмыспен айналысып, мемлекеттен айлық алып отырады. Ұрпақтар келісім­шар­ты бағытының мақсаты зей­нет­керлікке шығуға алты ай қал­ған азаматқа жас маман жолданып, ол жарты жыл бойы тәлім­герден мамандықтың қыр-сырын үйренеді. Кейін алты ай өткен соң зейнеткерлік демалысқа шыққан тәлімгерінің орнын жас шәкірті басып қалады. Алты ай бойы жас маманның айлығы еңбек мобильділігі орталығы есебінен төленеді. Түрлі мекеме өздеріне жұмыс күші қажет болған кезде орталыққа өтініш жасайды. Сол өтінішке қарап жұмыспен қамту шарасының қай бағытына қанша адам керек екенін анықтаймыз. Көбінесе мекемелер заңгер, экономист, есепші, басқа да түрлі ма­мандыққа жұмыскерлер сұ­райды. Техника саласының мамандарына да сұраныс жетерлік», деді Бағдат Мақсұтұлы.

Еңбек мобильділігі орталығы басшысының айтуынша, 262 мүге­дектігі бар азамат Бастау-Бизнес жоба­сымен курс оқып, кәсіпкерлік негіз­дерін үйреніп жатыр. Осы са­нат­тағы 69 адам арнайы комиссия ше­шімімен тегін грантқа ие болды. Олар грант қаражатын ойға ал­ған бизнес идеяларын жү­зеге асы­руға жұмсап, қосымша жұ­мыс орны­ның көбеюіне атсалы­са­ды. Биыл­дыққа 364 мүгедек жан тұрақты жұмыс орнына орна­лас­ты.

Өткен жылы 30 қарашада қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің мүге­дектігі бар адамдарды жұмысқа орна­ластыруға 2024 жылға арнал­ған жұмыс орындарына квота белгілеу туралы қаулысы шыққан. Сол арқылы 54 мекемеге 200 азаматты жұмысқа орналастыру жос­парға енді. Бүгінге дейін 52 мекеме 138 азаматты жұмысқа алды. Со­ның нәтижесінде жоспар 69 пайызға орындалды.

Дегенмен, жауапты сала маман­­да­рының мәлімдеуінше, азамат­­тарды жұмысқа орналастыру бары­сында жұмыс берушілер тарапынан түрлі мәселе туындап жатыр. Айталық, еңбек мобильділігі орталығы квотаға сәйкес бекітілген мекемелерге бос жұмыс орындарын сұратып қатынас хат жолдайды. Бірақ олар хатқа өз мерзімінде немесе мүлдем жауап бермей қоя салады. Болмаса квота арқылы бос жұмыс орындарын ұсынбайды. Егер бөлінген квота мерзімінде толық орындалмай қалған жағ­дай­да, жұмыспен қамтушы мекеме Шымкенттегі мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына хат жолдайтынын хабарлады. Екінші­ден еңбек мобильділігі орта­лы­ғынан көмек сұрап өтініш жол­даған, сонда жұмыссыз ретінде тір­келген мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тардың көпшілігі, өкінішке қарай, тұрақты бір мамандық иесі емес, тіпті ешқандай жұмыс өтілі де жоқ. Алайда квотаға сәйкес бекітілген мекемелер мүгедектігі бар жандардың осы жағдайын ескер­местен, біліктілігі жоғары ма­ман­дықты талап етіп, еңбек жағ­­дайы ауыр бос жұмыс орында­рын ұсынады. Қысқасы, жұмыс бе­ру­ші­лердің мүгедектігі бар адам­дар­ды онша жұмысқа ала бер­гісі кел­мейді. Одан бөлек, бү­гінде орта­­лықтың «Еңбек нарығы» ­ақ­па­­­­раттық жүйесінде мүгедектігі бар 270 адам жұмыссыз ретінде тір­­ке­уде тұр.

Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік қызметтер пор­талы арқылы электронды цифр­лық қолтаңбаны пайдалана отырып өзіне қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс беріп, ала алады. Бүгінгі таңда Шымкентте 41455 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың көпшілігі үшінші топтағы мүгедектер. Арасында 18 жасқа толмаған сегіз мыңға жуық бала мен жасөс­пірім бар. Олардың барлығы жеке оңалту бағдарламала­рына қа­ты­сады. Сондай-ақ про­тез­дік-ортопедиялық кө­мек, сурдо­тех­никалық, тифло­тех­ни­калық, гигие­налық, қоларба құрал­­да­ры­мен толықтай қам­ты­лып отыр. Әрі мүгедектігі бар аза­маттарға жеке көмекші, ымдау тілі мамандары мен инватакси қызметі қарастырылған. Жыл сайын мұндай азаматтар еліміздегі демалыс орындары мен шипажайларға тегін берілген жолдама арқылы демалып қайтады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жанынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік порталмен жұмыс істеуіне қолайлы, арнайы өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған. Психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функ­­­циялары бұзылған мүгедек бала­­­ларға, 18 жастан асқан пси­хо­­не­врологиялық ауруы бар аза­маттарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І, ІІ топтағы мүгедектер мен қарт­тарға стацио­нар, жартылай стацио­нар, үйде қызмет көрсету жағ­­дайында күтім жасалады. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді мем­лекеттік мекемелермен бірге оларға балама болып табылатын үкі­меттік емес ұйымдар да жүзеге асырады. Бұл ретте басқармаға қарасты 12 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Осы аталған орталықтарда 1162 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді. Биыл мүгедектігі бар үш мыңнан астам адам оңалту шараларымен қамтылды. Бұл бүгінге дейінгі сан. Көрсеткіштің жыл соңына дейін тағы өсетіні анық.

Қорыта айтқанда, елімізде мүм­­кіндігі шектеулі азаматтар өзде­­рін жайлы сезінуіне барлық мүм­­кін­дік қарастырылған. Өйт­кені еліміз әділетті, инклю­зивті, тең қоғам құру жолын таңдаған мемлекет.