Қоғам • 16 Қазан, 2024

Кінәлілер жазасыз қалмайды

685 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қоғам назарын аударған Талғардағы қылмыстық оқиғаға байланысты Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ішкі істер министрлігі тарапынан жүргізілген тергеу мен қабылданып жатқан шаралар жөнінде брифинг өтті.

Кінәлілер жазасыз қалмайды

Брифингке Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті басшысы­ның орынбасары Самат Аисов, Алматы облысының прокуроры Берік Адамов қатысып, қылмыстық істің мән-жайы мен тергеу барысы туралы жан-жақты ақпарат берді. Брифингті ашқан Бауыржан Әленов қылмыстық істе әр қатысушының рөлі әділ таразыланатынын айтып, қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған жағдай Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың ерекше бақылауында екенін атады. 

«Біз журналистердің оқиғаға  қатысты ақпаратты қоғамға жедел жеткізуге тырысқан әрекетін қолдаймыз. Дегенмен мұндай жағдайда әр адамның құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде кінәсіздік презумпциясы қағидатын сақтау үшін жалпы жауапкершілікті есте ұстау маңызды. Қазір БАҚ-та көптеген бұрыс ой-пікірлер таралып жатыр. Кейбір блогерлер мен ресми ақпарат құралдары субъективті қорытындылар жасап жатқаны байқалады. Әрбір таратылған жалған ақпарат оны жоққа шығаруды қажет етеді. Бұл жедел-тергеу жұмысына кедергі келтіріп отыр. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Қылмыстық кодекстің талаптарына байланысты бірқатар шектеу болды. Тергеу мәліметтерін көпшілікке жария ете алмадық. Дегенмен ақпарат кеңістігінде жалған ақпараттардың тез таралуына байланысты прокуратурамен келісімге келіп, кейбір мәліметтерді ашық түрде талқылауға бел байладық. Біз бұл шешімді саналы түрде қабылдап отырмыз. Өйткені оқиға алыпқашпа әңгімелерге негізделіп бұрыс бағытта өрбіп жатыр. Брифингтің мақсаты – тұрақтылық пен әділдікті сақтау үшін оқиғаның барлық мән-жайын ашып көрсету. Тергеу әрекеттері тек заңға сәйкес жүргізіледі. Жағдайдың объективті көрінісін қалыптастыруға оқиға орнынан тәркіленген бейнежазбаны ұсынып отырмыз. Онда әрбір қатысушының әрекеті көрсетіледі», деді Б.Әленов.

Оқиға болған «Қамажай» дүкенін­дегі 3 бей­не­бақылау камерасына түскен мате­риалға шолу жасаған Ішкі істер министрлігі Тергеу депар­таменті басшысының орынбасары Самат Аисов, бұған дейін жазба материалының қасақана жойылғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ал бұған дейін видеоның бір бөлігі мақсатты түрде қиылып желіге салынғанына қатысты қойылған журналистер сауалына бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, оның желіге қалай тарағаны анықталып жатқанын жеткізді.

«Күдікті екі бөтелке сыра сатып алған, ақшасын аударым арқылы төлеген. Мұны банктің базасы арқылы да анықтадық. Әрі қарай ол барып үшінші бөтелке сыра, темекі алған, ақшасын төлеген. Қалтасына назар аударсаңыз, қолма-қол төледі. Демек, бұл жанжал бір банка сыраға бола туындағаны объективті түрде видеомен расталмайды. Бұл күдіктілерді ақтау емес, олар ұсталды, аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды. Соттың санкциясы арқылы қамауға алынды. Видеоға монтаж жасалмаған. Бұған қоса бірден тиісті сараптама тағайындадық. Бейнежазба барысында видеода бой көрсеткен барша сатып алушылардың да жеке бастарын анықтап, куәгер ретінде сұраққа алынды», деді ІІМ өкілі.

Маманның айтуынша, 3 бейнеба­қы­лау құрылғысының екеуі дүкен ішіне, біреуі сыртқы кіреберістің маңдайшасына қойылған. Істі тергеу барысында мұндағы әр деталь сараланады. Бейнежазбада әрі қарай сыра сатып алған азаматтың дүкен ішіне қайта кіріп телефонын сатушыға (мар­құмның әкесіне) қуаттауға бер­генін, араға біраз уақыт салып қайта алып кеткенін көруге болады. Осы сәтте марқұм болған Шерзат Болат та объективке ілінген. Кейіннен сырт­тағы камерадан сыра сатып алушы­ның мұрны қанағаны, дүкенші оның қолына су құйып, бетін жуып-шаюға көмектесіп жатқаны көрінеді. Біраз уақыттан кейін көлікке мінген бір топ азаматтың дүкенге келгені, Шерзаттың әкесімен сөзге келгені, оқиғаның соңы жанжалға ұласқаны байқалады.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу заң аясында ашық жүргізілетінін, кінәсі дәлелденген бірде-бір қылмыскер жазасыз қалмайтынын айтты.

«Бұл қайғылы оқиға ата-ана ретінде ешбірімізді бейжай қалдырмады. Тергеу қарқынды түрде жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан тергеу іс-шараларының заңдылығы мен толықтығы объективті қамтамасыз етіледі. Тергеу барысында ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ. Сот үдерісінің ашықтығы жөніндегі мәселе бойынша прокуратура сотқа өтінішхат енгізуді қарастырады. Сондай-ақ біз марқұмның отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерден маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден аса адам сұралды. Оқиғаның қалай болғанын нақты анықтауға бірнеше сараптама тағайындалды. Мамандар өрт үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын айтты. Оқиға орнынан табылған канистр мен резеңке қолғаптарға зерттеу­лер жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі де анықталу үстінде. Бұл істі ашық әрі объективті түрде жүргізуді жалғас­­­тырамыз. Жаңа деректер пайда болса, ақпарат береміз. Әділдік орнату және кінәлілерді табу үшін жұмыс жүріп жатыр. Жәбірленушінің туыс­тары мен жақындары тәулік бойы күзетке алынған. Мен марқұм­ның туыстарының жағдайын түсі­ніп, сабырлыққа шақырамын. Асығыс қорытынды жасамауға, сарап­шы­лар­дың нәтижелерін күтуді және тергеу тобына барлық қажетті іс-шараларды толықтай жүргізуге мүмкіндік беру­ді сұраймын. Әлеу­меттік желіде кей­біреулер митингке, басқа да заң­сыз әрекеттерге шақыра отырып жағ­дай­ды ушық­тырып барады. Тек шынайы ақпаратқа сеніңіздер», деді прокурор Б.Адамов.

ІІМ Тергеу департаменті басты­ғы­ның орынбасары Самат Аисов ұс­тал­ғандардың арасында бұрын істі болып, сотталғандардың бар екенін растады. Күдіктілердің кейбірі бұған дейін бұзақылық бойынша жауапқа тартылған көрінеді.

Брифингке қатысқан тілшілер та­рапынан желіде желдей ескен ақпарат негізінде «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы деген топ бар ма?» деген сауал жолданды. Бұл сұраққа: «Біздің есепте «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы деген жоқ. Жалпы, елімізде қолданыстағы заң мен тәртіп бар. Меніңше, Қазақстанда тұратын барлық азамат осы тәртіпті, заңды ұстанады. Елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтарды, ҰҚТ-мен айналысатын тұлғаларды тіркеу деген жоқ», деп жауап берді министрдің орынбасары Б.Әленов.

Сондай-ақ Талғар аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты қандай ұсыныс енгізілетіні жөніндегі сауалға жауап берген ол: «Қазіргі уақытта басты мақсат – қыл­мысты ашу. Ең басты міндетіміз – тәртіп пен заңды қалпына келтіру, үйді өртегендерді анықтау. Менің негізгі міндетім – осы жұмыстарды құқық аясында ұйымдастыру, мұндай жайттың неліктен орын алғанын анықтау», деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Талғардағы қайғылы оқиғаға байланысты бұза­қылық, адам өлтіру, қоқан-лоқы жасау, қылмысты хабарламау туралы деректер бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Айта кетер болсақ, Талғар қала­сының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылғаны туралы ресми ақпарат жарияланды. Сондай-ақ Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та лауазымынан шеттетіліп, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков пен әкім орынбасары Айбек Бидаевке сөгіс жарияланған.

 

АЛМАТЫ