Талбесік • 19 Қазан, 2024

Ұшқат

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ жылқысын қылаң немесе баран деп екі-ақ түске бөледі десем, кейбіреулер жағамнан алуы да мүмкін қазір. Білетіндер «е-е, осы да сөз бе екен?» деп қоя салады. Боз, ақбоз, көк, қызыл, сұр сияқты алыстан көзге түсетіндерін қылаң дейді де, қалған қара, қарагер, торы, шабдар, күреңдерін баран атайды. «Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды» деген жолдар Ілияс Жансүгірдің «Құлагерінде» де бар. Құлагер баран екенін бірден аңғарамыз.

Ұшқат

Мұндағы қызыл түсінде бір гәп бар. Жылқы түс­теуінде қазақтың қызыл де­гені көк түстің сәл бұлыңғыр тартқан түрі. Ашық көк емес, қаракөктеу, бірақ айқын қаракөк те емес. Анықтап қараса, көк қылшықтар арасында қызғылт түктер кез­деседі. Соны қызыл атайды. Сәкен Сейфуллиннің «Қы­зыл ат» деп жүргені сол болуы керек. Мұхтар Мағауин Нар­қызылды суреттеген «Жүйрік» хикаятында тамаша түстеп береді жылқының қызылын. Қыналы боз деп те атайды. Жиып-теріп келгенде, жылқыға тән осы түстің бәрі қазақ даласында өсетін ұшқаттың бойынан табылатынын айтқымыз келеді. Көктемде қар астынан дүние қылтиғанда, тіпті ұшқаттың түрін түстей алмауыңыз да мүмкін. Түссіз сұрланды дейді ғой қазақ. Яғни өң-түс жоқ немесе сұп-сұр дейді. Көбіне адамға қатысты айтылады. Өте ауыр жағдайда әлгіндей кейіпке еніп кетеді пенде баласы. Бұл да соны еске салады.

Жыл мезгілдеріне байла­нысты сұр, боз, көк, қа­ра­сұр, қаракөк, тіпті жоғары­дағы жылқы түсіндей қызыл ұш­қатты да көрдім. Байқа­ма­ғаным қаншама болуы мүм­кін. Дәл қазақ жылқы­сының тү­сіндей, айырып болмайсыз.

Ғаламторды ақтарсам, ұш­­­қат туралы мәлімет көп емес екен. Алайда Қызыл кі­тапқа енгенін біліп, қайран қал­дым. Біздің Арқада қа­лың-қалың қарағанның ара­сында немесе қырқа-қы­рат, шоқылардың қойын-қо­ны­шында шоқ-шоқ болып биік өсетін ұшқат тал-бұ­талары алыстан көрінеді. Көбіне қыста жылқы ық­тай­ды. Сұрапыл боран, үс­кірік соққанда ұшқатты паналайды. Көктемде ма­ңайы­ның бәрі жылқының тезегінен көрінбей қалады. Топырағы солай тыңаятынға ұқсайды.

Кейбір қазаққа ұшқат де­сең, оның не дейді. Қара­қат­ты бәрі біледі. Өйткені же­місі бар ғой. Ал ұшқаттың гүлі аурудың неше атасына ем екен. Әсіресе өкпе ауруларына. Қызығы, жылқы, бөрі түстес болып келе беретін бұл ағаш жылына жалғыз рет бірер жетідей ғана гүлдейді. Асса он күннен соң гүлі ұшып жоғалады. Жа­пондардың сакурасы да сондай-ақ құбылыс. Бізде бірақ ондай ханами дәстүрі жоқ.

Бала күнімнен жылқы­шыларға еріп көргенім, қалың ұшқаттың ішінде ескі, қу томарлар шығып жатады. Ескі тамырлары ғой. Байқамаса, қызуы темір пешті айырып жібере жаздайды. Ошақ пен мосының астына тастап жіберіп, отына қарап отырса, дауыс салып жанатынын тарқатып айтсақ, ол да біраз әңгімеге жүк.