
Іс-шараны жүйелі жүргізу нәтижесінде технологиялық қондырғылардың қауіпсіз қызметі мен жабдықтардың тұрақты жұмысы қамтамасыз етіліп, өндіріс тиімділігі артады. Қазанның соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық жабдықтар мен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық куәландыру, тексеру, сараптамадан өткізу секілді іс-шаралар кешенін іске асыру жоспарланыпты. Соның аясында бірнеше бағыттағы жұмыс атқарылып жатыр. Бұл – жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонна жабдығының ішкі құрылғыларын модификациялау. Сондай-ақ қысыммен жұмыс істейтін құралдарды тексеру мен қадағалау жөнінде іс-шаралар қолға алынған.
«Зауыттың бұрын жиналған қоры есебінен жоспарланған алдын алу жұмыстары кезінде Энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес бензин, дизель отыны, сұйытылған газ, авиаотын және басқа да мұнай өнімдері тұрақты әрі жүйелі жөнелтіліп жатыр. Қазір зауыттағы резервуар паркінде 10,9 мың тонна автобензин, 4,1 мың тонна дизель отыны, 2,4 мың тонна авиаотын, 100 тонна сұйытылған газ бар. Күн сайын орта есеппен 1,1 мың тонна автобензин, 1,2 мың тонна дизель отыны жөнелтіледі. Мәселен, 2024 жылдың 16 қазанындағы мәліметке қарасақ, Батыс Қазақстан облысының мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензиннің 2,7 мың тоннасы сақталып тұр. Жолда шамамен 1,29 мың тонна өнім бара жатыр. АИ-92 бензинінің база мен жолдағы жалпы көлемін ескерсек, Батыс Қазақстан облысында 3,98 мың тонна бензин бар. Бұл – шамамен екі аптаға жететін қор», деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі.
Басты мәселе – ішкі нарықтағы жанар-жағармайға сұранысқа байланысты тұрақты жағдайды сақтап тұру. Бұл орайда «ҚазМұнайГаздың» басқа мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармай материалдарының жекелеген түрін өндіру көлемі ұлғайтылған. Мәселен, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-дан және «ПҚОП» ЖШС-дан (Шымкент МӨЗ) күніне орта есеппен сәйкесінше 4,2 мың және 7,4 мың тонна автобензин, 7 мың және 5,5 мың тонна дизель отыны жөнелтіледі.
Дегенмен кей өңірде көлікке құятын газ бен жанармай тапшылығы туындағаны жасырын емес. Мәселен, Атырау облысында газ құятын 101 стансаның 86-сы жұмыс істеп тұр. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанның дерегіне сүйенсек, мұнайлы өңірге 7 020 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінген. Оның кейбір бөлігі Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысынан жеткізілді.
«Атырау мұнай өңдеу зауытының ресми мәліметіне сәйкес жоспарланған жөндеу жұмыстарына байланысты өндіріс уақытша тоқтады. Осыған орай сұйытылған газ көрші облыстардан тасымалданады. Қазан айында ішкі нарықты сұйытылған газбен толық қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігінен қосымша 880 тонна автогаз сұратылды», дейді Жантас Оспан.
Оның мәліметінше, газ құю бекеттері қорындағы 7 020 тонна сұйытылған газдың 408 тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан алынған. Батыс Қазақстан облысындағы «Жайықмұнай» ЖШС-дан 2 490 тонна, Ақтөбе облысындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан 4 122 тонна газ жеткізілген.
Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған алдын алу жұмыстарын қазанның соңында дейін аяқтау жоспарланып отыр. Кәсіпорын осы кезде тұрақты технологиялық режімге шығады.
Бет қатталып жатқанда:
Кеше «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімі жоспарланған алдын алу жұмысы мерзімінен бұрын сәтті аяқталғанын хабарлады.
«Зауытта ЭЛТҚ-АВҚ-3, бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысы, каталитикалық риформинг, күкірт өндіру, аралас күкірт өндіру, жеңіл газойльды гидротазарту, нафтаны селективті гидрогенизациялау және нафтаны гидротазарту қондырғылары белгіленген мерзімінен бұрын іске қосылды. Қазір мұнайды бастапқы өңдеуге арналған ЭЛТҚ-АҚ-2 қондырғысында іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатыр. Ал каталитикалық крекинг, сұйытылған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру және бутендерді олигомеризациялау қондырыларында іске қосу алдындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жабдықтар кезегімен технологиялық режімге шығарылып, өндіріс көлемі біртіндеп ұлғайтылады», деп мәлімдеді қоғаммен байланыс бөлімі.
Зауыттан тауарлы дизель отыны жөнелтіліп жатыр. АИ-92 маркалы автобензинін жөнелтуге дайындау қолға алынған.
Атырау облысы