Мирас • 01 Қараша, 2024

Дәстүрді дәріптеген сайыс

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі жас отбасылар арасында «Қазағымның дәстүрлері-ай!» атты ұлттық-этнографиялық сайыс өткізді. Оған елордалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығы қолдау көрсетті.

Дәстүрді дәріптеген сайыс

Тәрбиелік мәні мол іс-шараның мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын заманға сай жаңғыртып, оны жас­тар арасына насихаттап, отбасы институтының мәр­тебесін көтеру.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлес­тігінің басшысы Тұрар Шәкеннің айтуынша, бұл іс-шара биыл екінші мәрте өтіп отыр.

«Елімізде отбасыларға арналған түр­лі байқау бар екенін білеміз. Бірақ жас отбасылар арасында этно­графиялық бағыттағы байқау өте аз. Бір жағынан, қазір ұрпақ тәрбиесі қатты алаңдатады. Осы салаға қатысты өзекті мәселелер де көп. Оны шешуге де болады. Соның бір жолы – ұлттық құндылықтарды жастар­дың санасына сіңіру. Бүгінгі іс-шараның мақсаты да осы», деді ол.

Үш кезеңнен тұрған сайысқа 15-ке жу­ық жас отбасынан өтінім түсіп, байқау шар­­тына сәйкес 8 отбасы іріктеліп алынды.

Тағылымды іс-шара барысында жас отбасылар қазақтың бай салт-дәстүрін дәріп­теп, қолөнер бұйымдарымызды наси­хаттап, ұмыт болған ұлттық тағам­­дарымыз — үлпершек, өрметөс, қарынбүрме, мипалау, балқуырдақ, әсіпті дайындау тә­сілін көрсетіп, көпшілік ықыласына бө­ленді.

Отбасылық сайысқа ақын, қоғам қайрат­кері Әкім Ысқақ, Президент ор­талы­ғының жетекші ғылыми қыз­меткері Ақбота Хамит, «Қара шаңырақ» ҚБ басшысы Тұрар Шәкен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, актриса Айнұр Жүгініс, айтыскер ақын Азамат Малжанбай қазылық етті.

Сонымен тартысты өткен сайыстың бас жүлдесін Мекебай отбасы жеңіп алса, бірінші орын Мұқажан отбасына бұйырды. Екінші орынды Сембек отбасы алса, үшінші орынды Саухан мен Хы­зайхан отбасы иеленді. Ал арнайы аталым бойынша «Өнегелі отбасы» – Қа­лит от­басына, «Дәстүрге берік отбасы» – Пі­рімқұл отбасына және «Көрермен көз­айымы» – Мұқан отбасына табыс­талды.