Медицина • 09 Қараша, 2024

Бірыңғай пакет қандай өзгеріс әкеледі?

95 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейбір ауру түрлері Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінен (ТМККК) Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) көшірілетінін мәлім етті. Бұл өзгеріс өңірлердегі медицинаның дамуы мен қызмет сапасына қалай әсер етеді? Мәселені зерделеп көрдік.

Бірыңғай пакет қандай өзгеріс әкеледі?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жаңа реформаның көздегені не?

А.Әлназарованың айтуынша, меди­ци­налық сақтандыру реформасы ая­сында кепілдендірілген тегін медицина­лық көмекке кіретін әлеуметтік маңызы бар 13 ауру түрінің тек алтауы ғана ТМККК пакетінде қалады. Бұл: туберкулез, онкология, АИТВ, ЖИТС, гепатит, сирек кездесетін аурулар. Қалған 7 ауру түрі біртіндеп МӘМС-ке берілуі керек.

Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар ауру­лардың тізіміне туберкулез, адамның им­мун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туын­­даған ауру, созылмалы вирустық гепа­тит­­­тер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, қант диабеті, психикалық, мінез-құ­лық бұзы­лыстары (аурулары), церебраль­ды сал ауруы, жедел миокард инфарк­тісі, рев­матизм, дәнекер тіннің жүйелі зақым­дану­лары, жүйке жүйесінің дегенерация­лық аурулары, орталық жүйке жүйесінің миелинсіздендіруші аурулары, сирек кездесетін аурулар кіреді.

«Негізгі міндет – ешкімді медицина­лық көмексіз қалдырмау. Екінші міндет – азаматтарды медициналық сақтан­дыру жүйесіне барынша тарту, олар да өз денсаулығы алдында міндеттеме алуы керек», деді министр.

Ел тұрғындарына арналған отандық медициналық қызметтер бүгінде екі пакетке бөлінген – «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру». Ал әлеуметтік ауруға күдікті науқастар міндетті медицина­лық сақтандыру жарнасын төлемесе оларға тегін диагностикадан өту құқығы берілмейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл кемшілік алдағы уақытта жойылуы, медицинаны қаржыландыру дұрыс құрылымдалуы қажет.

 

Аймақтарға несімен тиімді?

Министрлік таратқан ақпараттарға сүйенсек, елімізде медициналық кө­мектің бірыңғай пакеті 2027 жылы іске қо­сылады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтерге қосу 2025 жылдан қарастырыла бастайды. Медициналық көмектің бірыңғай пакеті медициналық көмек алатын тұрғындарға, соның ішінде өңірлерде тұратын азаматтарға несімен тиімді болады? Бұл сауалға Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев жауап берді.

– Бірыңғай пакетке ТМККК-ның ең аз пакеті кіреді: жедел, паллиативтік кө­мек, әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік туындаған жағдайдағы көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету, сақтандырылмағандарға шұғыл стационарлық көмек. Ал МӘМС базалық пакеті медициналық кө­мектің өзге барлық (созылмалы аурулар мен әлеуметтік маңызы бар ауру­ларға көмек көрсетуді қоса алғанда) түр­лерін қамтиды. Ұсынылған модель қар­жыландыру көлемі жөнінде МӘМС – 70%, ТМККК – 30% арақатынасын қамтамасыз етеді деп күтіліп отыр. Ең әуелі МӘМС пакетіне динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар, әлеуметтік маңызы бар аурулардың жеті тобы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек біртіндеп беріледі. Бұл жерде өңірлердің тұрғындарына көптеген артықшылықтар туындайды. Онкологиялық скринингтер пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан барша азаматтарға тегін болады. Барлық әлеуметтік маңызы бар аурулар жөнінде күдік туындаған жағдайда тексерулер пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Бұл жерде кейбір тұрғындарда «медициналық сақтандыруға ақы төлемесем, маған медициналық көмек көрсетпейді» деген қорқыныш туындауы мүмкін. Өзгеріс оған жол бермейді. Керісінше, аймақтарда МӘМС арқылы адамдарға қызмет көрсе­тіп отырған медициналық ұйымдарға түсетін қаражат көбейеді. Қаржылан­ды­ру ұлғайса, мүмкіндік те көбейетіні сөз­сіз. Яғни медициналық көмектің бірың­ғай пакетін енгізу медициналық көмек­ке қол жеткізудегі теңсіздікті шешіп, медициналық ұйымдарды неғұрлым ашық қаржыландыруға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

 

Өңір медицинасындағы күрмеулі мәселе

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Жангелді Шайымбетовтің пікірінше, Бірыңғай пакет өңірлердегі медициналық ұйымдардың дамуына үлкен мүмкіндіктер тудырады. Себебі МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтердің саны өскен сайын олардың алатын қаражаттары да көбейеді.

– Ертіс-Баян өңіріндегі денсаулық сақтау саласында негізгі үш мәселе бар. Ең әуелі, медициналық ұйымдардың цифрлануы кенжелеп тұр. Нақты сапаға қол жеткізуде барлық ақпараттар мейлінше қолжетімді болуы керек. Екінші мәселе, медициналық ұйымдар арасындағы мәліметтердің кіріктірілмеуі. Ұйымдардың қолданатын ақпараттық жүйелері әртүрлі болғандықтан, қызметтер мен пациенттердің ауруларына қатысты ақпараттарды алмаса алмайды. Соңғысы, медициналық мамандардың тапшылығы. Бұл мәселе пациенттер тарапынан арыз-шағымның жиілеуіне себеп фактордың бірі. Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар осы мәселелердің шешілуіне басымдық бергені жөн. Ал медициналық ұйымдарға қор тарапынан төлем жасау бұрынғыша Денсаулық министрлігі бекіткен тарифке сәйкес жүргізіле береді. Олардың көрсеткен қызметі ақпараттық жүйелер арқылы бізге түседі. Бұл жерде бірден қаражат аудару деген сөз жоқ. Әуелі филиалдағы Медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді мониторингтеу бөлімі көрсетілген қызмет сапасын тексереді. Онда 16 тәжірибелі сарапшы жұмыс істейді. Мамандарымыз барлығын сапалы тексеріп шыққан соң, нәтижеге орай қызмет қаражаты төленеді, – дейді филиал басшысы.

Тұрғындардың МӘМС-ке аударатын жарналары қорға емес, бірден Ұлттық банктің есепшоттарына түседі. Қор – осы қаражатты көрсетілген қызметтерге бөлетін оператор ғана. Мамандар шағыммен өте көп жұмыс істейді. Егер емделушіге медициналық мекемеде бейінді дәрігерге, кейбір медициналық анализдерге жолдама бермесе немесе қызметті ақылы алуға жіберсе, т.б. мәселелерге кезіксе, бірден сол ұйымдағы «Пациенттерді қолдау» қызметіне жүгінуі керек. Ал ол жерден мардымды жауап болмаса, қорға шағымданғаны абзал. Шағым негізді болса жоспардан тыс мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек, ағымдағы, жоспардан тыс, нысаналы, проактивті мониторинг түрлері бар.

Статистикалық деректерге ден қойсақ, МӘМС жүйесі енгізілгелі аймақтың денсаулық сақтау бюджеті екі есе өскен. 2019 жылы ол 42,5 млрд теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш 101,1 млрд теңгеге жетіп отыр. Медициналық оңалту мен консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге 15 есе көп қаражат бөлініп, МӘМС арқылы төленетін жоғары технологиялық операциялардың 28 түрі орындалып жатыр. Өңірде жылдың алғашқы 8 айында жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын сомаға операциялар жүргізілген. Бір операцияның құны – 1-10 млн теңге аралығында. Қормен шарт жасасқан, яғни МӘМС-тен ақша алып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету жауапкершілігін иеленген мекемелер саны – 72. Олардың 32-сі ғана мемлекеттік мекемелер.

 

МӘМС қаражаты майшелпек емес

МӘМС арқылы өңірдегі емдеу ұйым­дарын қаржыландырудың ең үл­кен үле­сі бастапқы емханалық деңгей­дегі көмек (65) пен стационарлық жағ­дай­дағы мамандандырылған медици­на­лық көмекке (24%) тиесілі. Ал консуль­та­циялық-диагностикалық көмектің үлесі – 14,2%.

– Біздің мамандар жылдың алғашқы 8 айында емдеу ұйымдарының қызмет көрсету сапасына байланысты 43 070 ақауды анықтады. Нәтижесінде, 634,8 млн теңгеге экономикалық ықпал ету шараларын қолдандық. Бұл мәселе бар­лық мекемелерге қатысты. Ал жыл басынан олардың қызметіне тұрғындар тарапынан 877 шағым түсті. Былтыр дәл осы кезеңдегі шағымдар саны 949 болған. Көрсеткіштің жағымды жаққа қарай өзгеруіне медициналық мекемелерде сапа болса, қаржы көбірек түсе­тінін түсіне бастағаны әсер етті, – дейді Ж.Шайымбетов.

Жалпы, бүгінде Павлодар облы­сын­дағы тұрғындардың 85,4%-ы немесе 650 мың­нан астам адам сақтандырылған. Бұлар­­дың ішінде 400 мың азамат – 15 же­ңілдік санатына кіреді, оларға тиесілі жарналарды мемлекет төлеп отыр. Ал қал­ған 250 мың адам – қызметкерлер, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтушылар, экономикалық тұрғыдан бел­сенді азаматтар.

Мемлекет басшысы сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту туралы тапсырма жүктегені мәлім. Мамандар бұл бағытта жұмыс жүргізе келе, жыл басынан жаңадан 21 377 адамды сақтандырған. Бірақ облыста әлі де 111 мыңнан астам адам сақтандырылмаған. Қазір бұл мәсе­лені шешуге қор мен облыс билігі бірлесе жұмыс жасап жатыр.

Осы орайда кейбір тұрғындардың көкейінде: «Қол-аяғым сау, ешқашан ме­дициналық ұйымның табалдырығынан аттап көрмеппін. Ендеше мен қорға неліктен ай сайын жарна аударып тұ­руым керек?» деген сауалдың туындай­тыны жасырын емес. Бұл сұраққа да Ж.Шайымбетов толымды жауап қай­тарды: «Жалпы, МӘМС жүйесі дені сау адамның өз жарнасы есебінен өзге нау­қас адамға көмектесуі қағидасы негізін­де жүргізілетіні рас. Кейбір адамдарға МӘМС-ке дейін көптеген медициналық көмек пен қызмет түрлері қолжетімсіз еді. Қазір оңалту шараларына науқастар кез келген уақытта бара алады. Жыл басынан 6 мыңға жуық адам оңалтудан өт­кен, соның ішінде ми қан айналымының бұзылуы бар пациенттердің 85,2%-ы өз денсаулықтарын түзеді. Мұның сыртында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 3 жыл ішінде Павлодар облысында 180-ге жуық бала дүниеге келді. Биыл МӘМС шеңберінде ЭКҰ-ға тағы 266 квота бөлін­ді. Қаржыландыру медициналық көмектің­ 2 мыңнан астам түріне жүргізіледі. Осы­ның барлығы аймақтағы медициналық қызмет түрлерінің көпшілікке қолжетім­ді бола түскенінің айғағы. Қор филиа­лы әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыс жағ­дайындағы азаматтарды МӘМС жүйесіне тартумен айналысып жатыр. «Е» сана­тына кіретін азаматтар анықталып, олар­дың тұрғылықты жері, әлеуметтік мәр­тебесі, сақтандыру мәртебесінің болмау себептеріне егжей-тегжейлі талдау жасалды. Қазіргі уақытта «Е», «D» санатындағы азаматтардың сақтандыру жарналарын бюджет есебінен төлеу арқылы оларды жүйеге тарту жайы қарастырылып отыр».

 

Қарызға батқан мекемелер

Бұған дейін Павлодар облысын­дағы бірнеше емдеу мекемесі креди­тор­лық қарызға белшесінен батып отыр­ғаны туралы мәселе көтергенбіз. Анықта­ғанымыздай, медициналық меке­мелердің кредиторлық берешектері ұйымдардың басым бөлігіне тән әрі бұл үрдіс біраз жылдан бері жалғасып келе жатқаны байқалады. Бұған дәлел – өңірлік денсау­лық сақтау басқармасынан алынған мына ресми жауап:

«2022 жылдың қыркүйегінен бас­тап денсаулық сақтау басқармасы бас­шысының бұйрықтары негізінде Май, Успен аудандық ауруханаларының, №1 Павлодар қалалық ауруханасының (екі рет), Екібастұз қалалық ауруханасы­ның кредиторлық берешегін төмендету бойынша әдіснамалық көмек көрсету жөніндегі жұмыс тобының сапарлары жүзеге асырылды. Топ жоғары­да аталған ауруханалардың негізгі көр­сеткіштеріне талдау жүргізді, кре­диторлық берешектің өсуіне әкеп соқ­тыратын бірқатар себеп анықталды. Кәсіп­орындар әкімшілігіне берешектің өсуін төмендетуге қатысты іс-шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс­тар берілді. Уақтылы қабылданған шара­ларға сәй­кес 2023 жылдың соңына қарай кре­диторлық берешекті толығымен 3 медициналық ұйым (Ертіс, Май, Тереңкөл аудандық ауруханалары) өте­се, 4 медициналық ұйым айтарлық­тай қысқартты (Успен, Железин, Аққулы аудандық ауруханалары мен Павло­дар облыстық балалар ауруханасы)».

Басқарма бұған қоса кредиторлық берешектің өсуіне себеп болатын факторларды келтірді: ургенттік, жоғары шұғылдық (жұмыс режімі 24/7); кәсіп­орындардың қабылдау бөлімшесіне қа­тысты тікелей шығындары; жансақ­тау бөлімшесіндегі қызметтер бойын­ша өтелмейтін шығындар, ақысыз симуляциялық операциялар, гисто­ло­гия­лық зерттеулерге ақы төлеу.

Қазіргі уақытта Павлодар облысын­да кредиторлық берешек 5 медицина­лық ұйымда бар, олардың жалпы сома­сы 4 млрд 545,3 млн теңгені құрай­ды («№1 Павлодар қалалық ауруханасы», «Екібастұз қалалық ауруханасы», «№3 Павлодар қалалық ауруханасы», «Пав­лодар облыстық балалар ауруханасы», «Павлодар қаласының №5 емханасы»). Денсаулық сақтау басқармасы атал­ған ұйымдардың бірінші басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жүр­гізіліп жатыр деп мәлімдеді.

Мамандар бұл мәселеге емдеу ұйым­­дарының қаржысы еш бақылан­бай­тыны себеп дейді. Яғни емдеу ұйым­дарындағы қаражатқа, сырттан сатып алулар жүргізу көлеміне қадағалау жүр­гізілмейді. Оған заң рұқсат бермейді. Сал­дарынан мемлекеттік медицина­­лық ұйым­дардың кредиторлық қарызы ­өсе береді. Бұл мәселе 2027 жылы енгі­зі­летін медициналық көмектің бір­ың­ғай пакетінде қарастырылып, бақы­­лау тетік­тері ұйымдастырылғаны абзал. Себебі бүгінде МӘМС арқылы Пав­ло­дар облысына келетін қаражаттың ­­70 па­­­йызын мемлекеттік емдеу ұйым­дары иеленіп отыр.

 

Павлодар облысы