
Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы байқауына қатысқан жас қаламгерлердің бәрі де олқы емес. Есімдері оқырманға жақсы таныс. Айталық, «Проза» аталымында Есбол Социалханның «2026» шығармасы үздік деп танылса, «Драматургия» аталымында «Апатай» драмалық туындысы үшін Әлішер Айтуардың жұлдызы жанды. Ал «Балалар әдебиеті» аталымында «Рокет Ера. Синопсис» повесі үшін Әсет Сыздықов дараланды. Біздің Жәнібек «Поэзия» аталымын «Боз ұшқат» өлеңдер жинағымен иеленді.
Бүгінге дейін Жәнібек Әлиманның екі-үш жыр жинағы жарық көрген. Қазақы қара өлеңнің қайнарын қанып ішкен жас ақынның поэзиясы ұлттық рухқа толы. Әсіресе өлеңдеріндегі еркіндік пен сыршылдық оқырманын бейжай қалдырмайды.
Әдебиет сыншыларынан да жоғары бағасын алып жүр. Сондықтан жас ақынның бұл сыйлыққа ие болуы заңды да. Айтпақшы, «Егеменнің» талантты ақыны Жәнібекпен қатар «Казправданың» оғыланы, балалар жазушысы Әсет те байқау жеңімпазы атанды. Қысқасы, бұл «Қазақ газеттері» серіктестігі қызметкерлерінің шығармашылығы әлеуетінің мықтылығының дәлелі.