Қоғам • 14 Қаңтар, 2025

Кәсіпкерлерге заңнамалық өзгерістерді түсіндірді

33 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының өңір халқымен кездесуінде бірқатар өткір проблема көтерілді. Мәселен, Семей қаласындағы сайлаушылар жылу қазандығының 60 пайызының тозығы жеткенін, бизнес өкілдері сертификаттау рәсіміндегі жаңа талаптардың күрделілігін, Ақтөбедегі дәрігерлер медициналық құрал-жабдықтардың және операция жасауға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігін айтып, уәжін жеткізді.

Кәсіпкерлерге заңнамалық өзгерістерді түсіндірді

Сурет:baq.kz

«Аmаnаt» партиясы фрак­циясының депутаттары Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантай және Вера Ким «ERG Service» ЖШС құрамына кіретін Павлодар машина жасау зауытында болды. Сапар барысында 1955 жылы іске қосылған зауыттың қазіргі заманғы қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетіні және жұ­мысшыларға қолайлы еңбек жағ­дайы жасалғаны айтылды.

«2025 жылды Президент жұ­мыс­шы мамандықтары жылы деп жариялады. Жастарға кәсіп­орын басшылығы ғана емес, мем­­лекет тарапынан да қол­дау көр­сетілетініне осында көз жеткіздік. Жас мамандар тәжірибеден өтіп, қызметте өсу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – жұмысшы маман­дар үшін әлеуметтік қолдау», деді В.Ким.

Ал Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Айдос Сарым, Сер­гей Пономарев, Ринат Зайы­тов Алматы қаласына сапары аясында Алатау ауданындағы әлеуметтік нысандардың жұмы­сын бақылады. Сондай-ақ «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы аясын­да салынған жаңа үлгідегі мек­тепте болды.

«Мемлекет басшысы «Аnа tili» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, еліміз бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 105-і салынды», деді Айдос Сарым.

Мәжілісмен Нұртай Саби­льянов Семей қаласындағы «Орталық» жылу энергетика орта­лығының жұмысымен танысып, ұжымымен кездесу өткізді. Облыс қайта құрылғанға дейін қаладағы 21 жылу қазандығы­ның 80 пайызының тозығы жеткен еді. Бүгінде жағдай түзеліп келеді. Депутаттың айтуынша, былтыр республикалық бюджет­тен қаражаттың бөлінуіне орай олардың ескіруі 60 пайызға тө­мендеген.

Парламент Мәжілісінің вице-спикері Альберт Рау, депутат­тар Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев, Еркін Әбіл «МИЛХ» өндірістік кәсіпорны базасында Қостанай облысының бизнес өкілдерімен кездесті. Оты­рыста қазіргі таңда Мәжілісте қа­ра­лып жатқан тауардың шық­қан елін анықтау мәселелері бо­йынша заңнамалық түзетулер талқыланды. Көтерілген негізгі мәселенің бірі сертификаттау рәсімдерін жеңілдету болды. Бизнес өкілдері жаңа талаптар аясында өнімнің шығу тегін растау үдерісінің күрделене түсуі мүмкін деген алаңдаушылығын білдірді.

«Біздің міндетіміз – аттес­тациялау үдерісінде қарапа­йым­дылық пен тиімділікті қам­тамасыз ететін, артық әкімші­лік ауыртпалықтарды болдыр­май­тын жүйе құру. Заң жобасы кә­сіп­керлерді қолдауға және мем­­­ле­кеттік органдармен өз­ара іс-әрекетті жеңілдетуге бағыт­­тал­ған», деді А.Рау.

Ақтөбе облысына сапары барысында Мәжілістің вице-спи­кері Дания Еспаева мен депутат Жұлдыз Сүлейменова көпсалалы облыстық балалар ауруханасы ұжымымен кездесті. Кездесуде дәрігерлер медициналық құ­рал-жабдықтардың және опе­рация жа­сауға бөлінетін қара­жаттың жет­кіліксіздігін айтып, ауданаралық хирургиялық бө­лім­шелер ашу туралы ұсыныс­тарын жеткізді.

Мәжіліс депутаттары Әділ Жұбанов пен Дүйсенбай Тұр­ғанов Атырау облысы Жылыой ауданына сапары барысында Жем өзені мен Құрсай өзек­терінің түбін тереңдету жоба­сының орындалу барысын көріп қайт­ты. Сапар аясында депута­т­тар тұрғындармен кездесіп, олар­дың тұрмыс-тіршілігін, өңір­дегі экологиялық жағдайды және атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

Халықпен кездесу аясында депутат Дәулет Тұрлыханов Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінің жағдайымен таныс­ты. Ал Мәжілістегі «Инклю­зивті Парламент» депутаттық то­бы­ның жетекшісі Ерлан Әб­диев Ордабасы ауданы Темірлан ауы­лындағы «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Орталықтағы азаматтар көкейкесті мәселелерін ортаға салып, оларды шешу бойынша ұсыныстарын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше