Спорт • 17 Қаңтар, 2025

Медаль жауған күн

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Италияның Турин қаласында өтіп жатқан дүниежүзілік қысқы Универсиада додасында еліміздің спортшылары сәтті өнер көрсетіп жатыр. Ең алдымен фристайл-могулдан мық­тылығын паш еткен студент спортшылардың еңбегі ерен.

Медаль жауған күн

Фристайл-могулдан же­келей сайыста алды­на қара түсірмеген Анастасия Городко жұптық тартыста да теңдессіз екенін паш етті. Финалдық бәсеке еліміздің қос бірдей спортшысы арасында өрбіді. Аяулым Әміренова күміспен күптелсе, Анастасия Городко екінші алтын медальді еншімізге байлады. Финалдық сайыстан кейін әсерін бөліскен саңлақ командалас спортшымен тартысқа түскеннің әсері басқаша болатынын жеткізді. «Турин додасына қатысты жоспарым толық орындалды. Жеңіске жетемін деген мақсатпен келген едім, бәрі тыңғылықты әзірлік пен бапкерлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Алда әлі де еліміздің көк туын жел­бірете бергім келеді», деді Универ­сиаданың екі дүркін чемпионы.

Күміс медаль олжалаған Аяулым Әміренова Анастасия Город­коға сәл уақыт айырмасымен ұтылды. «Жекелей сайыс­та 5-сатыға тұрақтап, жүлде бұйырмағаны жаныма қатты батты. Өзімді-өзім іштей әбден шыңдадым. Жұптық тартыста қалайда медаль еншілеу қажет деп шештім. Сөйтіп, мақсатыма жеттім. Дегенмен чемпион болуды кім қаламасын. Мен де алтын медаль еншілесем деп барымды салдым. Бірақ финалда жаһанның үздік спортшысы, жерлесім Анастасия Городкоға есе жібердім», деді Аяулым.

Ерлер арасындағы додада Антон Бондарев финалдық сайыс­та жапон үздігі Каваокадан аса алмады. «Бұйырғаны күміс медаль болды. Еліміздің бай­рағын көтерсем деп келіп едім. Мұндай дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысып отырмын. Іріктеу кезеңіндегі қарсыластар да оңай емес еді, финалдық тартыстың бәсі тіпті жоғары болды. Көңілге медеті – елге құр қол қайт­пай­мын», деді А.Бондарев.

Әзірге біз спортшылар фристайл могулдан Анастасия Городко еншілеген 2 алтын, Аяулым Әміренова мен Антон Бондарев олжалаған 2 күміс, парашаңғыдан Денис Зинов, Роман Құрбанов иеленген 2 қо­ла медаль нәтижесімен жалпы есепте 2-сатыда тұр. Көш басында Франция спортшылары болса, үздік үштікті Финляндия саңлақтары түйіндеп тұр.