
Күз бен қыс – түрлі тұмау дертінің өршитін кезеңі. Дегенмен Батыс Қазақстан облысында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда ауру 28,7%-ға төмендеген.
– Ауырғандардың 50 262-сі – 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 1 644 жағдай 1 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр. Жүктілігіне байланысты есепте тұрған 462 әйелге тұмау тиген. Ауырғандардың арасында оқушылар да аз емес, облыстың 177 мектебінен 3 471 бала тіркелді, – дейді Нұрлыбек Ермекұлы.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева өткен жылдың қорытындысы бойынша қоршаған ортаға жүргізілген мониторинг нәтижелерін жария етті.
– Қазіргі уақытта қоршаған ортаны бақылау өте маңызды. Қоршаған әлемге тиіп жатқан антропологиялық әсерлер күтпеген салдарға әкелуі мүмкін. Біз өңірдегі атмосфералық ауаның, топырақтың, судың жай-күйін бақылап отырмыз, – дейді Гүлдана Қайыржанқызы.
Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде қоршаған ортадан – су мен топырақтан, атмосфералық ауадан тоқсанына кемінде бір мәрте сынама алынады. Батыс Қазақстан облысында су көздерін бақылайтын 469 орын бар. Өткен жыл ішінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары барлығы 4 137 мәрте сынама алған.
– Өңірдегі орталықтандырылған сумен жабдықтау нысандарын тексерген кезде, оның 257-сі қалыпқа сәйкес келмеді. Нормадан ауытқу Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарында анықталды. Микробиологиялық көрсеткіштерге жасалған 4 337 сынама нәтижесінде 135 жерде қалыптан ауытқу байқалды. Мұндай жағдай Бөкейорда ауданынан басқа барлық ауданда, Орал қаласында кездесті. Орталықтандырылмаған су нысандарына жасалған 360 сынаманың 45-інде санитариялық-химиялық көрсеткіштер нормаға сәйкес келмеді, – деді Г.Кереева.
Департамент тарапынан қалыпқа сай келмеген барлық мекемеге сумен жабдықтау нысандарын тазалау, жуу, дезинфекциялау қажеттігі туралы хат жіберілді. Сөйтіп, аталған барлық су құбырында жуу, дезинфекция жұмысы жүргізілді.
Батыс Қазақстан облысы – мұнай-газ секілді табиғи қазбаны белсенді игеріп жатқан өңір. Сондықтан департамент мамандары атмосфералық ауаның жағдайына да қатаң бақылау жүргізіп отыр. «Облыста атмосфераға зиянды заттар таратуы мүмкін 155 нысан жіті назарда» дейді мамандар.
– Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг кезінде түрлі нүктеден 42 508 мәрте атмосфералық ауа сынамасы алынды. Соның ішінде 63 сынама төрт көрсеткіш: шаң, күйе, көміртегі тотығы, күкіртті сутегі жөнінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді. Біз бұл аймақта аурушаңдық деңгейі қалыптан асып кеткен жағдайда анықталған мәліметтерді тиісті шешім қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына береміз, – дейді Г.Кереева.
Батыс Қазақстан облысы