Өндіріс • 21 Қаңтар, 2025

Табысты машина жасау зауыты

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінде тау-кен металлургия мен мұнай-газ салаларына арналған күрделі жабдықтар шығаратын «ERG Service» ЖШС өнімдері бүгінде елімізге танымал. Отандық өндіріс орындары мен ресейлік компаниялар одан 20-дан астам өнім түрін сатып алып отыр.

Табысты машина жасау зауыты

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

«ERG Service» ЖШС құрамына енетін Павлодар машина жасау зауытында тау-кен-метал­лургия, мұнай-газ салаларына арнал­ған металл құрылымдар мен стандартты емес тех­но­логиялық жабдықтар, сондай-ақ жүк көтергіші 10 тоннадан асатын крандар шығарылады.

«Машина жасау зауытының өнімдері арасында түрлі мақсатта қолданылатын дәнекер­ленген металл құрастырма, грейфер, жалпы және арнайы мақсатта қолданылатын, тіректі кран түрлері аса сұранысқа ие. Жылына 12 мың тонна металл құймасы мен 34 мың металл илемдерін шығарамыз. Бұған қоса жүк көтерімділігі 10 тоннадан асатын 8 кран, жүк көтерімділігі 10 тоннаға дейінгі 40 кран құрастырамыз. Өнімдеріміз Қазақстанның өндіріс орындарымен қатар Ресейдің ірі кәсіпорындарына да жөнелтіледі. Мұнда 2,5 мыңға жуық жұмысшы еңбек етеді. Зауыттағы орташа еңбекақы – 360 мың теңге», деп әңгімеледі «ERG Service» серіктестігінің бас директоры Сергей Перепечин.

Негізі машина жасау зауыты 1995 жылы құрылған. 2015 жылы «ERG Service» құрамы­на енді. Аталған компанияға бүгінде павлодарлық зауыттан бөлек, Қостанайдағы жөндеу-механикалық және илемдеу зауыты, Рудный қаласы мен Павлодар облысындағы жөндеу кәсіпорындары кіреді.

Павлодарлық зауыт өндірістік жаб­дық­тар паркін жаңартуды жүйелі түрде жүргізіп келеді. 2014 жылы «Өнімділік 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында механикалық цех жаңартудан өткен. Цифрлық бағдарламалық басқарудағы станоктар сатып алынып, цех жұмысы автоматтандырылды. Инвестициялық бағдарламаны пайдаланып, металды бытыра ағынмен тазартатын машина алынды. Нәтижесінде, жоғары сапаға ие материалды дайындау үдерісі айтарлықтай жетіле түсті. Ал 2017 жылы өндіріске енгізілген металды плазмалы және газ-оттегімен кесетін жаңа қондырғы көрсеткіштерді еселей түсіп отыр.

Аталған қондырғы түрлі пішіндегі бөл­шек­терді аз уақыт ішінде әзірлеуге, металл құрастырма мен жүк көтеретін техноло­гиялық машиналар өндірісін арттыруға жол ашты. Цехтарда қолмен жүргізіліп келген жұмыстар азайып, металды автоматты плазмамен кесу жолға қойылды. Компания былтыр күзде «Kazakhmys Smelting» және «Қазцинкмаш» компанияларымен импорт алмастыру жөніндегі меморандумға отырды. Оның аясында кәсіпорындар бұған дейін сырттан сатып алып келген кейбір шикізат пен дайын өнім түрлерін алмасады.

 

ПАВЛОДАР