Көрме • 22 Қаңтар, 2025

Қас-қағым сәт мәңгілікпен ұштасқанда...

56 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер му­зейінің Орталық көр­ме залында Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі, Ал­ма­ты об­лысының үздік су­рет­шісі атанған Ма­рат Тотеевтің «Бір сәттің мәңгілік бей­несі» атты жеке шығар­машылық көрмесі ашылды. Экс­по­зицияда сурет­ші­нің пор­трет және та­биғат жанрындағы 150-ге жуық туындысы ұсы­ныл­ды.

Қас-қағым сәт мәңгілікпен ұштасқанда...

Туған елінің әр өлкесін шынайы бейнелейтін суретші өз туындыларында уақыт пен болмыстың әсерлі құбылыстарын ерекше динамикалық ырғақпен жеткізеді. Қылқалам шеберінің палитрасы күрделi болғанмен, көрермен үшін сюжеттік композицияны жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Айталық, «Ақ­жар», «Туған жер – Берік­тас», «Жар­кент. Іле өзені», «Суық­сай», «Текелі тауы», «Ке­лес өзені», «Каменка плато» атты туын­ды­лары қоршаған әлем­нің ерекше сұлулығын қанық және ке­реғар түстерді үндестіре, өзара үйлестіре, табиғаттың қас-қағым сәтін мәңгілікке айналдырады.

«Пейзаж жанрында ол көр­генін жазып қана қоймай, туған өлкенің табиғатын зерттеп, нәзік иірімін анық әрі әсем бейнелей отырып, тамашалаған адамның әсерлі сезімде сол атмосфераны қабылдауын және есте сақтауын көздейді. Сурет­ші-пейзажист күнделікті қозға­лыстағы құбылыстың бір сәтке уақытты тоқтатып, сол сәттегі шексіз кеңістіктің мәңгілік құндылығын сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан да табиғаттың тылсым құбылысын көру, сезіну және әсерлі жеткізу – суретші үшін маңызды сәт» дейді суретші көрмесінің ерекшелігімен таныс­тырған өнертанушы, Музей педагогикасы және экскурсия қызметі бөлімінің жетекшісі Гүлнар Жұбаниязова.

Марат Тотеев портреттік жанрда да өзінің ерекшелігін танытады. Ол реңктер, текстура, жарық арқылы адам келбетінің нақтылығына ғана емес, бейненің ішкі әлемін, сезімін көрсетуге ерекше мән береді. Шығармашылығында портреттік жұмыстары арқылы тарих бетін қайта парақтауға үндейтін туындыларының өзі бір шоғыр. Көрмеде өз заманында озық туған, бірақ тарихта есімі аталмай қалған белгілі тұлғалардың бірі, әскери қызмет атқарған этнограф, тарихшы Ғазы Болатұлы Уәлиханның, Шоқан Уәлихановтың жұбайы Айсара Көшенқызының пор­треті қойылған. Суретші тарихи тұлғалардың бейнесін кенеп үстінде кескіндей отырып, сол уақыт белесінің ақиқатын көрсеткісі келеді.

Суретші Марат Мұхамед­қалиұлының туындылары Қыр­ғызстан, Түркия, Гер­мания, Аме­рика, Үндістан коллек­цио­нерлерінің қорынан орын алады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше