Әдебиет • 22 Қаңтар, 2025

Отандық әдеби портал жаңа аудиокітаптармен толықты

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Adebiportal.kz әдеби порталына авторлардың аудиокітап форматындағы жаңа шығармалары енгізілді, деп жазады Egemen.kz.

Отандық әдеби портал жаңа аудиокітаптармен толықты

Фото: qazaqadebieti.kz

Порталға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» аудиокітабы енгізілген. Кітап қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың өмір жолына арналған.

Автор әкесінің өмірі мен шығармашылығы туралы жеке естеліктерімен бөлісіп, Кемел Тоқаевтың қиындыққа толы балалық шағы, оның майдандағы жастық кезі мен соғыстан кейінгі шығармашылық жолы туралы әңгімелейді. Автор анасы – Тұрар Шабарбаеваға арнайы бөлім арнаған. Анасы жазушының өмірлік адал серігі, отбасының ұйытқысы болғанын айтады. Өзінің ата-анасына және жақындарына деген сүйіспеншілік сезімін терең жеткізеді.

«Президенттің отбасы құндылықтары, борыш пен жауапкершілік, аға ұрпақтың мұрасы туралы ой-толғаулары кітапта айқын көрініс тапқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл туындыда баяндаған шынайы толғаныстары жас ұрпақ тәрбиесі үшін мәні терең, маңызы зор. Кемел Тоқаев ХХ ғасырдағы отандық әдебиетте жарқын із қалдырды. Шығармалары қаламдастары, сыншылар мен оқырман тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан мен Кеңес Одағында бестселлерге айналды», делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.

Президенттің аудиокітабы Kitap.kz, Topiq.kz, Kazneb.kz қосымшаларында да қолжетімді болады.

Жақын уақытта Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында adebiportal.kz порталында майдангер-жазушылардың аудиокітаптары орналастырылады. Бұл қатарда Бауыржан Момышұлы «Артымызда Москва, Тахауи Ахтанов «Қаһарлы күндер», Әбдіжәміл Нұрпейісов «Күткен күн», Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз», Кемел Тоқаев «Солдат соғысқа кетті», Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» туындылары бар.